«»сыз Астана біздің велоклуб брендке қалай айналады?

    • Filled in News in Kazakh 22 Февраль 2010 в 1:42, author: Sake
    • Views: 3 419.

    Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ

    Дала мен Қала

    Әлемнің ірі қалалары бізге тек көрікті жерлерінің көп екендігі үшін ғана таныс емес. Мысалы, Ливерпуль қаласы дегенде әйгілі «Битлз» тобы немесе Джерард, Торрестердің басын қосқан қала аттас команда ойыңызға оралады. Италияның Миланы тек сәнқой арулардың ғана емес, Пато, Пирло сияқты майталман ойыншылар жиналған, кезінде Андрей Шевченко сынды шебер футболшының бағын ашқан «Милан» футбол клубымен ерекшеленеді. Сіздің Испания мемлекеті туралы мәліметіңіз аз болуы мүмкін, бірақ оның астанасы Мадрид екенін география оқулығынан бұрын, «Реал» футбол клубы арқылы білгеніңізді айтып бәстесе аламын. Соңғы кездері Ресейдің Қазан қаласы көп айтылып жүр. Себебі, Қазанның «Ақ барысы» Құрлықтық Хоккей Лигасының тұңғыш жеңімпазы болса «Рубин» футбол командасы Ресейдің екі дүркін чемпионы, чемпиондар лигасында «барсадан» төрт ұпай тартып алған бірден-бір команда. Сондай-ақ, Қазанның «Уникс» баскетбол командасы да Евролигада табысты өнер көрсетіп жүрген клубтардың бірі. Ал, Қазақстанның «Астанасы» әлем жанкүйерлерінің есінде велоспорттан бағындырар биігі мол жұлдызды команда ретінде қалады деп айтуға әбден болады.

    Жуырда Австрияның Вена қаласында қазақстандық «Астана» велокомандасының тұсаукесері өткені мәлім. Тұңғыш рет команданың таныстырылымы бас қаламызда болған жоқ, бұл жолы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімізге орай, 2010 жылдың жарыс жолына шығатын «Астана» велокомандасының мүшелерін Венада таныстыру жөн деп табылды. Расын айту керек, өткен жыл «Астанаға» қанша жеңіс сыйласа, сонша қиындықты артып берді. Түрлі қаржылық мәселелерден бас көтере алмаған елордалық команда құмға сіңген судай жоғалады деген ақпар бүкіл әлемнің БАҚ-тарында бой көрсеткен еді. Қуанышымызға орай, клуб қатарындағы біраз мықты спортшылардан қол үзіп қалсақ та, команда қаңқасын сақтап қалуға күшіміз жетті. Оның үстіне, допинг дауынан құтылған Александр Винокуров «Астанаға» қайта оралды. Қош делік, бас қалалық алып команданы қаржыландырып отырған «Самұрық - Қазына» әл-ауқат қорының және ҚР Велоспорт Федерациясының президенті Қайрат Келімбетов жиында сөз алып, «Астана» бағындыратын белестердің былтырғымен бітпейтіндігін жариялады. Қаржы жағынан қысымның болмайтынын ескертіп, капитаны Контадор командасына сәттілік тіледі. Ал, басты жұлдыздар Альберто Контадор мен Александор Винокуровқа биыл «Тур де Франстың» 2006 жылғы жеңімпазы Оскар Перейро сынды тағы бір мықты испандық шабандоздың қосылғанынан жанкүйер хабардар. Сонымен қатар, командадағы 27 спортшының 13-і қазақстандық велошабандоздар. Мұны жас велоспортшылардың гранд турларға қатысып, тәжірибе жинауына қарастырылған жағдай деп ұғыңыз. Әйгілі бельгиялық маман Йоханн Брюннельдің орнын басқан француз Ивон Санкер алдағы маусымда жанкүйерлер мен Президент артқан басты сенімді ақтап, ең басты деген турнирлердің бәрін ұтып алуға уәде берді. Былтыр атағы алысқа кеткен Лэнс Армстронгты «Астана» сапына алдырып, Контадорға өзге емес, өзімізден қарсылас тауып бергеніміз аян. Енді бұлай болмайды. Альберто мен Александр ірі жарыстарға барар кезде екіге бөлінеді. Испандық «Тур де Франсқа», ал Вини «Джиро ди Италия» көпкүндігіне аттанады. Биыл біздің команданы азуы алты қарыс «Радиошакк» велоклубы күтіп тұр. Лэнс капитандық ететін американдық команданың құрамы біздікіне қарағанда мықтылау. Сонан соң, Армстронгқа «Тур де Франста» үшінші орын алудың қандай қиын екенін бағамдай беріңіз. Кеткен есені қайтаруға Брюннель менеджері болып табылатын американдықтар білек сыбана кіріседі, ал біз жылдағыдай маусымды жеңіспен толтыруға күш саламыз. Таулы жолда екінші тынысы ашылып, қарсыласын шаң қаптыратын Контадор мен Винокуров – «Астананың» басты көзірі. Айтпақшы, испандық қанша жұлдыз болса да Қазақ еліне қарыздар екенін ұмытпапты. Себебі, «Астанаға» ауысқанға дейін Альбертоның айтарлықтай атағы мен жеңісі болған жоқ. Про Турлардың бас жүлдесін ол біздің командаға ауысқаннан кейін алды.

    Велоспорттың басы-қасында жүрген білікті мамандар команда төңірегінде бұл саладан мұрнына иіс бармайтын жандардың қаптап кеткенін айтады. Әзірге, «Астана» алдында тұрған үлкен мәселе осы. Иә, ірі жобаның қасында ірі топтардың жүруі заңды. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмаса болғаны. Қазақстанның спорт әлеміндегі табысын еселеп, жаңа әрі жас мемлекетімізді әлемге таныту мақсатында құрылған «Астанаға» үлкен көлемде қаржы құйылып жатыр. Айтулы шабандоздардың айлығының өзі аз ақша емес екені рас. Ендеше, «Астананың» велоспортшылары тас жолға Қазақ атын аспандату үшін шығуы керек. Халықтың аузынан бөліп берген ақшаның қайтарымы басқасын айтпағанда, «Тур де Франс», «Джиро ди Италия» және «Вуэльтаның» бас жүлдесі екені есте тұрса болғаны…

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание