Велоспорт қазанына бастары сыймаған қайраткерлер
-
- Views: 2 926.
«Астана» велоклубы құрылғалы бері ел велоспорты айналасындағы мәселелер толастаған емес. Тіпті өзектілігі жөнінен велоспорт бүгінде футбол, бокс, ауыр атлетика сынды елімізде кеңінен қанат жайған спорт түрлерінің өзін артта қалдырған секілді. Ал Алматыда журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан велоспорт федерациясының жаңа бас хатшысы Валентин Рехерт отандық спортсүйер қауымға ойлана жүретін тағы біраз мәселелердің тиегін ағытты.
Проскурин неге кетті?
Ашығын айту керек, Қазақстан спортында бас хатшы деген сөз федерация президентінен кейінгі егінші адам деген ұғымды білдіреді. Тіпті бүкіл істі атқаратын да сол бас хатшы десек, артық айтқандығымыз емес. Журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан велоспорт федерациясының жаңа бас хатшысы да біраз мәселені шешіп тастағысы келгендей болды. Бірақ…– Қайрат Келімбетовтің шақыртуымен осы қызметке кіріскеніме көп болған жоқ, – деп сөз бастаған Валентин Рейнольдович алдымен өткен күнгі мәселелерге тоқталғысы келді. – Рас, бұрынғы басшылықтың еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Даниал Ахметов Қазақстан велоспортын құрдымға кеткен жерінен көтерді. Қаржы бөліп, аймақтық велоспортты дамытты. «Астана» велоклубын құрды. Оны бәрі біледі. Бірақ қанша дегенмен Даниал Кенжетайұлының көп жағдайда спортқа қолы тие бермейтін. Ал оның оң қолы саналған экс-вице-президент Николай Проскуриннің қателескен кезі аз болған жоқ. Проскуринмен қарым-қатынасым жаман емес, бірақ кейбір мәселелерде онымен келіспеймін. Негізі, федерацияда басшылық ауысқанда Николай Абрамовичке вице-президенттік қызметте қалуды ұсынған. Бірақ «Астананың» жұмысына араласпау туралы ультиматум қойылды. Яғни Проскуриннің міндеті тек ел ішіндегі велоспортты дамыту болатын. Алайда ол бұған келіспеді. «Мені ел ішіндегі велоспорт қызықтырмайды» деген желеумен отставкаға кетуге шешім қабылдады.
Кімге сенеміз?
Дегенмен Владимир Рехерттің сөзінен ұққанымыз, Проскуриннің қызметінен кетуінің астарында әлі де анықталмаған бір сыр жатқан сияқты. Бұл сыр сол күйі ашылмай кетуі де ғажап емес. Десек те, Валентин Рехерттің келесі әңгімесі біраз нәрседен хабар беретіндей еді.– Сіздерді таңғалдырайын ба? – деп сұрап алды бас хатшы журналистерден келесі бір мәселенің тиегін ағытпас бұрын. – Жақында шетелдік бір сайттан «Астана» командасының формасы сатылып жатқанын көріп қалдым. Бір жейденің өзі 120 долларға сатылып жатыр екен. Негізі, клубтың келісімінсіз атрибуттарын сатуға ешкімнің де құқы жоқ. Бірақ «Астананың» құрылғанына төрт жылдан асса да, брэнді тіркелмеген екен. Мұндай жағдайда біздің атрибуттарымызды кез келген кәсіпкер сатуға құқылы. Сондай-ақ тағы бір таңғаларлық жайт, мен келгенде «Астананың» жеке автобусы, жеке автокөліктері, жеке ештеңесі жоқ болып шықты. Бұрынғы мүліктері қайда кетті дейсіздер ғой? Жауап берер едім, өзім де білмеймін. Құмға сіңгендей жоқ болып кетті. Ал бүгінгі көріп жүрген автобус, автокөліктердің барлығын жалға алғанбыз. Ол үшін 700 мың евроны сарп еттік, – деп Валентин Рехерт тағы бір құпияны ашып салды.
Иә, шынымен де таңғаларлық нәрсе. Сонда қалай, команда мүліктерін бұрынғы басшылық қонышынан басып қалғаны ма? Әлде, расымен де, құмға сіңіп жоқ болды ма? Әлде… Қай нұсқасы дұрыс? Оны өздеріңіз талдай жатарсыздар. Бас хатшы бізді бұдан кейін де таңғалдырды. Бірақ бұл жолғы айтқаны Николай Проскуринге қолданылған қарсы шабуыл секілді көрінді. Мәселен, Рехерт бүгінде қазақ жерінде Pro Tour жарыстарын өткізу туралы жұмыстар жүргізіп жатқандықтарын, соған байланысты өткен айда велоспорт әлеміндегі ең таңдаулы тұлғалардың бірі Эдди Меркспен сөйлескендерін айтты. Нәтижесінде жаңа басшылықтың арқасында Меркс елімізге келіп, Қазақстанда Pro Tour жарыстарын өткізу мүмкіндігін саралайтын көрінеді. Алайда, айта кетейік, Николай Проскурин өзінің соңғы сұхбаттарының бірінде бұл жөнінде Меркспен өзі сөйлескенін, сондай-ақ бұл мәселеде өзінен басқа ешкімнің атсалыспағандығын айтып өткен болатын. Сондай-ақ, сәтін салып жатса, Pro Tour жарыстары елімізде келесі жылы өтетінін айтқан. Сонда қарапайым жанкүйер кімнің сөзіне сенеді? Қызметіне кіріскеніне екі ай толмаған Валентин Рехерттің бе, әлде Қазақстан велоспортында 10 жылға жуық еңбек еткен Николай Проскуриннің бе?
Ел велоспортына 300 мың евро жете ме?
Бұдан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Валентин Рехерт ел велоспортына биылғы жылға барлығы 300 мың евро бөлінгенін айтты. Осы жерде айта кетейік, Рехерттің ашықтығы ұнады. Басқа федерацияларда бір жылға емес, тіпті бір айға қанша қаржы жұмсалатынын білмейсің. Ал велоспорт федерациясының бас хатшысы бұл тұрғыда ашықтық танытты. Бірақ бізді ойландырғаны – ел велоспортын дамытуға 300 мың евро жете ме? Алысқа бармай-ақ, «Астананы» алайық. Командаға автокөлік, автобустарды жалға алудың өзіне 700 мың евро жұмсалғанда, ел велоспортын дамытуға 300 мың евро қайдан жетсін?Валентин Рехерттің сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы бапкерлердің айлығы небәрі 15-20 мың теңгені құрайды екен. Ал арнайы лицензия алған кәсіби велошабандоздардың саны бұрынғы басшылық жариялағандай 3,5 мың емес, оның жартысына да жетпейтін көрінеді.
Әзиз Жұмаділ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply