Винисіз «шайтан арбамыз» шабан
-
- Views: 3 523.
Нұрғазы Сасаев, Алаш айнасы
Сәрсенбінің сәтінде «Жасыл құрлықта» (Австралияда) тас жолдағы веложарыстан әлем чемпионаты басталды. Бірінші күні жастар мен әйелдер арасындағы жеке жарыс өтсе, кеше ересектер бәйгеге түсіп, көпшіліктің делебесін қоздырды.
Әуелі 23 жасқа дейінгі жігіттер арасындағы жеке жарыс өтті. Яғни велошабандоздар сөреден жарыс жолына жеке-жеке жіберіліп, олардың уақыттары (көрсеткіштері) есепке алынып отырды. Ұзақтығы 31,8 шақырым болып, бәйгеге 26 елден 41 велошабандоз қатысты. Уақытпен жарысқан бұл жекелей сында АҚШ велоспортшысы Тейлор Финней үздік шықты. Оның көрсеткіші – 42 минут 50,29 секунд. Люк Дарбридж (Австралия) күміспен күптелсе, Марсель Киттель (Германия) қола медаль еншіледі. Біздің елдің атынан сынға түскен Даниил Фоминых 24-орынға ие болды. Ол чемпионнан үш минуттай (2 минут 53,87 секунд) қалып қойды.
Әйелдер арасындағы жеке жарыс 22,8 шақырымдық айналма жолда өтті. Ұлыбританиялық Эмма Пули бұл қашықтықты 32 минут 48.44 секунд ішінде жүйткіп өтіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері «Жасыл құрлықта» әлем чемпионы атанып, жерлестерін Лондон алтынына дәмелендіріп қойды. Юдит Арндт (Германия) екінші орын алса, Линда Мелани Виллюмсен (Жаңа Зеландия) үшінші орынды иеленді. Қазақстандық Елена Антонова 32-орынмен шектелді. Ол Эммадан 5 минут 40,63 секунд қалыс қалды. Осы орайда әйелдер арасындағы жеке жарысқа 24 мемлекеттен 38 спортшы қатысқандығын айта кеткен артық болмас.
Ал кеше ерлер арасында жеке жарыс өтті. Велоспорт мамандары мен жанкүйерлері бұл бәйгені тағатсыз күтті. Бәрін де «жеке жарыстан кейінгі бес жылда ешкімге дес бермей жүрген Фабиан Канчеллара төртінші рет әлем чемпионы бола ма, жоқ па» деген сауал алаңдатты. Әрине, Швейцария дүлдүлі Канчеллараның жеке жарыс тарланы екеніне ешкім де шүбә келтірмейді. Бірақ қыркүйектің 20-сында аяқталған «Вуэльта» көпкүндігінің осындай жеке жарысында әйгілі Швейцария шабандозы тек үшінші орынға ие болған-ды. Осыған қапаланғандығы соншалық, тіпті «Вуэльта» көпкүндігінде одан әрі бәйгеге түсуден бас тартып, әлем чемпионатына дайындалу үшін кетіп қалған. Телефонын айырып тастап, ешкімге жауап та бермей қойған. Әрине, командаластарының көбі мұны хош көрген жоқ. Сонда «Канчеллараның дәуірі өтті» дегендер де болған. Бірақ Канчеллара бет жыртысып, сол кеткенінде бос кетпепті. Жақсылап дайындалыпты. Австралияда 45,8 шақырымды 58,09 минут ішінде жүйткіп өтіп, төртінші рет әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2006, 2007 және 2009 жылғы әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанған болатын. Екінші орынға оның басты бәсекелестерінің бірі Давид Миллар (Ұлыбритания) ие болса, үшінші орынға кейбіреулер «осы жолы чемпион болады» деп үміт артқан Тони Мартин (Германия) орналасты. Естеріңізге сала кетейік, Тони былтырғы әлем чемпионатында да қола жүлдегер атанған. Веложарыстың осы түріне машық Майкл Роджерс (Австралия) бесінші орынға тұрақтаса, Дэвид Забриски (АҚШ) сегізінші орынға табан тіреді. Ал былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Густав Ларссон (Швеция) оныншы орынды қанағат тұтып, 2008 жылғы әлем чемпионы Берт Грабш (Германия) он бірінші орынды саялады.
Тас жолдағы веложарыстың осы сынында Александр Винокуров осы саңлақтармен тайталасып, жүлделі орындарға сына қағып жүретін. Бірақ биыл Вини әлем чемпионатына барған жоқ. Ал Александрсыз біздің бағымыз жанып, велошабандоздарымыз бәйгеде озар емес. Оның орнын басатын ешкім болмай тұр әзірше. Мысалы, осы жолы ел намысын қорғаған Дмитрий Фофонов кешегі жеке жарыста 22-орынды иеленді. Ал Андрей Зейц 34-орынды көңілге медеу тұтты. Ерлер арасындағы спортшыларды жарыс жолына жеке-жеке жіберетін бәйгеге 42 велошабандоз қатысқан болатын.
Енді аламан бәйгелер басталады. Бүгін андерлер (23 жасқа дейінгі жастар), ертең әйелдер, ал жексенбі күні ересектер аламан бәйгеде қай елдің велошабандоздары ұйымшыл және ұшқыр екендіктерін дәлелдейтін болады.
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply