Винокуров велосипедпен қош айтысты

    • Filled in News in Kazakh 19 Июль 2011 в 1:00, author: Sake
    • Views: 3 484.

     Өткен сенбіде Париж госпита­лі­нен Монте Карлодағы үйіне жеткізілген Александр Винокуров Франция теледидарына спорттық карьерасын тамамдайтындығын мәлімдеді.

    Бұл хабар интернет желісіне тез жайылып, электронды басылымдарда жарық көре бастады. Басында сенбеушілер көп болды. Тіпті «Тур де Франс» көпкүн­дігінің он бесінші кезеңдік жарысында «Еуроспорт» телеарнасының тілшісі «Астана» клубының спорттық директоры Дмитрий Седунға телефон шалды. Тікелей эфирде осы хабардың анық-қанығын сұрады. Дмитрий Седун әйгілі велошабандоздың осындай шешімге келгендігін растады.

    – Бәрі де осыған келіп тірелді деп ойлаймын. Алек­­сандр осы көпкүндік басталмай жатып, «бұл менің – соңғы бәйгем» деген болатын. Жыл сайын қайраты қайта бастағандай болды. Ал ол – көш соңында сал­пақтап жүруді қаламайтын шабандоз. Сондықтан спорт­тық карьераны тамамдау – дұрыс шешім, – деді «Ас­тана» клубының спорттық директоры байланыс бірнеше рет үзіліп кетсе де, тікелей эфир арқылы.

    Ал кеше «Астана» велоклубының сайты Винокуров­тың бұл шешімін ресми түрде мәлімдеді. Ол тіпті: «Тағ­дырдың салғанына көнбеске болмайтындай. Мен Қазақстан және әлем велоспорты үшін біршама еңбек етіп, тер төктім деп ойлаймын. Енді өз өмірімде жаңа карьераны бастаймын», – депті.

    Әрі «Астана» клубы өзіне жаңа қызмет ұсынатын­дығына үміті зор және сенімді екендігін сездіруде. Сонымен қатар енді велосипед ершігіне тек өз денсаулығы үшін, яғни салауатты өмір салтын ұстану үшін ғана отыратындығын тілге тиек етіпті.

    Өздеріңіз білесіздер, Александр Вино­куров «Тур де Франс» көп­күндігінің 9 кезеңдік жарысында құлап, аяғын (санын) жарақаттап алған болатын.

    Кеше «Астана» велоклубының ресми сайты «Тур де Франс» көпкүндігіне қа­ты­сып жатқан қазақстандық команда са­пындағы қалған сегіз велошабан­доздың пікірін жариялапты. Биылғы «Тур де Франс» бәйгесінде Винокуровтың жеңіске жетуіне өз үлестерін қоспақ болып, оған сенімді серік атанған сегіз вело­шабандоз Винокуровтың спорттық ка­рьерасының осылай қайғылы аяқтал­ғандығына өкініш білдіріпті. Әрі оның тәжірибесі мол екендігін баса айтып, одан жақсы басшы және ұстаз шыға­тындығын мәлімдеген. Оны адами тұрғыда да мақтап, парасатты тұлға екендігін тілге тиек еткен. Қазақстан жастарын тәрбиелеу үшін керектігі де айтылған. Маған сол сегіз спортшының ішінде Италия саңлағы Паоло Тиралонгоның айтқандары ұнады.

    «Ол – Қазақстанның символы, ол – команда мен ұлттың баннерін алып жүрер адам. Ол велосипед ершігінде өсті. Сондықтан ол осы қоғамдағы барлық жайды жақсы біледі. Ұжымды қалай тату ұстау керек екендігін де біледі. Тактикалық тұрғыда да көзі қырағы. Ол айналасын­дағы адамдарға да сыйлы. Онымен ашық сөйлесе аласың. Спорттық карьерасын­дағы осындай көп жылғы еңбегінен кейін оның басшылықта жұмыс істеуге құқы бар деп ойлаймын», – депті Винидің грегариі болған Италия велоспортшысы.

    Енді әліптің артын тосамыз. Алдағы уақытта Александр Винокуров Қазақстан спортын дамытуға адал еңбек етіп, абыройымызды тасытып жатса, оған қуанамыз. Солай болғай деп тілейміз.

    P.S.

    Ал «Тур де Франс» көпкүндігінде кімнің маңдайы жарқырап, топ жарары әлі белгісіз. Альберто Контадор жылдағыдай шиыршық атып тұрған жоқ. Аяғына жем түскен тұлпардай кежегесі кейін тартып барады. Әлде бар күш-жігерін соңғы бәйгелердің біріне сақтап жүр ме екен? Ағайынды Шлектер оқтын-оқтын шабуылдап, алға ентелеп жүргендерімен, өкшелерін басқан бәсекелестерінен сытылып кете алар емес. Іздеріне түскен бәсекелестерінен құйрық үзіп кете алмай, пұшайман болып жүр. Иван Бассо, негізінен, көшбасшылардан кейін қалып қоймауды ойлайтындай. Кадель Эванс та – соның кейпінде. Есесіне француз Томас Вокле айылын жияр емес. Тістеніп, сары жейдені ешкімге бермей жүр. Арты не болар екен, ә?..

    Автор: Нұрғазы САСАЕВ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание