Сыралғы Сергей – сырласымыз
-
- Views: 3 766.
2011 жылғы «Тур де Франс» көпкүндігі де тарих қойнауына енді. Осы көпкүндіктің соңғы кезеңдік бәйгелеріне Қазақстаннан бір топ журналист бардық. Әйгілі аламан доданы өз көзімізбен тамашалап, теледидардан көрмейтін қызығы мен шыжығының шет жағасын көрдік. Францияда бізге Сергей Яковлев жолсерік әрі жолбасшы болды. Өзіміздің бұрынғы есімі көпшілікке танымал велоспортшымыз, Александр Винокуровтың жақын досы, кезінде оның сенімді грегариі болған жігіт. Қазір «Астана» клубы сапында жұмыс жасайды. «Тур де Франстың» соңында қазақстандық журналистерді арлы-берлі тасып жүрген екі көліктің бірін жүргізді. Әрі бізге бас-көз болып, кері қайтқанымызша жанымызда жүрді. Қонақүйлерге орналастырып, аудармашы, тілмаш қызметін де атқарды. «Тур де Франс» жарыстары барысында бірдеңені түсінбей қалсақ, Яковлевтен сұраймыз. Бір нәрсеге күмәнданып тұрсақ, Яковлевпен ақылдасамыз. Велоспорт маманының пікірін білу үшін де әуелі Яковлевке жүгінеміз. Қарапайым, кішіпейіл Сергей ешқашан да бәлсініп көрген емес. Кейінгі жылдары шетелде тұрып жатқандықтан, батыстың менталитетін бойына сіңіре бастағаны да білініп тұрады. Әрдайым күле жауап беруге тырысады. Ал біз Сергейден не жайында сұрамады дейсіз. Эванс жайында да, Винокуров туралы да, «Тур де Франстың» қыр-сыры жайлы да, тағысын тағы...
– Сергей, биік тауға тігілген көмбеге жетуіміз оңай болғанымен, кері түсуіміз қиямет-қайым болды. Ал велоспортшылар қалай түседі? Жалпы, олар бір кезеңдік жарыстан кейін келесісінде сөреден шығатын жерге қалай жетеді? Қай жерге көмбе тігілді, сол елді мекенге түнеп, таңертеңінде «көшіп» отыра ма?
– Әрқалай, қатып қалған ереже жоқ. Қай жерге көмбе тігілді, сол елді мекенге түнеп, таңертеңінде ғана келесі кезеңдік бәйгенің пердесі түрілетін жерге жеткізілмейді. Мысалы, кейде қайсыбір кезеңдік бәйгенің көмбесі тігілген жерде жақсы, жайлы қонақүйлер болмайды. Ондайда велоспортшылар бірден келесі кезеңдік бәйге басталатын қалаға немесе соған таяу елді мекенге жеткізіледі. Яғни халықаралық талапқа сай қонақүй мәселесінің маңызы зор. Өйткені велоспортшылар әрбір кезеңдік жарыстан соң жуынулары керек, тамақтанып, тынығулары қажет. Сондықтан кейде бірден жарыстан соң, ал кейде түнімен тынығып, таңертеңінде «көшіп» отырады. Кейбір кезеңдік бәйгелер көмбе тігілген жерден басталады. Онда велоспортшылар арлы-берлі көшіп уақыт өткізбейді. Алаңсыз дем алады. Жалпы, келесі кезеңдік бәйге басталатын жерге уақтылы жету оңай емес. Жақын болса, әр клуб межелі жерге өз көліктерімен (автобуспен) жеткізіледі. Кейде ұшақпен жеткізіледі. Мысалы, «Тур де Франстың» 20-кезеңдік жарысы өткен Гренобль мен соңғы кезеңдік бәйге өтетін Париждің арасы – автокөлікпен алты сағатық жол. Сондықтан велоспортшылар Франция астанасына ұшақпен жеткізілді. Ендігі бір мәселе, ол – велоспортшыларды биік таудан төмен түсіру. Биылғы «Тур де Франстың» 19-кезеңдік жарысының көмбесі тігілген Альп Д'Юэз тауынан төмен түсу қиын болды. Велоспортшылар тау басындағы курортты қалашықта түнеді. Бірақ жолдың екі шетіне жиналған халықтың көптігі сол, олар таңертеңге дейін төмен түсіп болмапты. Тар жол автокөлік кептелісінен бітеліп қалған. Сондықтан жергілікті полиция қозғалыстың бәрін тоқтатып, жол бойында кептеліп тұрған автокөліктің бәрін жолдың оң жағына қарай ығыстырып, барлық велоклубтардың машиналарын қарсы қозғалыс жолағымен (встречная полоса) төмен түсірді. Кейде мұндай жағдайларда велоспортшыларды тау басынан тікұшақпен де түсіреді.
– Ал халық қалай тау басына дейін көтеріліп, жол бойына қаздай тізіліп тұрып алады?
– Тау басына шығатын халықтың саны жүз мыңнан да асып кетеді (300 мыңға дейін жетіп жығылады деп те естідік – автор). Жарыс болатын күні тауға шығатын жолдар жабылады. Полиция ешкімді де жоғары өткізбейді. Сондықтан жанкүйерлердің бәрі тау басына бір-екі күн бұрын барып, өздеріне ыңғайлы орындарға орналасып алады. Халық машинамен, велосипедпен, тіпті жаяу-жалпы таудың басына қарай ағылады. Тамақтарын алып барып, сонда бір-екі күн түнеп, жатады. От жағып, тамақ жасап ішеді. Франция халқы ғана емес, шетелдіктер де көп араларында. Олар үшін тау басында бірер күн түнеп, алдарынан жүйткіп өтетін «Тур де Франс» қатысушыларына қол бұлғап, осы доданы көрудің өзі – үлкен мәртебе, естен кетпес мереке. Содан соң төмен түсе бастайды. Асықпайтындары тағы бірер күн түнеп жатады. Өйткені тау етегін бойлай орналасқан қалың көремен бір күнде төмен түсіп болмайды.
– «Тур де Франста» бірінші орынға ие болған велоспортшыға 450 мың евро көлемінде сыйақы беріледі екен. Жеңіске жеткен спортшы оның бәрін өз қалтасына салып алмайтын шығар? Өйткені оған командаластары көмектеседі ғой.
– Әрине. Өйткені жеңіс – бәріне ортақ. 450 мың евро команда мүшелері арасында бөлінеді. «Тур де Франста» бағы жанып, топ жарған велоспортшылардың кейбіреуі бұл ақшадан көк тиын да алмайды. Командаластарына «өздерің бөліп алыңдар» деп, бас тартады.
– Дұрыс екен. Маған жеңімпаз деген атағының өзі жетеді дегендері болар. Сергей, кешіріңіз, осы спринтерлердің аяқтары (сандары) жуан болатыны қалай? Осында бір сыр жоқ па? Мысалы, Кэвендиш пен Бунен.
– Жоқ. Саны жуандардың бәрі жақсы спринтер болмайды. Мәселе, санның жуандығында, аяқтың толықтығында емес. Мысалы, Плессандро Петаккиді алайық. Оның аяғы соншалықты үлкен (жуан) емес, бірақ тәп-тәуір спринтер.
– Сіз Винокуровтың сенімді серігі (грегари) болдыңыз. Сашаның спорттық бабының шыңына шыққан кезеңі қай жылдар еді?
– 2006 жыл. Өкінішке қарай, сол жылы біз «Тур де Франсқа» қатыса алмадық. Әйтпесе, кім біледі, жеңіске жетер де ме едік?! Сол жылы Саша «Вуэльтада» жеңіске жетті ғой. Биыл да, тым құрығанда, жүлдеге ілігуге болатын еді. Биыл ешкімнің шоқтығы биік болған жоқ. Бәскелестік соңғы сәтке дейін созылды.
– Эванстың жеке жарыста Энди Шлекті сан соқтырып, екі жарым минут асып түсуі қызық болды. Әлбетте көпкүндік тағдыры биік таудағы кезеңдік жарыстарда шешілуші еді...
– Неге, жеке жарыстарда да көп мәселе шешіледі. Мұндай көпкүндікте жеңіске жету үшін тек тау жолдарының майталманы ғана емес, жеке жарыстардың да хас шебері болу керек. Тек қана биік тауға тез шығу жалпы есепте жеңіске жетуге кепіл бола алмайды. Армстронг та, Контадор да, Ульрих те, Винокуров та тауға да, жеке жарысқа да тәуір болатын.
– Сергей, неше тіл білесіз?
– Француз және италян тілдерінде жақсы сөйлеймін. Испан және ағылшын тілдерін де аздап білемін. Жөн сұрап алуға жетерліктей деңгейде. Қазір Францияда тұрамын. Жарақатыма байланысты велоспортпен ерте қоштасқанмын.
Автор: Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply