Винокуров сардарлары сенімді ақтамады
-
- Views: 2 848.
«Джиро д’Италия» көпкүндігінде командалық сындағы жеке жарысы өтіп (33 шақырымдық), «Астана» велоклубы көшбасшылық мәртебесінен айырылып қалды.
Аталмыш көпкүндіктің төртінші кезеңдік бәйгесінде әр команда жарыс жолына жеке-жеке шығып, уақыт бойынша жарысты. Еліміздің көк байрағы түстес жейде киген «Астана» велоклубы жарыс жолына ең соңынан шықты. Бұл өте қолайлы болып есептеледі. Себебі сөреден барлық клуб «Астанадан» бұрын шыққан. Олардың уақыттары да, қай бөлікті қалай жүйткіп өткендері де белгілі. Бәрі – алақанда. Бұл қай жерде қамшыны басу керек екендігіне, сондай-ақ қай тұста тізгін тарту керек екендігін бағамдауға мүмкіндік береді.
Бір қызығы, жарыс жолының бастапқы бөлігі өтетін тас жолда жаңбыр жауып тұрды. Жер су. Байқамаса болмайды. Сондықтан тіс қаққан әккі Вини бұл бөлікте ақырын жүрді. Шектен тыс сақтық танытты. Өзі үшін емес, өзіне көмек болар жігіттері үшін сақтанды. Әлбетте, командалық жеке жарыста барлық велошабандоздар бірінің ізін бірі басып, ұзын тізбек құрып жүйткиді. Содан соң әрқайсысы сап басында біраз жүйткіп, алма-кезек ауысып отырады. Осылай ауаны жарып өтіп, қайсыбіреуінің шаршап қалуына жол бермеуге тырысады. Бұл – команданың қарқынын, жылдамдығын бәсеңсітпеудің амалы. Ал Италияда сап басында көбіне Винидің өзі жүйткіп отырды. Басқаларына қарағанда екі-үш есе ұзағырақ «шауып», командасын алға сүйреумен болды. Басты сенім артқан «сардарларының» бірі Андрей Гривко (Украина) жеке жарыстың бастапқы бөлігінде-ақ өкпесі өшіп, командаластарына әзер ілесіп отырды. «Сенген Гривкомыздың түрі мынау болса, қалғандарына не дауа?» деп шоши бастадық. Бекер секем алмаппыз, «Астана» жеке жарыстың 7,9 шақырымнан кейін қойылған уақыт өлшеміне алты-ақ жігітімен жетті. Үшеуі тілдері салақтап, жолда қалды.
Бұдан кейін Вини бірте-бірте бауырын жазып, қамшыны басты. Өйтпесе болмайды. Бірнеше командадан қалып барады. Олар бұл бөлікті «Астанадан» әлдеқайда жылдам жүйткіп өткен.
Көмбеге тақағанда Вини қарқынын мүлде үдетті. Сол-ақ екен сапта қалған бес велошабандоздың аралары алшақтап, арттағылар Виниге ілесе алмай шашырап кетті. Винокуров амалсыз тізгінін тежеуге мәжбүр болды. Себебі командалық жеке жарыста бесінші спортшының уақыты есепке алынады. Сабырлылық танытуға тырысқан Вини артына бұрылып, серіктеріне сөйлеп те жатыр. Ал олар әзер ілбіп келеді. Екеуін алдына жіберді. Уақыт болса, зырлап өтіп жатыр. Шыдамы таусылған Вини жамбасын сабалап, айқайға басты. Бесінші болып ілбіп келе жатқан Словения саңлағы Горазд Стангели аузын арандай ашып, «көріп тұрсың ғой, барымды салып келемін» дегендей жаутаңдайды. Түрі аянышты-ақ. Қойшы, Винокуровтың жүйкесін жеген осы бір көрініс те аяқталып, «Астананың» бесінші велошабандозы да мәре сызығын қиды-ау. «Астана» бірінші орынға ие болған командадан 38 секунд ұтылып, алтыншы орынға табан тіреді. Ал Вини жалпы есептегі көшбасшылық мәртебесі мен қызғылт-күлгін жейдеден айырылды.
Көмбеге жеткен бесеу – Паоло Тиралонго (Италия), Андрей Гривко (Украина), Александр Винокуров (Қазақстан), Хосеп Хуфре (Испания) және Горазд Стангели (Словения). Ал жете алмай, жолда қалғандары – Роман Киреев, Валентин Иглинский, Александр Дьяченко (бәрі де – Қазақстан), Энрико Госпаротто (Италия).
Командалық сындағы жеке жарысты Италияның қос дүлдүлі Иван Бассо мен Винченцо Нибали бастаған «Liquigas-Doimo» клубы жеңіп алды. Соңғысы тіпті осы жеңістерінің арқасында жалпы есепте көш бастап, үстіне қызғылт-күлгін жейдені киді. Александр Винокуров жалпы есепте 6-орынға сырғыды. Нибалиден 33 секунд қалыс тұр. Ең бастысы, таулы-қыратты жерлердегі бәйгелердің майталмандарының алдын орап кетпегендігіне шүкіршілік етуде.
«Джиро д’Италия» 4-кезеңдік бәйге Савиглиано – Кунео. 33 шақырым
1. «Liquigas-Doimo» – 0:36:37
2. «Sky Professional» – 0:00:13 (жеңімпаздан 13 секунд қалып қойды)
3. «HTC-Columbia» – 0:00:21
4. «Катюша» – 0:00:27
5. «Cervйlo TestTeam» – 0:00:38
6. «Астана» – 0:00:38Жалпы есеп
1. Винченцо Нибали (Италия, «Liquigas-Doimo») – 10:44:00
2. Иван Бассо (Италия, «Liquigas-Doimo») – 0,13
3. Валерио Агноли (Италия, «Liquigas-Doimo») – 0,20
4. Андре Грейпель (Германия, «HTC-Columbia») – 0,265. Мэтью Госс (Австралия, «HTC-Columbia») – 0,26
6. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана») – 0,33
10. Паоло Тиралонго (Италия, «Астана») – 0,59
15. Андрей Гривко (Украина, «Астана») – 1,15
26. Хосеп Хуфре (Испания, «Астана») – 1,55
36. Горазд Стангели (Словения, «Астана») – 2,33
78. Роман Киреев (Қазақстан, «Астана») – 9,37
148. Энрико Гаспаротто (Италия, «Астана») – 12,29
154. Александр Дьяченко (Қазақстан, «Астана») – 13,28
163. Валентин Иглинский (Қазақстан, «Астана») – 14,19Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments 2 комментария
-
Leave a Reply
Алар асулар әлі алда, Виноға сәттілік тілеймін!
Тауларда жақсы нәтижелерге жететін болар, Эванс басты қарсылас.
бүгін міне қайта алдық бірақ әлі алда таулы аймақтар басталады