Ұпайды күзде санаймыз
-
- Views: 2 940.
Велоспорттан Италияда өткен Giro di Lombardia біркүндігі бүкіләлемдік «Про-тур» жарыстарының биылғы маусымдағы ең соңғысы екенін кеше жазғанбыз. Осы бәйгеден соң Халықаралық велосипедшілер одағы биылғы жылды қорытындылады.
Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) «Ұлттық» рейтингіне 34 мемлекет еніпті. Қазақстан 406 ұпаймен 12-орынға тұрақтады. Көш басында – әдеттегідей Испания. Олардың еншісінде – 1908 ұпай.«Про-Турдың» клубтық рейтингінде «Астана» 986 ұпаймен 3-орынды иеленді. Бірінші орынға 1005 ұпаймен Данияның Saxo Bank клубы орналасты. Италияның Liquigas-Doimo атты клубы 996 ұпаймен екінші орынға жайғасты.
Велошабандоздардың жекелей рейтингінде 551 ұпаймен Хоакин Родригес үздік шықты. Испанияның бұл дүлдүлі орыстың «Катюшасының» намысын қорғайды. Ал оның отандасы биыл «Астана» клубын қорғаған Альберто Контадор 482 ұпаймен екінші орынды қанағат тұтты. Келесі жылдан бастап Saxo Bank клубының намысын қорғауға бел буған Альберто Контадордың «допинг қолданды» деген күдікпен басы дауға қалғанын жақсы білесіздер. Енді, міне, бүкіләлемдік рейтингте көшбасшылық мәртебесінен айырылып қалып отыр.
Жекелей рейтингтегі Қазақстан велоспортшыларын түгендер болсақ, Александр Винокуров 283 ұпаймен 11-орынға, Максим Иглинский 117 ұпаймен 42-орынға, Андрей Кашечкин 6 ұпаймен 189-орынға ие болды. Бұл рейтингте барлығы 278 велошабандоз тіркелген. Өздеріңіз білесіздер, биыл Винокуров пен Иглинский өзіміздің «Астана» клубының сапында ойқастаса, Кашечкин маусым соңына қарай Италияның Lampre-Farnese Vini клубының құрамында өнер көрсетті.
Автор: Әлихан ЖАППАР
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply