Винокуров «Вуэльтада» қуанды да, құлады да
-
- Views: 2 292.
Еуропада өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігінің төртінші кезеңдік бәйгесі «Астана» клубын абыржытып, сәтсіз аяқталды. Команданың «жоғары жетістікке қол жеткізеді» деп үміттеніп жүрген серкесі Крис Хорнер жарақаттанып, қатардан шығып қалды.
Венлодан басталып, көмбесі Бельгияның Льеж қаласына тігілген 224 шақырымдық төртінші кезеңдік бәйгеде велоспортшылар ұмар-жұмар құлап, көбісі жарақаттанып қалды. Бұл мәре сызығына үш шақырымдай қалғанда жүзеге асты. Толассыз жауған жауынның кесірінен бе, жоқ әлде баз біреулердің қасақана ұйымдастыруымен болған апат па, белгісіз. Бәрінен де «Астана» клубының велошабандозы Крис Хорнер көп зардап шекті. Оның сол қолы (білегі) сынып, оң жақ саны жарақаттанды. Сондай-ақ үстіңгі ерні жырылып кетті. «Астананың» америкалық велоспортшысы бірден Льеждегі ауруханаға жеткізіліп, сол жерде оған медициналық көмек көрсетілді. Ол енді аталмыш көпкүндік жарысты одан әрі жалғастыра алмайды. Сондықтан кеше таңертең АҚШ-қа ұшып кетті. Жалпы, биылғы маусым Хорнер үшін аса сәтті болмады. Ол 9 сәуір күні «Баск елі турында» бұғанасы мен қабырғасын сындырып алса, 19 мамырда «Джиро д’Италия» көпкүндігінде сол аяғын жарақаттап алған болатын. Енді міне…
«Вуэльта» көпкүндігіндегі тас жолдағы велоапатта зардап шеккен жалғыз Крис Хорнер емес, Александр Винокуров пен Асан Базаев та жарақаттанып қалды. Винокуровтың шынтағындағы жарақаты бес жерден тігілді. Сондай-ақ ол сол жақ санын жарақаттап алды. Бірақ «Вуэльта» көпкүндігін одан әрі жалғастыра алады. Әзірше жалпы есепте көш бастап келе жатқан «Саксобанк» клубының швейцариялық серкесі Фабиан Канчеллара да құлап, жеңіл-желпі жарақаттанды. Крис Хорнер сияқты қатардан шығып қалған велоспортшылар да бар.
Осы велоапатқа байланысты төртінші кезеңдік бәйгеде «Астана» велошабандоздары жоғары нәтиже көрсете алмады. Александр Винокуров көмбеге 116-шы болып жетсе, Максим Иглинский 133-ші, ал Асан Базаев 184-ші орындармен шектелді. Қалғандары осы үшеуінен көп ұзаған жоқ, тек Аймар Зубельдия 53-орынды иеленді.
Жалпы есепте Канчеллара көшбасшылық мәртебесін сақтап қалды. Ал «Астана» велоспортшылары әзірше мына орындарда: Крис Хорнер – 20-шы, Аймар Зубельдия – 34-ші, Ми Шэр – 35-ші, Даниэль Наварро – 41-ші, Асан Базаев – 49-шы, Александр Винокуров – 57-ші, Максим Иглинский – 96-шы, Хосе Луис Рубьера – 103-ші, Хесус Эрнандес – 138-ші. Бірақ олар көшбасшыдан көп қалып қойған жоқ. Енді Хорнерді есепке алудың қажеті жоқ. Ал Зубельдия көшбасшыдан 28 секунд қалыс тұр. Базаев — 32 секунд, Винокуров — 36 секунд, ал Иглинский 53 секунд айырмашылықпен әлі де болса алдағы бәйгелерден үміттерін үзбеуде.
Әзірше біздің велоспортшылардың «Вуэльта» көпкүндігіндегі ең үздік нәтижесі – Испания турының тырнақалды бәйгесінде Винокуровтың 7-орын алуы. Ал Вини болса, өзін велоспортшылар мен жанкүйерлердің жылы қабылдағандарына дән риза:
– Сөреден жарыс жолына шығарда жанкүйерлер қаумалап, кейбіреуі менімен бірге суретке түсуге жүгірсе, енді біреулері қолтаңба сұрап жаныма келеді. Құдды, Лэнс Армстронгтің үлкен спортқа қайта оралғанындай. Велоспорт әлемі мені ұмытпаған әрі қуана қауышуда. Маған керегі де осы ғой. Әрі мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Велошабандоздар да жылы қабылдады. ТМД елдерінің жігіттері күлімдеп қарсы алса, Бассо, Вальверде, ағайынды Шлектер, Канчеллара, Огреди сияқты майталмандар бұрынғыдай емен-жарқын сөйлесуде. Кейбіреулер «қош келіпсің» десе, Боонен сияқтылар «сәлем» деп қана шектелуде, – деп өз ортасына қайта қосылғанына қуанышты.
Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply