Вино жайлы кино
-
- Views: 2 891.
Кеше Алматының «Цезарь» кинотеатрында «Астана» велоклубы және Александр Винокуров жайлы түсірілген деректі фильмнің Қазақстандағы тұсаукесері өтті. Екі бөлімнен тұратын бұл фильмнің Еуропадағы тұсаукесері Голландия астанасы Амстердамда 20 қазан күні өткен болатын.
Деректі фильм идеясының авторы, Спортшылардың құқын қорғау халықаралық қорының президенті Питер Берманның айтуынша, Амстердамда кинотеатрға көрермендер дәл бүгінгідей көп келіп, тіпті сыймай кетіпті. Ал соңына таман халық кинотеатрдан кеткілері келмей, біраз уақыт шапалақтап отырыпты. Айта кетейік, кеше де «Цезарь» кинотеатрында дәл сондай жағдай қайталанды. Винокуровты, ол туралы фильмді көргісі келген көрермендер таңертеңнен ағылып келіп жатты. Тіпті, кинотеатр директорының өзі мұнша адамды қайда сыйдырарын білмей, тыпыршып қалды.
Деректі фильмнің қысқаша мазмұнына тоқталып кетсек. «Астана» командасы» деп аталатын фильмнің алғашқы бөлімі «Астананың» оралуы» деп аталады. 20 минуттан тұратын алғашқы бөлімде велоспорттың дамуынан бастап, қазіргі кезіне дейін көрсетіледі де, одан кейін «Астананың» 2006 жылғы «Тур де Франстағы» допингті дауымен жалғасып, соңы команданың 2009 жылғы керемет жеңісімен аяқталады. Ал «Көшбасшының соңына түсу» деп аталатын фильмнің 40 минуттық екінші бөлімінде Сашаның спортқа алғаш келуінен бастап, қазіргі кезіне дейін көрсетіледі. Режиссер, әсіресе, «Астананың» 2006 жылғы допингтік дауына ерекше тоқталып, Винокуровтың жазықсыз екі жылға спорттан аластатылғанын, қиындықтың барлығын артқа тастап, велосипед ершігіне қайта отырғанын көрсетуге тырысқан. Аталмыш фильм жайлы идея авторы Питер Берман:
– Фильмде біз Винокуровтың допинг қабылдамағанын толық дәлелдеп шықтық. Өздеріңіз білесіздер, Саня ешқашан допинг қабылдаған емес. Ол ондайлардың санатына жатпайды. Бірақ халықаралық велосипедшілер одағына (UCI) мұны дәлелдеу мүмкін емес. Өйткені велоспорт тарихында ешкім әлі UCI-ді жеңе алған жоқ. Саня өзінің допинг қабылдамағанын сол кезде-ақ дәлелдеген еді. Алайда UCI бет қаратпады. Егер сол кезде Винокуровтың ақ екені ресми түрде дәлелденгенде, онда халықаралық велосипедшілер одағының беделі түсіп қалар еді. Олар сондай масқарадан қорықты. Өткен жолы Амстердамда осы деректі фильмнің тұсаукесеріне UCI-дің адамдары да қатысты. Киноны тістеніп отырып тамашалаған олардың жүздері соңына таман сазарып, тіпті бозарып кетті, – деді.
Дегенмен деректі фильмнің тұсауы кесілгенімен оның прокатқа қашан шығары әлі белгісіз. Питер Берман мырзаның айтуынша, бүгінде «Меломан» сауда дүкендерімен келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді. Алайда деректі фильмнің дискілерін жарыққа шығаруға ат салысатын демеушілер әлі табылмай жатыр. Фильмнің көрсетілуінен соң осы мәселені де тілге тиек еткен Берман «Еуразия» банкіне де «сәлем» жолдауды ұмытпады.
– Демеуші іздеп біраз сабылдық. «Спортқа қолдау көрсетіп жүрміз. Қазақстан спортын дамытып жүрміз», – деп өздерін жарнамалаудан жалықпайтын «Еуразия» банкінен де қайыр болған жоқ. Өткенде «қаржы мәселесімен шешіп береді-ау» деген ниетпен алдарына барғанбыз. Деректі фильмімізді тамашалап болған басшылары, «Мынау суперфильм екен. Өте құнды. Бірақ, кешіріңіздер, ақша бөле алмаймыз», – деп жылы шығарып салды. Демек, қалың көрерменге бұл фильмнің қашан жетерін дөп басып айта алмаймыз – деді фильм идеясының авторы.
Деректі фильм басты кейіпкер Александр Винокуровтың да көңілінен шыққан сияқты. Көрсетілімнен кейін журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген Саня былай деді:
– Осындай деректі фильмді жарыққа шығарған режиссерлар Қайрат Қуанышбаев пен Мұрат Нұғмановқа алғыс айтуым керек. Өте керемет түсірілген. Әлбетте, өзімнің досым, осы идеяның авторы Питер Берманның да қосқан үлесі орасан.
Александр Винокуров, қазақстандық белгілі велошабандоз:
– Егер осы фильмнің режиссері болсам, жеңіске жеткен кездерімді көбірек берер едім. Дегенмен кино өте жақсы шыққан. Көрермендерге ұнайды деген сенімдемін. Осы деректі фильмді көрген көзі қарақты көрермендер менің допинг қолданбағанымды түсінеді деген сенімдемін.Николай Проскурин, ҚР велоспорт федерациясының ице-президенті:
– Деректі фильмнің «Астана» велокомандасын жан-жақты көрсеткені ұнады. Фильмнің алғашқы бөлімі – велоспортта жеңіс пен жеңілістің, зулау мен құлаудың қатар болатыны көрсетілсе, екінші бөлімінде Винокуров пен Кашечкиннің допингті қолданбағанын дәлелдеген.Питер Берман, Спортшылардың құқын қорғау халықаралық қорының президенті:
– Талай велошабандоз UCI-мен соттасып, ешқайсысы да жеңе алған жоқ. Яғни бүгінде UCI-ді жеңу мүмкін емес. Олар бәрібір өздерінікін дұрыс қылып шығарады. Сондықтан, ең болмаса, халықтың көзін ашу мақсатым осындай деректі фильмді түсірген едік. Александр Винокуровтың бастан кешкенін көрсете отырып, «допинг қолданды» деп жала жабылған талай велошабандоздардың халін көрсетуге тырыстық.Азиз Жұмаділ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply