Титықтап қалып, тізгінін тартты
-
- Views: 2 661.
Биылғы «Вуэльта» велокөпкүндігі ары қарай қазақстандық Александр Винокуровсыз жалғасады. 12-кезеңнің ортасында ақырындап көштен қала берген жерлесіміз жарысты жалғастырудан бас тартты.
Винидің «Вуэльтаға» шамасы жетпейтіні көпкүндіктің алғашқы кезеңдерінде-ақ белгілі бола бастаған еді. Қанша мәрте алға ұмтылса да, екі жыл велосипедтің үзеңгісін баспаған аяғы алға тартпай-ақ қойды. Сонда да өзін-өзі қамшылай білген саңлағымыз 50-орыннан 37-орынға, сосын 36-орынға көтерілген болатын.
Дегенмен әбден шаршаған ол 12-кезеңде әлі құрып, 174 шақырымдық жолдың орта тұсына келгенде велосипедінің ершігінен түсуге мәжбүр болды. Дегенмен оның бұл шешімін отандық велоспорт мамандары құптап отыр.
– Винокуров дұрыс істеді, – деп жерлесіне қолдау білдірді Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Николай Проскурин. – Өйткені, оған әлем чемпионатына дайындалу керек. Байқасаңыздар, «Вуэльтаның» кешегі кезеңінде Фабиано Канчеларра да жарыстан шықты. Швейцариялық майталман еріккенінен осындай қадамға барып отыр дейсіз бе?! Канчеларра да әлем чемпионаты үшін «Вуэльтаны» құрбан етті.
Сонымен Винокуров енді Швейцария жерінде қыркүйектің 24-і мен 27-сі аралығында өтетін әлем біріншілігіне дайындалатын болады. Николай Абрамұлының айтуынша, Вини алдына «алғашқы үштікке ілінсем» деген мақсат қойып отыр екен. «Бірақ үздік алты саңлақтың қатарынан орын алса да жаман болмайды. Себебі әлем чемпионатына жалғыз Винокуров қана емес, төрткүл дүниенің кіл мықтылары қатысады», – деді вице-президент.
Пиреней түбегінде өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігіне қайта оралар болсақ, кеше турнирдің 14-кезеңі өтті. Испанияның Гренада қаласымен Ла Пандера қаласының арасын жалғаған 157 шақырымдық жолда италиялық Дамьяно Кунего алдына жан салмады. Ал жалпы есепте әлі де испандық Алехандро Вальверденің алдын орайтын спортшы табылар емес. Көш бастап келе жатқан Вальверде екінші орындағы голландиялық Роберт Гейсинктен жарты минутқа ұзап кетті.
Арсен Жанаділ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply