Таудағы тартыстың орны бөлек

    • Filled in News in Kazakh 28 Май 2010 в 12:54, author: Sake
    • Views: 2 801.

    Негізгі күшті шілде айында басталатын «Тур де Франс» суперкөпкүндігіне сақтап отырған «Астана» велоклубы «Джиро д'Италия» жарысында да назардан тыс қалар емес. Жалпы есепте Александр Винокуров бірнеше күн бойы көш бастап, мерейімізді асырса, енді міне тағы бір отандасымыз - Роман Киреев 17-кезеңде мәре сызығын алдыңғы лектегі мықтыларға ілесе кесті.

    Италия көпкүндігінің бұл кезеңінде велошабандоздар Брунико мен Педжо Терме қалаларының арасын жалғаған 173 шақырымды артқа тастады. Осы күнгі бәсекенің «шырқын» жарыс жолының шамамен тең жарымы артта қалған сәтте өзгелерден бөлініп шыққан он сегіз «қашқын» бұзды. Дегенмен, жалпы есепте көш бастап келе жатқан спортшылар оларды індете қууға тәуекел етпеді. Бас жүлдеден үмітті Александр Винокуров, Иван Бассо, Карлос Састре, Давид Арройо, Кадэл Эванс сынды велошабандоздар ең бастысы бір-бірлерінен көз жазып қалмауды жөн санады. Олар сытылып шыққан топты алға жіберсе де, арақашықтықтың алшақтап кетпеуін қадағалап, жағдайды бақылауда ұстады. Ал, арада тағы біршама уақыт өткенде, алдыңғы шептегі топтың өзінде позиция үшін тартыс басталды. Аса тәжірибелі неміс спринтері Данило Хондо шабуылға шықты. Ұшқыр велошабандозға тек екі қарсыласы ғана ілесе алды. Олардың бірі - жиырма жеті жасар француз Дамьен Монье болатын. Иә, «Кофидис» велоклубының намысын қорғайтын бұл жігіт бекер бұғып қалмаған екен. Мәре сызығына таяғанда, ол жылдамдық қарқынын күрт арттырып, 17-кезеңнің жеңімпазы атанды. Монье 17-кезеңді 4 сағат 29 минут 19 секундтық көрсеткішпен қорытындылады. Ал, «Лямпре» командасының өкілі, неміс Данило Хондо одан бар болғаны 36 секунд қалып қойды. Үздік үштіктен көрінген «Рабобанк» сапындағы голландиялық велошабандоз Стивен Круйсвик те мәреге жеңімпазбен қатарласа жетті. Қазақстандықтардың арасында «Астана» велоклубының мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысының түлегі Роман Киреев 18-орыннан табылды. Жиырма үш жасар жерлесіміз көш бастаған Моньеден 3 минут 28 секундқа ұтылды. Ал, команданың серкесі Александр Винокуров бұл күнгі жарыс бөлігін 23-орынмен аяқтады.
    17-кезеңнен кейін жалпы есеп бойынша көш бастаған велошабандоздар арасында «тыныштық» сақталды. Бірінші орындағы испаниялық Давид Арройоның көрсеткіші - 73 сағат 11 минут 38 секунд. Екінші сатыдағы италиялық Иван Бассо одан 2 минут 27 секунд артта келеді. Біздің отандасымыз Александр Винокуров Арройодан әзірге 5 минут 12 секундқа ұтылуда. «Астана» велоклубының өзге өкілдерінің арасында испаниялық Хосеп Хуфре мен Роман Киреевтің көрсеткіштері тәуірлеу. Хуфре 47-сатыда тұрса, Киреев 80-орынға көтерілді.
    Қатардан шығып қалып жатқан велошабандоздар да жетерлік. Мәселен, бәсеке басталған сәтте оған қатысушылардың саны - 198 болса, уақыт өте келе, олардың 36-сы әртүрлі себептермен жарыстан бас тартты. Барлығы жиырма бір кезеңнен тұратын Италия көпкүндігінің аяқталар шағы да жақындап қалды. Енді велошабандоздар тау жолдарында өтетін үш кезеңде және ең соңғы күні жекелей жарыста бақ сынайды. Әсіресе, таудағы бәсекенің маңызы басымырақ екені сөзсіз. Үш жарым мың шақырымдық бәйгеде кімнің қара үзіп шығары осы өр-ылдилы жарыс жолдарында айқындалып қалатын шығар.
    Шалқар ЕСТЕН "Айқын" газетінен
  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание