Тау жолының тарланы
-
- Views: 5 389.
2006 жылдың жазы дәл қазіргідей есінде. Талғар қаласындағы №1 аралас мектепте оқитын 14 жасар Нұрланның көңілі велосипед спортына ауды.
Пышақтың қырындай ғана осы бір екі доңғалақты көлікті ермек етіп жүрген ойын баласы енді оған қатты көңіл бөлмекке іштей бекінді. Үйірмеге жазылған достары Ледер мен Вадимнен қалғысы келмеді ме екен?! Бәлкім, Талғардан шығып, велоспорттың небір шыңдарын бағындырған атақты Андрей Кивилевтің жолын қуғысы келді ме, кім білсін? Оны дәл қазір дөп басып айта алмайды.
Тек бір нәрсеге таң. Нұрлан өзінің бұл шешімін бір жыл бойы әкесі Марат пен анасы Ринадан жасырып жүрді. Ата-анасының «шамадан тыс» жанашырлығынан бой тасалағаны еді бұл. Сөйтіп бапкер Геннадий Юдиннің жетекшілігімен Нұрлан өзіне беймәлім велоспорт әлеміне қадам басты. Оның қыры мен сырын меңгеруге мейлінше ден қойды. Жоталы, асулы Талғардың жолдарымен ерінбей-талмай танысты. Велосипедтің педалін балтыры талғанша айналдырды. Рөлді сығымдап ұстаған екі қолы да сынға түсті. Шүмектеп тер төгілді. Құлады… тұрды. Жығылды… жасымады. Алғашқы қуаныштар… Жо-жоқ, бапкер шәкіртін ол қуаныштардың бойды босаңсытар алдамшылығынан сақтандырды. Жеңіске малданған спортшының әлі әудем жерге ғана жетеді. Көңіл түкпірінде қол бұлғаған биіктерге жақындау үшін керегі – ең алдымен табандылық және тағы да табандылық. Онсыз бойдағы таланттың көзін ашу қиын және жеңіс атаулы жалынан да ұстатпайды. Қай бапкер де өз шәкірттерінің бойында алдымен осы қасиетті қалыптастыруға тырысады. Әлгі жиі айтылатын кәсіпқойлық дегеніңнің өзі осы.
Алғашқы жарыстар. Аудандық… Облыстық. 2007 жылы мамыр айында өткен Алматы облысының біріншілігінде күміс жүлдені қанжығасына байлады. Мәре сызығын жеңімпазбен құйрық тістесіп қиды. Велосипед еріне отырғанына әлі бір жыл толмаған жасөспірімнің бұл табысы мамандардың назарын аударды. Нұрлан көп ұзамай дарынды балаларға арналған республикалық спорт мектебіне қабылданды. Ал 2008 жылы қыркүйекте Талдықорған қаласындағы олимпиадалық даярлық орталығына мүше болуын жас спортшы өз өміріндегі ең бір маңызды оқиғалардың біріне балайды. Өйткені орталықтың есігі жүзден жүйрік аса дарынды спортшыларға ғана ашық. Және ол – кәсіби шеберлікті ұштайтын ұстахана.
Міне, Нұрлан үшін небір аламан додалар мен табыстардың шеруі дәл осы орталыққа кірген сәттен басталды. Спорт мектебінен енді ғана ауысқан Нұрлан ондағы достарын да орталықтан көргісі келген. Алайда мұндай мүмкіндік республикалық жарыстың жеңімпаздарына ғана берілетін. Сондай жарыстардың бірі 2008 жылдың қазан айында Алматыда өтті. Онда еліміздің әр қиырынан жиналған жас велошабандоздар бақ сынады. Олардың арасында Нұрлан мен досы Нұрболат Құлымбетов те болды. Нұрболат та шебер спортшы, Нұрланнан бір-екі жас үлкендігі бар. Олимпиадалық даярлау орталығына үміткерлердің бірі. Бірақ жарыстың бас жүлдесі ғана орталыққа жолдама беретіндіктен, велошабандоздардың қай-қайсысы да жарыста аянып қалмайтыны белгілі.
Нұрланның ең басты жанкүйері, әкесі Марат сол жарысты былай деп еске алады:
– Дода велоспорттың маунтинбайк деген күрделі түрі бойынша өткендіктен, жарысқа трассасы ауыр Алматыдағы Сайран көлінің ұлтаны әдейі таңдап алыныпты. Белгі берілісімен-ақ, жүздеген велосипедтің доңғалағы қою шаңды аспанға бір-ақ көтерді. Ешкімнің де оңайлықпен есе жіберетін сыңайлары байқалмайды. «Баласы атқа шапса, анасы үйінде тақымын қысып отырады» демей ме қазақ. Жанында тұрып жанкүйерлік еткен тіпті қиын болады екен. Рина екеуіміз даусымыз қарлыққанша айқайлаппыз. Бүкіл жарыс бойы топ бастап келе жатқан Нұрланымыз соңғы айналымдардың бірінде алдына досы Нұрболатты салды. Алғашқыда «шаршап қалған болар» деп ойладық. Бірақ жақын келгенде Нұрланның жүзінен ондай қажығандық байқалмады. Тіпті бапкерлерінің де айналым сайын айтатын ақылынан ештеңе шықпады. Ақыры Нұрлан мәре сызығын Нұрболаттан кейін екінші болып қиды. Алайда жарыстың қазылар алқасы кейін жеңімпазды олимпиадалық даярлау орталығына қабылдамау туралы шешім шығарыпты. Сөйтсе, Нұрланның өз досын жеңімпаз ету үшін жасаған бұл қулығын олар байқап қалған.
Жалпы, Нұрлан үшін небір аламан жарыстар мен табыстардың шеруі олимпиадалық даярлау орталығында басталғанын жоғарыда айттық. Және сол додалардың басым көпшілігіне жас талант маунтинбайк бойынша қатысып келеді. Мамандар велоспорттың бұл түрі елімізде 90-жылдардың аяғында ғана жандана бастағанын, Нұрлан сияқты шеберлердің олжа салар уақыты әлі де алда екенін айтады. Шынында да, қазақстандық велошабандоздың бәйгеден бәйгеге бауыры қызып, бабына бап қосып келе жатқанын соңғы екі жылдағы жарыс көрсеткіштері дәлел.
2009 жылы шілде айында Нұрлан маунтинбайк бойынша өткен бүкілресейлік 12-ші ашық біріншілікте жүлделі үшінші орынды иеленді.
Биылғы наурыз айында Шымкент қаласында өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы.
Нұрлан биыл сәуір айында тағы бір дүбірлі додаға қатысып қайтты. Кантри кросстан Мәскеу қаласы және облыстары федерациясының кубогі үшін өткен сайыстың 5-кезеңінде отыздың ішінен екінші болып келді. Нұрлан жарыс жолының өте ауыр болғаны айтады. Тастақты соқпақ кез келген уақытта сан соқтырып кетуі мүмкін еді. Тіпті жығылып, ауыр жарақат алып қалуың да қиын емес.
Жарақат демекші, бір нәрсе анық. Жығылып жатып, жеңісті ойлай білген, сәтсіздікке сағы сынбаған спортшы ғана биік шыңдарға қол соза алады. Нұрланның да өзегін өртеген өкінішті жағдайлар аз болмады. Мысалы, 2009 жылы қарашада Малайзияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде соңғы айналымда велосипеді сынып, бар-жоғы жетінші орынды қанағат тұтты. Осы бір сәтсіздік болмағанда, кем дегенде Азияның күмісін олжалап қайтар еді. Жақында Сингапурден олимпиадаға дайындық жарысынан оралды. Мәреге қол созым қалғанда тағы да велосипеді сынып, құлап қалды. Тағы да өкініш. Бірақ бұлардың бәрі Нұрланның жігерін жасыта алмады. Қазір оның алдына қойған мақсаты біреу – Алла қаласа, Азия біріншілігін ұту. Ал әлгі сәтсіздіктер еліміздің велокомандасындағы кейбір ұйымдастыру кемшіліктерінен хабар береді. Қалай болғанда да, құрама сапында техниканың жай-күйін қадағалап отыратын арнайы маманның болуы міндетті.
Біз әңгіме етіп отырған Нұрлан – Қазақстан жастар құрама командасының мүшесі, маунтинбайктың шебері Нұрлан Дүйсенов. Ол өзінің спорттық жолында маунтинбайктан әлем чемпионы, швейцариялық Нина Шутерді үлгі тұтады. Шутер бағындырған биікке қол созу, сол жолда шүмектеп тер төгу – міне, Нұрланның бүгінгі күні алдына қойған басты мақсаты осы. Мақсатқа жетер жолда мемлекеттің де, бапкерлердің де, тіпті жанында бірге жаттығатын достарының да көмегі қажет боларын жақсы түсінеді.
Нұрлан жақында шеберліктің тағы бір сатысына көтерілді. Досы Вадим Галеев екеуі Малайзияда өткен халықаралық турнирде велоспорттың BMX түрі бойынша алғашқылардың бірі болып Қазақстанның намысын қорғап қайтты. Нұрлан бесінші орынға табан тіреді. Мамандардың айтуынша, бұрын-соңды қазақстандық велошабандоздар BMX бойынша үлкен жарыстарға қатыспаған. Ал BMX-ті шебер меңгерген спортшыға тау жолындағы велобәйгелерде топ жару қиын емес.
Мен киіктің асығындай ғана осы бір шымыр денелі қазақтың қағілез баласына Құдайдан амандық тіледім. Алда небір аламан додаларда олжа салар бір ұлымыз болса, осы Нұрлан болар.Болатбек Жақсыбалаұлы “Жас Қазақ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply