«Тур де Франстан» тікелей хабар

    • Filled in News in Kazakh 22 Июль 2011 в 1:14, author: Sake
    • Views: 2 817.

     Қазақстандық бір топ журналист велоспорттан Еуропада өтіп жатқан «Тур де Франс» көпкүндігіне жеттік. Жолымыз болып, біз келген күні «Астана» клубының велошабандозы Дмитрий Фофонов 17 кезеңдік бәйгеде көмбеге алтыншы болып жетті.

    Ұзақ сапар, алыс жол

    Сейсенбіден сәрсенбіге ауған түнгі сағат 2-де ұшаққа отырып, немістің Франкфурт қаласын бетке алдық. Жол-жөнекей Астанаға аялдап, 8,5 сағаттан аса уақыт ұшып бардық. Одан Парижді бетке алып, 1 сағат 15 минутта Францияның ас­танасына келдік. Париж әуежайының үш терминалының арасында біраз сандалып, Туринге ұшатын рейске отырдық. 2006 жылы қысқы Олимпиада ойындары өткен Италия қаласына да айналасы бір сағаттың ар жақ, бер жағында жетіп бардық. «Тур де Франс» көпкүндігінің 17 кезеңдік жа­ры­­сының көмбесі Альпі тауының етегіндегі Турин қаласының іргесіндегі Пинолино қалашығына тігілген екен. Бір шағын ав­тобус пен бір жеңіл көлікке мініп, сонда бардық. Екі машина да – қазақтың көк бай­рағы түстес «Астана» велоклубының көліктері. Тас жолмен ағып келе жатқаны­мызда қол бұлғап, қошемет көрсеткен жолаушылар көп болды.

    Бізді Турин әуежайында көпшілікке танымал бұрынғы велоспортшымыз Сергей Яковлев күтіп алған болатын. Ол «Тур де Франстың» 17 кезеңдік бәйгесінің көмбесі тігілген жерге келгенімізде:

    – Велошабандоздардың алдыңғы легі мәре сызығынан жеті шақырым жерде жүйткіп келеді. Олардың арасында біздің Дмитрий Фофонов та бар, – деп қуантты.

    Сөйтіп, 20 сағаттай жол жүріп, титықтап келсек те, «Тур де Франс» қайнап жатқан қызығы мен шыжығына қойдық та кеттік.

    Алыстан келіп, 6-орынға қалай қуанбаймыз?!

    Сол күні Германияда жаңбыр жауып, Франция қоңыр салқын болып еді. Ал Италияда күн шыжып тұр екен. Халық ығы-жығы. Әсіресе, мәре сызығының маңын маңайлай алмайсың. Сондықтан әрірек барып тұрып, Фофоновты күттік. Дмитрий мәре сызығын алтыншы болып қиды. «Радиошак» командасының сапындағы жалғыз жерлесіміз Дмитрий Муравьев көм­беге сегізінші болып жетті. Оған қарайтын шама жоқ, бәріміз Фофоновтың соңынан жүгірдік.

    Дмитрий шайтан арбасынан түсіп, суды сіміріп тұр. Ентігін баса алар емес. Екі иінінен дем алады. Үсті малмандай тер. Біз де қоймай, жан-жағынан қаумалап, сұрағымызды жау­дыртып жатырмыз.

    – Әрине, бүгінгі көрсеткішіме өте қуаныштымын. Бұл – биылғы «Тур де Франс» көпкүндігіндегі ең жоғарғы нәти­жем. Бүгін күн ыстық болды. Сондықтан көмбеге тақағанда, алға ентелеген бәсекелестеріме ілесудің өзі оңай болған жоқ. Қолымдағы жарақатым да кесірін тигізіп жүр. Александр Винокуров, яғни капитанымыз мәртебесі зор аламан бәй­геден шығып қалып, сеңдей соғылыс­қанымыз рас. Психологиялық тұрғыда бұл бізге оңай тиген жоқ. Алайда біздің команда осында орны толмас орасан зор сәтсіздікке де морт сынбай, төтеп беруде. Жігерлілік  танытып, көшбастаушы серке­мізсіз жанталасып жатырмыз, – деді.

    Диманы ортаға алып тұрғанымызда жанымыздан зу етіп Андрей Зейтц өте шықты. Енді бәріміз соған қарай лап қойдық. Одан соң команданың спорттық директоры Дмитрий Седунмен тілдестік. Олардың пікірлерін алдағы күндердің еншісіне қалдырайық. Алда – 18 кезеңдік ма­ңызды жарыс. Осы бәйгеде кімнің жеңіске жететіндігі де белгілі болып қалар...

    Автор: Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание