Винидің орындалмаған бір миссиясы қалды
-
- Views: 2 710.
Мәртебесі жөнінен «Тур де Франс» турнирінен кейінгі екінші орын алатын «Джиро д’Италия» велокөпкүндігінің аяқталуына да аз қалды. Дегенмен, шыны керек, велошабандоздар Верона қаласына жақындаған сайын «жерлесіміз Александр Винокуров үздік үштікке ілікпей қалады-ау» деген күдік басым болып тұр. Пелетонды артқа тастап кетуге қанша тырысса да, басты қарсыластары мүмкіндік берер емес.
«Джироның» 17-кезеңі де таулы-қыратты болды. Дегенмен бұл тур алдағы таулы кезеңдерге қарағанда ең жеңілі еді. Сөре мен мәренің арасы да басқа кезеңдермен салыстырғанда соншалықты қашық болмады. Бар болғаны – 173 шақырым ғана. Ал біз, әлбетте, жерлесіміз Александр Винокуровтан осы жолы да жеңіс күткенбіз. Жалпы есептегі көшбасшы Давид Арройодан 5 минут 12 секундқа қалып келе жатқан жерлесіміз осы жолы атының басын бос жіберіп, алға қарай көсілетін шығар деп ойлап едік. Алайда Саша көмбеге басты қарсыластарымен бір уақытта жетті. Бұл топ мәреге кезең жеңімпазы – француз Дамьен Моньеден 9 минут 53 секундтан кейін бір-ақ жетті.
Жалпы, «Джироның» аяқталуына небәрі 4-ақ кезең қалды. Ал осы 4 кезеңнің ішінде Винокуров жалпы есепте бірінші орынға шығады деуге сене қою қиын. Тіпті үздік үштіктің қатарынан көріне қоюы да неғайбыл. Себебі мәртебелі көпкүндіктің мықтыларының барлығы Сашаның алдына шығып кеткен. Атап айтар болсақ, көш басындағы испандық Давид Арройодан басқа, Иван Бассо – екінші, Кадель Эванс – төртінші, Карлос Састре – бесінші, Винченцо Нибали алтыншы орынға табан тіреген. Ал жетінші орындағы жерлесіміз тек Мичель Скарпони, Дамьяно Кунего, Марко Пинотти секілді саңлақтардан ғана алда тұр.
Дегенмен Александр Винокуровты да жазғыруға болмас. Сенген грегарилерінің жартысынан астамы қатардан шығып қалды. Оның үстіне, Вини өз-өзіне қойған тапсырманы 90 пайызға орындады. Естеріңізде болса, жерлесіміз «Джиро» көпкүндігі басталмас бұрын, «егер аяғым жүрсе, бас тұғырға көтеріле алатындығыма сенімді болсам, турнирді жеңуге тырысамын. Егер шаршап қалсам, онда алаөкпе болып алға ұмтылмаймын. Кезең жеңімпазы атансам да жетіп жатыр. Ал мен үшін, ең бастысы, жалпы есептің көшбасшысына арналған күлгін-қызғылт жейдені бір кезең кию», – деп өз жоспарын жайып салған болатын. Байқап тұрсақ, Винидің аяғы көпкүндіктің бірінші ширегінде жақсы жүрді. Нәтижесінде, жерлесіміз де жарыс көрігін қыздырып, турнирді қызықты ете түсті. Өзі армандаған күлгін-қызғылт жейдені бір емес, төрт кезең киді. Енді тек кезең жеңімпазы атану ғана қалды. Дегенмен бұл үшін де әлі мүмкіндіктің болатынын естен шығармайық. Өйткені Сашаның бір қасиеті – ол соңғы кезеңде топ жарғанды жаны сүйеді. Ал «Джироның» соңғы кезеңі велошабандоздарды сөреден жеке-жеке шығарып, уақыт бойынша жарыстыруға арналатынын естен шығармаған жөн. Міне, өзінің көзірі саналатын жеке жарыста Вини кезең жеңімпазы атануы әбден мүмкін.
Бір қызығы, 17-кезеңде команда капитаны қызметін Александр Винокуров атқарғанымен, «бас лейтенанттың» рөлі Роман Киреевке бұйырып, ол бұл миссияны абыроймен атқарып шықты. Ал қатардағы жауынгердің қызметін атқарған Хосеп Хуфре, Горазд Стангели және Андрей Гривко команда капитанын жарыс соңына дейін сүйреді.
• 17-кезеңнен кейін велошабандоздар барлығы 2941,3 шақырым жүрген екен. Олардың ішінде ең қысқасы бірінші кезеңдегі 8,4 шақырым болса, ең ұзағы 11-кезең (262 шақырым) болған. Енді велосаңлақтар барлығы 544 шақырым жолды жүріп өтулері керек.
Әзиз Жұмаділ, “Алаш айнасы”
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply