Ұлтымыздың бренді – «Астана»

    • Filled in News in Kazakh 28 Июль 2011 в 12:21, author: Sake
    • Views: 3 514.

    Паң Париж, еңіс Елисей, Альпінің биік шоқылары мен бұралаң жолдары, аламан бәйге, қызу бәсеке, ығы-жығы халық, сәулесі көмескі үміт... «Тур де Франс» көпкүндігінен алған әсерімнен әлі арыла алар емеспін.

    Бірлігі жарасқан, басшысы білікті ұжым

    «Тур де Франс» көп­күндігінің шешуші кезеңін, яғни соңғы бес кезеңдік бәйгесін өз көзімізбен тамашалап қайтқанымызда «Астана» клубы мүшеле­рінің қалай жұмыс жасай­тындықтарын да көрдік. Команда сапында бірнеше ұлттың өкілдері болса да, тату-тәтті, бір кісідей жұ­мы­ла еңбек етеді екен. Әрбір кезеңдік жарыс аяқ­талысымен, іске механиктер және массажшылар кіріседі. Әсіресе механиктерді айтсаңызшы. Қимыл­дарына көз ілес­пей­ді. Бар­лық вело­шабан­доздар­дың шайтан арбаларын жуып-сүртіп, арнайы көліктің ішіне салып, ертеңгі бәйгеге дайындайды. Жөндейтін жерлерін де көздерінен таса қалдырмайды. Содан соң күні бойы солардың арттарынан еріп отыратын команда менеджерлері мен техникалық қызметкерлері мінген жеңіл көліктерді де жылтыратып жуады. Бар жұмысты бәрі де күліп жүріп жасады. Клубтың спорттық директоры Дмитрий Седун біздің ұжымның сапындағы механиктердің арасында осымен 20-«Тур де Франста» еңбек еткен маман бар екендігін айтты. Бойы ұзын, иықты, жігіт ағасы екен. Бірақ өте ширақ.

    Массажшы спортшылардың шарша­ған­дарын басып, қалпына келтіруге ты­рыс­са, италиялық аспазшы жігіт тама­ғын дәмдеп, дастарқан мәзірін жайнатып қоя­ды.

    Бір-бірімен итальян, испан, ағылшын, француз тілдерінде сөйлеседі. Біздің Шефер, Седун, Яковлев және басқа да мамандарымыз осы тілдерді меңгеріп алыпты. Басшылар да көбіне командамен бірге. Әсіресе, қырсық шыр айналдырған осындай кезде ұжыммен бірге болып, оларды жігерлендіруге тырысып жүргендерін байқау қиын емес. Айтпақшы, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры­ның басқарушы директоры Дархан Қалетаевтың велоспортты сүйек майына дейін шаға бастағанына таңғалдым. Альпі сілемдерінің бірі Анжель тауында өткен 18-кезеңдік бәйге басталып, велоспортшылар сөреден шыққан соң, «Франция турында биыл кім жеңіске жетеді?» деген сұраққа әркім өз пікірін, өз болжамын айта бастады. Дархан Қалетаев «егер бүгін Эванс көшбасшылардан қалып қоймай, алдыңғы лекте келсе, онда жеке жарыста бәрін сан соқтырып, жеңімпаз атанады», – деді. «Эванс? Жоқ, егер бүгін Энди Шлек Франция турының ең биік тауына бірінші болып шықса, онда жеңіс – Люксембург дүлдүлінікі. Биыл алуы керек енді» деймін мен. Байқаймын, көбісі – не кіші Шлек, не Контадор дейді. Бірақ Дархан Қалетаев айтқандай, жалпы есепте жеңіске Австралия саңлағы Кадел Эванс жетті. «Тур де Франстың» ең биік тауына өзгелерден бұрын шыққан Энди Шлекті де тақырға отырғызып кетті.

    Осы кезеңдік бәйгеде бір қызық болды. Екі журналист Ванкувер Олимпиадасына барғанда ҚР Туризм және спорт министрлігі берген спорттық киімімізді киіп ал­ғанбыз (Маған ол артындағы «Kazakhstan» деген жазуымен, содан соң жүрек тұсымдағы гербімізбен қымбат). Бір мезетте шетелдіктердің бір-екеуі «Вэнкувер» деп, туыстарын көргендей мәз болды. Спорттық киіміміздің алдында (оң жағында) жазылған жазуды көрсетеді. Сұрас­тыра келсек, Ванкуверден келген жанкүйерлер екен. Таңданып жатырмыз, «Тур де Франсқа» мұхиттың ар жағын­дағы Канададан да жанкүйерлер келеді деп ойламаппыз.


    Таланттар түлету де «Астананың» мұраты

    Париж төріндегі соңғы жарыс барысында «Астана» велоклубының коммерциялық директоры Айдар Махметовті сөзге тартып, аз ғана уақыт ішінде бірер сұрағымызды көлденең тартқан едік.

    – Екі жыл осы көпкүндікте жеңіске жетіп, қуа­нышқа кенеліп едік. Биылғы көрсеткішіміз көңіл­дегідей емес. Бұл жөнінде не айтасыз?

    – Биыл команданың серкесі Александр Вино­куровқа сенім артқан едік. Әрі бұл оның соңғы бәйгесі еді. Алайда ол жарақаттанып, жарыстан шығып қалды. Бұлай боларын кім білген? Содан соң бір кезеңде жеңіске жетуді мұрат еттік. Әртүрлі себептерге байланысты оның да қи­сы­ны келмеді. Енді бұл – спорт. Үнемі жеңіске жете беру мүмкін емес. Біз енді осыдан сабақ алып, шешім шы­ғаруымыз керек. Алдағы уақытта бұлай болмауын қарас­тырамыз.

    – Жалпы, «Тур де Франсқа» қатысудың өзінің машаһаты аз емес шығар. Көп адам керек болар?

    – Команда құрамында тоғыз велоспортшы болады. Үш спорттық директор, сонша массажшы. Екі дәрі­гер және механиктер. Команда бекітілген жоспар бойынша дайындалады. Оның бәрі кезең-кезеңге бөлін­ген. Биыл мысалы велошабандоздар Швейцария­да, Те­не­ри­феде дайындалды. Барлық жағдай жасалып, қа­жет­ті жабдықтармен қамтамасыз етілді. «Тур де Франс­қа» тіпті арнайы аспазшы тарттық. Уақытша негіз­де. Өйт­кені, өкінішке қарай деу керек, «Тур де Франста» та­мақ­тандыру мәселесі «Джиро» мен «Вуэльта» көпкүн­дік­теріндегідей емес (Ол екі көпкүндікте кішкентай де­рев­нялардың өзінен тәп-тәуір ресторан тауып алуға болады).

    – «Астана» клубының Қазақстандағы жас велосипедшілерге көмектесіп жүргендерін естіп жүрміз. Ескі велосипедтерін беріп дегендей.

    – Бұл жай ғана көмек қой. Әрі велосипедтерді тым ескі, қолданысқа жарамайтын деуге де болмайды. Пайдалануға болатын техникалар. Ендігі көмегіміз және қадамымыз – жас вело­спорт­шыла­рымыздың тәжірибе жи­нақ­тауларына (ста­жиров­кадан өту­ге) жағ­дай жа­сау. Қазір төрт вело­сп­орт­шымыз «Астана» сапында ресми түрде тәжі­рибе жинақ­тау­да. Ха­лық­ара­лық ве­ло­­спорт­шы­лар ода­ғын­да тір­кел­ген. Бұл үш айға созылады. Үш ай бойы олар әр­түрлі веложарыстарға қатысады. Ұлт­тық құрама мүшелерінің де тартылуы мүмкін. Бұл вело­бәй­гелердің деңгейіне байланысты. Әлгі төртеуінің бір-екеуін «Астана» сапына алмақпыз. Көрсеткіштеріне қа­раймыз, сынақтан өткіземіз.

    – «Астана» – өз елін насихаттап, республи­ка­мыздың атын шығарып жүрген жалғыз велоклуб. Қалған велоклубтар негізінен демеушілерін жарнамалаумен шектеледі. Бұл – әрине, тамаша. Тек бір «әттеген-айы», команда сапын­да қазақ балалары жоққа тән. Осы біздің оқыр­мандарымызды қатты қынжылтады.

    – Жалпы, велоспортта қазақ балалары тым аз ғой. Бұл бокс емес, күрес емес. Негізі, шежіреміз бай болмаса да, Марат Сатыбалдиев секілді әлем чемпионы шыққан елміз. Қазір Асан Базаев бар. Өз мүмкіндігі мен әлеуетін толық жүзеге асыра алмай жүр. Әйтсе де, біз Асан қазақ балаларына үлгі бола алады деген үміттеміз. Жас толқын арасында бірнеше жігіттеріміз бар. Олардың арасынан Арман Қамышевті, Назар Жұмабековті ерекше атап өткім келеді. Осы мақсатта «Астана-2» клубын құрып жатырмыз. Осындай таланттарымыз «Астана-2» клубының негізін қаласа деген ойымыз бар. Велоспорт – велошабандозды ұзақ баптауды қажет ететін спорт түрі. Бірден аламан бәйгеге қоса алмайсың. Жетілдіру керек, шың­дау керек. Қазақтілді оқыр­мандарымыз қа­палан­ба­сын. Біздің командаға сенсін. Қанша дегенмен, біздің бірінші қадамымыз маңызды болды. Жер-жаһанға елімізді жарнамалап жатырмыз. Ендігі қадамымыз өз жастарымызды тартып, оларды жетілдіре түсу болады. «Астана-2» клубын құру – соның бір айғағы.

    – Сізге Қазақстан велоспортшылары арасынан кімдер ұнайды?

    – Өз ісіне деген кәсіби көзқарасымен – Дмитрий Фофонов. Жасы келсе де, айылын тартпай жүрген Андрей Мизуров. Дмитрий Муравьев пен Андрей Кашечкин ұнайды. Мен екеуін де өз командамыздың сапынан көреміз деген үміттемін. Өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ.

    Автор: Нұрғазы САСАЕВ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание