Сәттілік тек мықтыға жолдас болады

    • Filled in News in Kazakh 30 Май 2010 в 10:47, author: Sake
    • Views: 2 832.

    Велоспорт

    «Джиро д’Италия» көпкүндігінің бас көмбесі көрініп те қалды. Енді үш кезең немесе 388 шақырымнан кейін велошабандоздар Верона қаласында бас мәреге жетеді. Осы турнирге «Астана» командасының капитаны ретінде аттанған жерлесіміз Александр Винокуров жалпы есепте әзірге 7-орында келеді. Басында көш бастап келе жатқан саңлағымыз уақыт өте келе өз позициясын жоғалтып, суырылып алға шыққан Давид Арройодан 5 минут 12 секунд қалып қойды. Тіпті басты қарсыластарының барлығын алдына жіберіп алды. Енді жерлесімізге үздік үштікке ілігудің өзі мұң. Дегенмен «көмбеге жетпей тон пішпейік, одан да Винидің мүмкіндігін бағалауды білікті маманның еншісіне қалдырайық» деген оймен Қазақстан велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Антышевке хабарласқан едік.

    – Бұл көпкүндік біз күткеннен де ауыр болды, – деп бастады әңгімесін Александр Леонидұлы. — Рас, бастапқы кезеңдерді өте керемет жүріп өттік. Бұл үшін Сашаға мол алғыс айтуымыз керек. «Джироны» теледидар арқылы тамашалаған болсаңыздар, Винидің командаластарын алға «құлақтарынан тартып» сүйрегені естеріңізде шығар. Ол өзінің нағыз капитан екендігін көрсетті.

    – «Джироның» аяқталуына аз қалды. Енді осы жексенбіде велошабандоздар соңғы кезеңдік бәйгеге шығады. Жалпы, сіздің ойыңызша, Вини жалпы есепте үздік үштіктің қатарынан көріне ала ма?

    – Мен соған үміттенемін. Егер үздік үштіктен көрініп, жеңімпаздар тұғырына көтерілер болса, онда бұл Сашаның ерен ерлігі болар еді. Алда әлі екі-үш кезең бар. Содан кейін қорытындысын шығарамыз. Менің ойымша, Саша қазірдің өзінде «Джирода» аз ерлік жасаған жоқ.

    – Басында Винокуров жалпы есепте көш бастап келе жатты. Бірақ өз позициясын жоғалтып алды. Неліктен деп ойлайсыз?

    – 11-кезеңге дейін ісіміз алға басып, сәттілік жолдас болып келді. Дегенмен сол күні Альпі тауының бөктерінде ауа райы мінез танытып, күн суытты. Жаңбыр жауып, жерді аздап тұман басты. Нәтижесінде, радиобайланыс істен шығып, Винокуров пен Эванс, Нибали және Бассо бастаған пелетонға хабар жетпей қалды. Соның кесірінен 12 минуттай уақыт жоғалтып, қазір опық жеп жүрміз.

    – Дегенмен сіз аттарын атаған Эванс, Нибали және Бассо одан кейінгі кезеңдерде етек-жеңдерін жинап, көшбасшыларды қуып жетті емес пе?..

    – «Сәттілік тек мықтыларға жолдас болады» деп керемет айтылған сөз бар. Басқалар Сашаға қарағанда, мұндай келеңсіздікке дайын болса керек. Оның үстіне, жерлесіміздің үлкен спортқа екі жылдық үзілістен кейін бір-ақ оралғанын да естен шығаруға болмайды. Не де болса, бұл үшін Виниді жазғыруға болмас.

    – Егер 11-кезеңдегі сәтсіздік болмағанда, Вини қазір көш басында болар ма еді?

    – Иә, солай ойлаймын. Жоқ дегенде алғашқы үштікте келе жатар еді.

    – Енді Винокуровтың грегарилеріне өз бағаңызды беріп өтсеңіз…

    – Қандай грегари? Турнирдің ортасына жетпей, төртеуі жарыстан шығып қалды. Қалғандары ілбіп әзер келіп жатыр. Мен шыны керек, грегарилер тарапынан ешқандай көмек көрген жоқпын. Рас, бір-екі кезеңде әдемі командалық жарысты көре алдым. Бірақ жігіттердің күші көпке барған жоқ.

    – Демек, сіз «Винокуров «Джироны» ешкімнің көмегінсіз өз күшімен жүріп өтуде» дегіңіз келеді ғой…

    – Иә, дәл солай. Кадэль Эванс секілді Вини де «Джироны» осы кезеңге дейін жалғыз жүріп өтті.

    – Ал өзіміздің қазақстандық жігіттерге қандай баға бересіз?

    – Өкінішке қарай, олар да өздеріне берілген мүмкіндікті толық пайдалана алмады. Иглинский де, Дьяченко да өз мүмкіндіктерін паш ете алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Әсіресе Саша Дьяченкоға көп үміт артылып еді, өкінішті-ақ…

    – Сонымен, енді «Джирода» топ жаруға кімнің мүмкіндігі мол деп ойлайсыз?

    – Көпкүндік әлі аяқталған жоқ. Мұндай жарыста кез келген сәтте жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. Кімнің жеңетінін енді екі күннен кейін біле жатармыз.

    18-кезеңнен кейін велошабандоздар барлығы 3097,3 шақырым жүрген екен. Олардың ішінде ең қысқасы бірінші кезеңдегі 8,4 шақырым болса, ең ұзағы 11-кезеңдегі 262 кезең болған. Енді велосаңлақтар барлығы 388 шақырым жолды жүріп өтулері керек

    Cұхбаттасқан Әзиз Жұмаділ, “Алаш айнасы”

    «Джиро д’Италия» 19 кезең
    Брешиа — Априча, 195 шақырым
    1. Микеле Скарпони (Италия, Androni Giocattoli) 5:27:04
    2. Иван Бассо (Италия, Liquigas-Doimo)
    3. Винченцо Нибали (Италия, Liquigas-Doimo)
    4. Александр Винокуров (Казақстан, «Астана») — 3,05
    5. Джон Гадре (Франция, AG2R La Mondiale)

    82. Горазд Стангели (Словения, «Астана») — 27,26
    94. Роман Киреев (Қазақстан, «Астана») — 35,17
    95. Андрей Гривко (Украина, «Астана»)
    100. Хосеп Хуфре (Испания, «Астана»)

    Жалпы есеп:
    1. Иван Бассо (Италия, Liquigas-Doimo) 81:55:56
    2. Давид Арройо Дуран (Испания, Caisse d’Epargne) — 0,51
    3. Винченцо Нибали (Италия, Liquigas-Doimo) — 2,30
    4. Микеле Скарпони (Италия, Androni Giocattoli) — 2,49
    5. Кэйдл Эванс (Австралия, BMC Racing Team) — 4,00

    8. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана») — 6,02
    53. Хосеп Хуфре (Испания, «Астана») 1:48:32
    64. Андрей Гривко (Украина, «Астана») 2:02:58
    86. Роман Киреев (Қазақстан, «Астана») 2:34:53
    93. Горазд Стангели (Словения, «Астана») 2:42:00

    Аламан Ақпарат

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание