Винокуровтан айырылып қала жаздадық
-
- Views: 3 654.
Сенгіміз келмейді, бірақ сенбеске айлаң жоқ. «Тур де Франс» велокөпкүндігінің тоғызыншы кезеңінде тас жолдың жиегіне ұшып кеткен «Астана» велоклубының көшбасшысы Александр Винокуров осылайша үлкен спортпен қош айтысты.
Мұндай жолмен Парижге ешкім жетпей-ақ қойсын. Ақшаның қамын ойлаған ұйымдастырушылар биылғы «Тур де Франсты» тым күрделендіріп жіберді. Басқа кезеңдерді айтпай-ақ қояйық, бір ғана тоғызыншы турдың өзінде спортшылардың алдынан тар әрі ұзақ құлдилаудан құралған сегіз тау шыңы кездесті. Ал 208 шақырымнан құралған тас жолдың 99 шақырымында «спортты шоуға айналдырсаң, қанға бөктіресің» деген сөздің растығына көз жеткіздік.
Бәрі де былай орын алды. Кезекті тау шыңынан төмен құлдилап келе жатқан пелетон алдынан шығуы мүмкін қауіпті ескеріп, жылдамдығын бәсеңдеткен. Оның үстіне жол да аздап тайғақ болыпты. Мұндай кезде бүкіл пелетон болып жұмыла қимылдамасаң, болмайды. Бірақ кейбір шабандоздар велоспорттың жазылмаған бұл заңына бағынған жоқ. Мәселен, Тур Хушовд аяғын педальден мүлдем алып тастаса, «Лотто» командасының бір шабандозы шетке ығыса бастады. Ақыры, не керек, сол «лоттолықтардың» бірінің дөңгелегі тайып кетіп, өзімен бірге қос «астаналық» Александр Винокуров пен Дмитрий Фофоновты да ала кетеді.
– Жолдың арғы бетіне ұшып кеттік. Бірақ Винокуров тіптен жаман құлады, – деп артынан сұхбат берді Фофонов «Астананың» баспасөз қызметкерлеріне. – Менің алдымда кетіп бара жатқан ғой. Құлаған кезде талға соқтығысқан. Орнымнан дереу түрегеліп, Виноға да «Саша, тұр, жылдам «атқа қонайық» деп едім, «тұра тұршы, мен бір жерімді сындырып алдым-ау деймін» деді Саша. Тұрғызып жіберейін деп едім, орнынан көтеріле алмады. Жолдың жиегіне жедел жәрдем көлігі де келіп қалыпты. Дереу шақырдым. Андрей Гривко мен Реми де Григорио да төмен түсіп, Сашаның тұруына көмектесті. Қарасам, бүкіл «астаналық» жиналып қалыпты.
Иә, қайта Винокуровты Алла сақтап қалды. Әйтпесе арты қайғылы оқиғаға айналуы да мүмкін еді. Сан сүйегін сындырып алған Винокуровты екі жағынан екі командаласы сүйемелдеп көтеріп, әзер дегенде жедел жәрдем көлігіне жеткізді. Ал Винокуровтың жолдың жиегіне ұшып кеткендегі пелетонның әрекеті – мүлдем бөлек әңгіме. Бәрі де жылдамдықтарын бәсеңдетіп, тіпті кейбірі тоқтап көріп, Виноның саулығына көз жеткізген соң ғана қайта жүре бастады. Дегенмен, риза болғанымыз, Сашаның жанында қалып қойған «астаналықтар» қуып жеткенше, пелетон алға қарай ілбіп қана отырды. Алайда бәрі емес. Алға озып кеткен бес спортшы рация арқылы артта болған жағдайды естігендерімен, аялдай тұруды ойлаған жоқ. Олардың арасында турнир қожайындары – француздық шабандоз Томас Воклер де бар. Бір қызығы, мәреге аз қалғанда испандық Хуан Антонио Флеча мен тағы бір велошабандоз алға суырылып шыққан. Сол-ақ екен, француздық телеканалды тасып жүрген көлік қиқаң етіп бұрылып, Флеча мен әлгі шабандозды омақасынан түсіре қағып кетті. Артына бір қараған Воклер сонда да «фэйр-плей» танытпады. Дегенмен оны да қуып жеткен саңлақ болды. Саша құлағанда пелетонды күтпей, шаба берген әлгі бесеудің арасында болған «Рабобанк» спортшысы Луис Леон Санчес мәре сызығын бірінші болып қиды. Ал пелетонның басы тек төрт минуттан кейін ғана көмбеге жетті.
Енді «Астана» көшбасшылық рөлді кімге артар екен? Бәлкім, Роман Кройцигерді алға сүйрер, бәлкім, Паоло Тиралонго өзін көшбасшы ретінде сезініп көрер. Мүмкін, енді тек командалық есепке ғана таласар. Оның барлығын алдағы кезеңдерден кейін байқаймыз. Бір анығы, енді «Астана» жарысты Александрсыз жалғастырады. Өкінішті-ақ...
Александр Винокуров, «Астана» велоклубының көшбасшысы:
– Қарғыс атқан кезең болды. Бірақ жағдай бұдан да жаман болуы ғажап емес еді. Енді жігіттер мен үшін тым болмағанда бір кезеңді жеңетініне сенемін.
Роман Кройцигер, «Астана» велоклубының шабандозы:
– Ота жасалғаннан кейін Вино өзін тәуір сезіне бастады. Ал команда енді жеке кезеңдерге таласатын болады.
P.S.
«Австрия көпкүндігі» мәресіне жетіп, «астаналық» саңлақ Фредерик Кесьякофф жеңіске жетті. Ол басты қарсыласы Леопольд Конигтен 2 минут 28 секундқа озып кетсе, атақты испандық Карлос Састрені 3 минут 5 секундқа артта қалдырды.Автор: Әзиз Жұмаділ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply