Тұңғыш әлем чемпоионы – сатушы

    • Filled in News in Kazakh 14 Декабрь 2010 в 12:03, author: Sake
    • Views: 4 172.

    Марат аға

    Сыр өңірінде, оның ішінде Қызылорда қаласында  өз орны бар әрі ұзақ жылдар бойы қалыптасқан спорт түрлерінің бірі – велоспорт. Нақтылай айтар болсақ, Қызылорда еліміз аумағында велосипед спортының туын тіккен ордасы десек те болады. Оның да өзіндік сыры бар. Кезінде әлем чемпионы болған Сергей Капустин мен Марат Сатыбалдиев сияқты саңылақ спортшыларымыз Қызылорданың атағын төрткүл дүниеге паш еткен болатын. Әлем чемпионы болған атақты велошабандоз, қазақтан шыққан қайсар Марат Сатыбалдиевке тоқталғанды жөн көрдік.

    Марат аға кезінде Қара теңіз жағалауында «Социалистическая индустрия» газетінің жүлдесі үшін халықаралық біріншілікке қатысқан еді. Сол жарыста бағы жанып, біріншіліктің күміс жүлдесіне  жеңіп алды. Көп жылғы тынымсыз төккен тердің өтеуі, жемісі деп білді.Әйтсе де, көк дөнен көңіл шіркін байыз табар емес. «Тәйірі, ер жігітке күміс деген де сөз болып па, алғасын алтынын алу керек. Намысты қолдан беретіндей бозөкпең мен емес. Мен – Маратпын!»,-деп даланың ақиық қыранындай екі иығын қомдап, ұлы дүбірге ілесер сәт жақындаған сайын «Ер намысы – ел намысы» демекші, «осы жолы қалайда намысты қолдан бермеуім керек» деп іштей өзін-өзі жани түскен екен. Шапса шаңына ілестірмейтін КСРО-ның жүйрік шабандоздары Ганеев пен Манаков, Краснов, Романов, Екишов сынды спортшыларымен жарысқа түсіп, қазақтан тұңғыш шыққан КСРО чемпионы болды.

    Иә, Марат ағамыз қанша жеңіс тұғырынан көрінгенімен, бақталастық пен бақастыққа бой алдырған мәскеулік «мықтылар» қазақтың қара баласынан шошып, өздерінің «сары балаларына» іштері бұрып кетті. Марат ағамыз сияқты сұңқарлардың топшысын қағып, сағын сындырып, АҚШ-қа Марат Сатыбалдиевті емес, куйбышевтік Марат Ганеевті жіберді. Сенген серкерлері Ганеев «мәскеулік» безбүйріктердің үмітін ақтай алмады.

    Осындай қиыншылыққа қарамастан Марат аға алғы күнге үмітпен қарады. 1989 жылдың тамыз айында әлем біріншілігіне аттанды. Әлемдік додаға әуелде 48 шабандоз қатысқан болатын, 50 шақырымдық жолдан кейін 79 елден келген 24 жүйрік іріктелініп алынды. Сол жүйріктердің ішінде Марат Сатыбалдиев ағамызда болатын. Даттық Фрост, голландиялық Пелен, итальяндық Балдито, мексикалық Яшимат жерлесімізге оңай шағылатын жаңғақ емес екенін көрсетті. Керек десеңіз шашасына шаң жұқтырмаған Фросттың өзі келіп құттықтады. Ел шулап, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты…

    Арада көп уақыт өтті. Төрткүл дүниеге өзін мойындатқан Марат Сатыбалдиев ағамыз қазір қайда? Бірде ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Мұрат Әбенов  Қызылордалық спортшыларымызбен дөңгелек стлода кездескен болатын. Өз сөзінде: «Спортшылар – қолымыздағы алтынымыз. Сол алтынды қадірлеп, бағалай білейік деді. Кезінде жерлесіміз Марат Сатыбалдиев әлем чемпионы атағына ие болып, зор қошеметке бөленді. 1991 жылдары ел ішінде тоқырау болып жатқан уақытта Марат ағамыздың спорттағы қадірі өшті ме, әйтеуір біраз уақытқа дейін ұмытты. Марат ағамызға ешкімнен көмек болмады. Бір отбасының тіреуі, отағасы болғандықтан өз отбасын асырау мақсатында базарда картоп сатты», – дегенін естігенде төбеме жай түскендей болды.

    Әлем чемпионы – сатушы. Иә, әлем чемпионы сатушы. Сіз жаңылыс естіген жоқсыз, тұңғыш қазақ чемпионын-сатушы.

    Осы күнге дейін теледидардан Марат Сатыбалдиев ағамыз туралы бағдарлама, газет-журнал беттерінен мақала көрмедік. Қызылорда қаласында  велосипед спортынан Марат ағамыздың құрметіне қанша жарыс өткізседе сол жарыстың құрметті қонағы болып келмейді. Мүмкін Марат ағамыздың әлі күнге дейін туған жеріне деген өкпесі басылмаған болар?! Бірақ халық әр уақытта өз тумасын сағынып, өз баласын бауырына басқысы келеді.

    Марат ағамыды халық сағынуда. Алдағы 2011 жылы сәуір айында сіздің құрметіңізге өтетін жарыстың қадірлі қонағы болып, сіздің жолыңызды қумақ болып жүрген жас спотшыларымызға ақ жол тілеп, ел сағынышын басса екен деймін.

    Алтынай Рахатова

    Аламан Ақпарат

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 2 комментария

  • Quote

    Қызылордалық бауырларымыз Мәкең туралы ақпарат берсе дұрыс болар еді. Мұндай сары алтынның қолымызда жарқырамауы әрине сүйекке сынық.

  • Quote

    Балдито — это наверно Фабио Бальдато
    Екишов — это наверное Вячеслав Екимов.

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание