Винокуров – Азия чемпионы

    • Filled in News in Kazakh 18 Август 2009 в 12:18, author: Sake
    • Views: 3 195.

    Велоспорттан Индонезияда өтіп жатқан ХХІХ Азия чемпионатында Қазақстан дүлдүлдері өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, еліміздің мерейін өсіруде. Күнде қуанышты хабар жетіп, медальдар санынан да жаңылыса бастадық.

    0788

    Бірінші кезекте ерлер арасындағы 154,8 шақырымдық аламан бәйгеге тоқталғымыз келеді. Өйткені бұл жарыста жеңіс тұғырын Қазақстан велошабандоздары жаулап алды. Негізі, бұл бәйгеге төрт-ақ спортшымыз қатысқан-ды. Десек те, үкілеп қосқан саңлақтарымыздың үшеуі жүлделі орындарға ие болды. Дмитрий Фофонов алтынмен апталса, Александр Винокуров күміспен күптелді. Ал болашағынан зор үміт күттіріп жүрген Валентин Иглинскийдің өңірінде қола медаль жарқырады. Фофонов бұл қашықтықты 3 сағат 44,38 секунд ішінде жүйткіп өтті. Вини мәре сызығын одан 2,08 секундтан кейін қиса, кіші Иглинский көмбеге жеңімпаздан 4,38 секундтан кейін жетті. Өкінішке қарай, Андрей Мизуров жарыс жолынан шығып қалды.

    Ал кеше 41,8 шақырымдық жеке жарыста, яғни спортшыларды сөреден бір-бірлеп жіберетін сында Александр Винокуров Азия чемпионы атанды. Бұл қашықтықты ауызымен құс тістеген Виниден жылдам жүйткіп өткен ешкім болған жоқ. Екінші орынды Андрей Мизуров жеңіп алды. Аламан бәйгеде тізгінін тартып, жарыстан шығып қалуы тегін емес екен. Ішкі есебі болған сияқты.

    Ал Винокуровтың «отаныма жеңіс сыйлағым келеді» деген арманы орындала бастады. Келе сала елімізге екі жеңіс сыйлап, абыройымызды асқақтатуда. ҚР велоспорт федерациясының басшылары: «Винокуров қайта оралып еді, жеңіс те келе бастады», – деп бөріктерін аспанға атып жүр. Кеше ҚР велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев: «Александр – нағыз кәсіпқой спортшы ғой, ал біз кәсіпқой велосаңлақтарымыздың қызметін баяғыдан пайдаланып, кәдеге жаратуымыз керек еді», – деп ағынан жарылды. Шынымен-ақ, екі жылғы үзілістен соң Азия чемпионатынан екі медаль (алтын және күміс) жеңіп алу – ерен жетістік, әрине.

    Бойжеткендер арасындағы жеке жарыста да асығымыз алшысынан түсті. 15,7 шақырымдық жеке жарыста Татьяна Ульбрихт бірінші орынды иеленіп, абыройымызды асқақтатты.

    Әйелдер арасында 103,2 шақырымдық аламан бәйгеде Наталья Стефанская үшінші орынға ие болды, яғни еншілегені – қола медаль. Ал 20,7 шақырымдық жеке жарыста Марина Андрейченко қола жүлдеге қол жеткізіп, оның жетістігін қайталады. Жастарымыз да жерге қаратқан жоқ. Бозбалалар арасындағы 20,8 шақырымдық жеке жарыста Даниил Фоминых екінші орынды иеленіп, күміс медаль жеңіп алды.

    Тректе өтіп жатқан дүбірлі жарыстардан да жүлдесіз қалған жоқпыз. Илья Чернышев күміс медаль олжаласа, мэдисонда Илья Чернышев пен Сергей Кузин қола жүлде еншіледі. Сондай-ақ командалық сында Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленіп, ел қоржынына қола жүлде салды. Бұл сында ел намысын Алексей Колесов, Сергей Кузин, Николай Иванов және Антон Диганов қорғады.

    Нұрғазы Cасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание