Мақсат Аязбаев: «Астана» командасына барғым келеді
-
- Views: 4 109.
Alaman.kz: Мақсат Аязбаев: «Астана» командасына барғым келеді
Назерке СҰЛТАНБЕКЖасыратыны жоқ, велоспортта қазақ есімін көрсеңіз, қуанасыз, тіпті таң қалуыңыз да ғажап емес. Дегенмен, былтыр бірінен соң бірі әлем велошосселерінен қуанышты хабарлар түсіп жатты. Бастапқыда Азия чемпионатынан қос алтынмен қатар, Мақсат Аязбаев күміске қол жеткізді, кейін «Джиро де Луниджиано» көпкүндігінде тағы да МақсатАязбаев жалпы есепте жеңімпаз атанды.
- Алматы облысы Сарқанд кентінде дүниеге келдім, – деді Мақсат Аязбаев. – Төрт жасымнан бастап Талдықорғанда тұрамын. Осыдан жеті жыл бұрын бірге оқитын сыныптастарымның барлығы велоспорт секциясына қатысып жүргенде, мен тенниспен айналысатын едім. Теннистен қолым босаған кезде велошабандоз достарымның жаттығу залына бас сұғамын. Бастапқыда бұл спорт түріне қызығушылығым жоқ еді. Кейіннен велосипед тебу ұнай бастады. Содан теннисті тастап, сыныптастарыммен бірге велосипед тебуге кірістім. Жаттығу кезінде бапкерлердің көзіне түскен болуым керек. Бірден жарыс жолына салды…
- Алғашқы бапкерің кім?
- Манат Таласпаев. Қазір ол кісі Талдықорғанда.
- Алғашқы жарысың ше?
- Бірінші жарысым Талдықорғанда өткен Кивилев атындағы турнир болды. Алғашқы жарыс болғанықтан, нәтижем жақсы болмады. Бір жылдан кейін Шымкенттегі Ломакиннің турнирінде бағымды сынадым. Бұл жарыста өзімнің құрдастарымның арасында үздік шықтым. Дәл сол бәсекеден кейін мені Виталий Штыхлин Алматыдағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне шақырды.
- Былтыр көптеген жарыстарда бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетіпсің…
- Оныңыз рас. 2009 жылы алғаш рет Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына шақырылған болатынмын. Шынымды айтсам, сол кезде қатты қиналдым. Өйткені шетелге алғаш шығуым еді. Дегенмен, барымды салып, «Тур де Кореяда» 3-орынға ие болдым. Кейін Индонезиядағы Азия чемпионатында бағымды сынап, құрлықтық сайыста 5-орынды місе тұттым. Ал, былтырғы жылға келер болсам, 2010 жылы көптеген халықаралық жарыстарға қатысып, кәсіпқойлық тұрғыдан біршама өстім. Кипрде өткен «Тур Гересокп» және Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Азия Біріншілігінде 2-орыннан көріндім. «Тур де Пайз де Ваут» (Швейцария) жарысының жалпы есебінде үздік бес велошабандоздың қатарына қосылдым. Ал, Италияда өткен «Джиро де Луниджиано» көпкүндігінде жеңімпаз атандым.
- Демек, дайындығың жақсы болған ғой…
- Әр жарыс сайын біз үлкен дайындықтан өтеміз. Сол сияқты Италиядағы жарыс алдында екі ай бойы тапжылмай командамызбен бірге тер төктік. Әсіресе таулы жерлерде жаттықтық. Сонымен қатар, бір ай бойы Италияда болып, сол жақта жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Ал, жарысқа келер болсам, алғашқы кезеңде таулы жердегі мәреге 15 шақырым қалғанда негізгі топтан озып шықтым. Мәреге 4 шақырым қалғанда қарсыластарыммен арадағы уақыт 1 минутты құрады. Бірінші кезеңде жеңіске жеткенімді білсем де, өзімді қамшылап, барымды салып, қалған кезеңдер туралы да ұмытпауға тырыстым. Бағым жанып, жарыс бойы сары жейдені уысымнан шығармадым. Әрине, бұл ретте менің командамның көмегін айтпасам болмайды. Ұжымның дайындығы керемет. Жарыс кезінде бір-бірімізді жақсы түсіндік.
- Жаттығудан қолың қалт еткенде, немен айналысасың?
- Бельгияда жаттығу базамыз бар. Жаттығудан кейін тамағымызды пісіріп, кірімізді жуамыз. Кітап оқимыз. Жаттығу күніне 5-6 сағаттан болғандықтан, бос уақыт та көп бола бермейді.
- Кітап оқығандарың жақсы ғой. Қандай кітаптар оқисың?
- Классиканы жақсы көремін. Маған қатты ұнаған шығарманың бірі – «Эдуард 3».
- Еліміздің бас велокомандасы «Астанаға» шақырылдың ба?
- Жоқ, әзірге ешкім шақырған жоқ. Бәлкім, мен әлі жастау шығармын. Дегенмен, «Астана» велокомандасына кіруге талпынып жүрмін. Ол үшін, әрине, жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, тәжірибе жинақтауым керек.
- Жалпы, дәл қазіргі кезде «Астана» велоклубына легионерлерді қосудың керегі бар ма? Онсыз да «Астана» велокомандасы бүкіл әлемге танымал ғой…
- Менің ойымша, легионерлердің көмегі өте көп. Егер легионерлер болмағанда, «Астана» командасы қазіргідей бүкіл әлемге танымал болмас еді. Қазіргі таңда «Астана» ізбасарларды тәрбиелеуде өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Біз сияқты жас велошабандоздар өскенше, команданың негізін легионерлер құраған дұрыс та шығар…
- Қазіргі уақытта студентсің бе?
- Иә, Қазақтың спорт және туризм Академиясының 2-курсында оқимын.
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments 5 комментариев
-
Leave a Reply
Мақсат келесі жылы «Астанаға» немесе Астана 2 ашылса, соның құрамына кіретін шығар.
Мақсат және тағы бірнеше талапты жастар өсіп қалды,оларды әрине Астананын құрамына алу керек.
Жастардың аяқ алысы жақсы. Барынша қолдау көрсету керек.
Жолың болсын, Мақсат!
Жолың ашық болсын Мақсат!