Саша шаршап қалған ба?
-
- Views: 2 374.
«Джиро д’Италия» велокөпкүндігінде үш кезең бойы көшбасшылықты ешкімге бермей келген жерлесіміз Александр Винокуров күлгін-қызыл жейдесін ақыры шешті. Жай ғана шешіп қойған жоқ, 11-кезеңде көшбасшыдан бақандай 12 минут 45 секундқа қалып қойып, жалпы есепте 12-орынға бір-ақ сырғыды.
Әзиз ЖҰМАДІЛ, “Алаш айнасы”
Бұл биылғы «Джиродағы» ең ұзақ кезең болатын. Италияның Лучера қаласынан Л’Акуила қалашығына дейін созылған кезең 262 шақырымды құрады. Бірақ, шыны керек, жерлесіміз үшін бұл кезең өте сәтсіз аяқталады деп ешкім ойлаған жоқ еді. Қайта 11-кезеңді осы турнирдің алдында ғана өткен «Льеж-Бастон-Льеж» біркүндігімен салыстырушылар көп болды. Ал Александр Винокуровтың өзі бұл кезеңнің жолын «Джиро дель Трентино» көпкүндігінің жолдарына ұқсатты.
Айта кетейік, жерлесіміз «Льеж-Бастон-Льеж» және «Джиро дель Трентино» турнирлерінде де алдына жан салмаған болатын. Соны ойлаған біз «Саша 11-кезеңді еш қиналмастан бағындырады. Тіпті басты қарсыластары Кадель Эванс, Винченцо Нибали және Иван Бассоны тағы бір-екі минутқа артта қалдырады» деп топшылағанбыз. Өкінішке қарай, барлығы біз ойлағандай болмай шықты. Сөреден 40 шақырым ұзай бергенде-ақ «Катюша», «Cervelo Test Team», «Quick Step», «Caisse d’Epargne» тағы бір-екі команда бастаған топ Винокуров, Эванс және Бассо бастаған пелетонды артқа тастап, жеткізбестей ұзап кетті. Рас, егер тырысқанда, көшбасшыларды жетіп алуға да болар еді. Бірақ пелетонды алға сүйрейтін ешкім болған жоқ. Винокуров тарапынан белсенділікті байқамаған Эванс та «аттың басын бос жібермей» ұстап тұрды.
Тіпті әншейінде сәл мүмкіндік туса, алға атылатын Нибали де бұл жолы пелетон тізгінін өз қолына алуды ойламады. Әлбетте, бұл кезде олар мәреге жеткен соң бармақ тістеп қалатындықтарын білмеген еді. Оның үстіне, бұл күні Альпі тауының бөктерінде күн салқын әрі жауын-шашынды болғанын айта кетуіміз керек. Соған байланысты радио байланысы істен шығып, Винокуров бастаған пелетонға Карлос Састре, Брэдли Уиганс сынды саңлақтардың тым алысқа ұзап кеткендігі туралы хабарланбады. Міне, жерлесіміз бастаған пелетонның сәтсіздікке ұшырауын, бір жағынан, техникалық ахаулармен де байланыстыруға болады. Десек те, мұның алдындағы турларда да ауа райының қолайсыз болғанын, ол кездерде де радиобайланыстың істен шыққанын ұмытпауымыз керек. Ондай кездерде Саша тек өзіне сеніп, бас пелетонның ізінен қалмайтын.
Александр Винокуров, «Астана» велоклубының капитаны:
– Біз жүрген пелетонда ешкім көш тізгінін қолына алып, бас пелетонды қуып жетуге ұмтылмады. Басында бір-екі рет пелетонды өзім тартып көрдім. Бірақ ешқайсысының тарапынан қолдау таппадым да, ұмтылысымды қоя қойдым. Мен басқалар үшін жұмыс істегім келмейді. Бүгінгі сәтсіздікке мен емес, Нибали, Бассо бастаған италиялықтар бас ауыртуы керек. Өйткені олар күлгін-қызыл жейдені әлі бір рет те киген жоқ.• Өкінішке қарай, күн өткен сайын Александр Винокуровтың грегарилері азайып барады. Басында бас көмекшісі Паоло Тиралонгодан айырылған болса, бұл жолы Александр Дьяченко, Валентин Иглинский және Энрико Гаспоротто да жарыс жолынан шығып қалды.
«Джиро д’Италия» 12 кезең
Чита Сант’Анджело — Порто Реканти 206 шақырым1. Филиппо Поццато (Италия, «Катюша») — 5.15,50
2. Томас Вокле (Франция, Bbox Bouygues Telecom)
3. Жером Пино (Франция, Quick Step)
4. Стефано Гарцелли (Италия, Acqua & Sapone)
5. Александр Винокуров (Қазақстан, «Астана»)Жалпы есеп:
1. Ричи Порт (Австралия, Saxo Bank) — 50.46,06
2. Давид Арройо Дуран (Испания, Caisse d’Epargne) — 1,42
3. Роберт Кизерловски (Хорватия, Liquigas-Doimo) — 1,56
4. Хавьер Тондо Волпини (Испания, Cervelo Test Team) — 3,54
5. Валерио Агноли (Италия, Liquigas-Doimo) — 4,41
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments (1)
-
Leave a Reply
Вино шаршаған жоқ, сағаты туады әлі. Бастылармен тізе біріктіру керек, қуып жету мүмкіндігі бар. Сәттілік, Виноға!