Винокуров «Астана» сапында «Вуэльтаға» қатысады
-
- Views: 2 789.
Қазақтың әйгілі велошабандозы Александр Винокуров «Астана» клубымен келісімшартқа отырып, «Вуэльта» деп аталатын Испания турына қатысатын болды.
Кеше «Астана» кәсіпқой велоклубының баспасөз қызметінен бұл жөнінде ресми хат алдық. Онда: «Винокуров «Астана» клубымен 2010 жылдың аяғына дейін келісімшартқа отырды. Бұл жөнінде дүйсенбі күні клубтың бас менеджері Йохан Брунель мен Қазақстан Үкіметінің өкілі ретінде әрекет етуші Ринус Вагманс өзара келісіп, уағдаласты. Винокуровтың «Астана» клубының сапындағы алғашқы бәйгесі алдымыздағы сенбі күні басталатын Испания туры болады» – делінген.
Ал «Астана» велоклубының баспасөз қызметкері Филипп Мартенс шетелдік басылымдарға берген сұхбатында (мәлімдемесінде):– Бұл өте ауыр да, қиын келіссөз болды. Ортақ тіл табу оңай болған жоқ. Себебі Йохан Брунель мен Александр Винокуровтың арасы тым суып, жағдай қиындап кеткен болатын. Әрине, бұған Винокуровтың «Тур де Франс» көпкүндігі алдындағы сөздері отқа май құя түскендей әсер еткен-ді. Өздеріңіз білесіздер, Винокуров шілде айының басында Монакода баспасөз мәжілісін өткізіп, «Мен Йохан Брунельдің «Астананың» сапына қайта оралуыма неліктен қарсы болатындығын түсінбеймін. Ол бұл команданың кім үшін құрылғанын білмей ме? Менің өз елімнің командасының сапына қайта оралуыма келіспесе, өзі кетсін» деген тұрғыда мәлімдеме жасаған болатын. Бұл Брунельге мүлде ұнаған жоқ, әрине. Міне, осы кикілжің біраз уақытты алды. Десек те, ортақ тілге келдік. Себебі демеушілеріміз Александр Винокуровтың «Астана» сапына алынуын, тек осы клубтың намысын қорғауын қалайды. Өйткені бұл команданы құрған – сол.
«Вуэльта» көпкүндігінде Винокуров жалпы есепте жеңіске жетуге тырысады. Ол 2006 жылы дәл осы көпкүндіктің жеңімпазы атанған. Мұны барлықтарыңыз да жақсы білесіздер. Сондай-ақ команда сапында Крис Хорнер мен Аймар Зубельдия бар. Бұл екеуі де – тәжірибелі спортшылар. Винокуров осы екеуімен тізе қоса әрекет ететін болады, – деді.
Филипп Мартенстің сөздеріне қосарымыз, «Вуэльта» көпкүндігінде «Астана» клубының намысын мына велошабандоздар қорғайды:
Александр Винокуров, Асан Базаев, Максим Иглинский (бәрі де – Қазақстан), Аймар Зубельдия, Хосе Луис Рубьера, Хесус Эрнандес, Даниэль Наварро (бәрі де – Испания), Крис Хорнер (АҚШ), Михаэль Шэр (Швейцария).
Велоспорт әлемінде мәртебесі бәрінен жоғары үш көпкүндіктің бірі болып саналатын «Вуэльта» аламан бәйгесі алдымыздағы сенбі күні басталады. Аталмыш көпкүндіктің тырнақалды бәйгесі Ассенде (Нидерланды) өтеді. Испания көпкүндігі 29 тамыз күні басталып, 20 қыркүйек күні Мадридте өз көмбесіне жетеді. Бұл көпкүндікте қазақтың «Астанасына» Сеан Ятес пен Александр Шефер жетекшілік ететін болады. Яғни «Астана» бұл көпкүндікке өзінің әйгілі менеджері Йохан Брунельсіз қатыспақ.
Біз кеше Александр Винокуровпен хабарласуға тырысып едік, сәті түспеді. Сондықтан ҚР велоспорт федерациясының басшыларымен тілдескенбіз. Олар «екі жылғы үзілістен кейін жеңіске жету мүмкін де емес қой, сондықтан әліптің артын бағайық» деп, басты жетістік веложұлдызымыздың өз клубымыздың сапына қосылуы екендігін меңзеді.
Александр ВИНОКУРОВ
Туған күні, жылы: 16 қыркүйек 1973 жыл.
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылы.
Сынға түсетін бәйгелері: Тас жолдағы жарыстар (аламан бәйге, сөреден жеке-жеке жіберілетін жарыстар).
Бойы: 175 см.
Халықаралық аренадағы жеңістерінің саны: 47 (негізі – 49, бірақ 2007 жылғы «Тур де Франс» көпкүндігіндегі екі жеңісі жоққа шығарылды).
Спорттық жетістіктері:
2000 жылғы Сиднейдегі (Австралия) Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 1994 жылғы ХІІ Азия ойындарының командалық сындағы чемпионы. 2003 жылғы «Тур де Франс» көпкүндігінің қола жүлдегері. 2006 жылғы «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы. 2009 жылғы Азия чемпионы.
Сондай-ақ «Дюнкеркадағы төрт күн» көпкүндігінің (1998 жыл), «Критериум Дофине Либере» көпкүндігінің (1999 жыл), «Германия туры» көпкүндігінің (2001 жыл), «Париж – Ницца» көпкүндігінің (2002, 2003 және 2004 жылдар), «Швейцария туры» көпкүндігінің (2003 жыл), «Амстел голд Рейс» классикалық жарысының (2003 жыл), «Льеж – Бастон – Льеж» классикалық жарысының (2005 жылдар) жеңімпазы.
Ең алғаш рет кәсіпқой клубпен келісімшартқа отырған жылы: 1997 жыл.
Өнер көрсеткен клубтары: «Казино», Франция (1998 және 1999 жылдар); «Телеком-АРД», Германия (2000 және 2001 жылдар); «Телеком», Германия (2002 және 2003 жылдар); «Т-Мобайл», Германия (2004 және 2005 жылдар); «Либерти Сегурос-Вюрт», Испания (2006 жыл); «Астана-Вюрт», Қазақстан (2006 жыл); «Астана», Қазақстан (2007 жыл); Қазақстан құрамасы және «Астана» (2009 жыл).
«Тур де Франс» суперкөпкүндігіне бес рет қатысқан.Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply