Контадордың басына бұлт төнді
-
- Views: 3 150.
Биылғы күз айларына дейін еліміздің «Астана» клубының намысын қорғаған испан дүлдүлі Алберто Контадордың басына бұлт төніп, жағдайы тығырыққа тірелді.
Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) Контадорды «жазықты» деп тапқандай. Өздеріңіз білесіздер, испан велошабандозының ағзасынан кленбутерол табылған. Тиісті нормадан аз болса да, допингке қарсы орталық (WADA) оның соңына майшам алып түскен. Артынан «гемотрансфузия әдісімен (өз ағзасына қан құю жолымен) допинг қолданған» деген күдіктің шеті қылтиды. Дүйсенбі күні Халықаралық велосипедшілер одағы Испания велоспорт федерациясының Контадорға қатысты өз шешімін шығаруын (шара қолдануын) талап етті.
Енді Халықаралық велосипедшілер одағының допингке қарсы ережелері бойынша Испания велоспорт федерациясы Контадорға қатысты өз шешімін шығаруы керек. Бұған бір ай уақыт беріледі. Нақты мерзімі – 8 желтоқсанға дейін. Осы бір ай ішінде Испания федерациясы қандай да бір шешім қабылдауға міндетті. Әйтпесе, өздеріне қомақты сомада айыппұл салынады. Бірден емес, әрине. Бұл – ұзаққа созылатын дау-дамай. Егер Испания федерациясы ешқандай шара қолданбай, Контадорды жауапқа тартпаса, онда бұл мәселе Жоғары спорттық арбитражда (төрелікте) қаралатын болады. Мұның келесі жылдың аяғына дейін созылуы мүмкін. Яғни Контадор бір жылын бостан-бос жоғалтады. Себебі Халықаралық велосипедшілер одағы оның өз тулары астында өтетін веложарыстарға қатысуға рұқсат бермейді. Қазірдің өзінде тыйым салып отыр. Егер осы бір айдың ішінде қандай бір шара қолданылмаса, онда UCI-дің допингке қарсы ережелерінің 280-бабына сәйкес, Испания федерациясы осы мерзімнен асып кеткен әрбір апта үшін 5000 швейцар франкі көлемінде айыппұл төлейтін болады.
Бұл ереженің шетелдік басылымдарда жарық көрген жалғасына көңіл аударсақ, егер үш ай ішінде Испания федерациясы ешқандай шара қолданбаса, онда UCI Жоғары спорттық арбитражға шағым түсіреді. Бұл дегеніңіз – қып-қызыл шығын. Осы дау-дамайға қатысушы тараптардың бәрінің барлық шығынын Испания федерациясы төлейтін болады. Басқа-басқа, бірақ Испанияның аузы күйген, мұндай жағдайдан. Алехандро Вальверденің ісін осылай ақыр соңына дейін созып алып, бәрібір UCI өз дегеніне жетіп тынған. Вальверде 2012 жылға дейін велоспорттан аластатылған. Жалпы, іс насырға шауып, UCI Жоғары спорттық арбитражға дейін жететін болса, Испанияның да, Контадордың да ұтары аз.
Ал егер Испания федерациясы Контадорды жазықты деп, жазаға тартатын болса, онда да ұтары шамалы. Ең сорақысы, Контадор онда мәртебесі бәрінен жоғары «Тур де Франс» көпкүндігіндегі үшінші жеңісінен айырылып қалады. Яғни 2010 жылғы «Тур де Франс» көпкүндігіндегі жеңісі жоққа шығарылады. Содан соң Контадордың кем дегенде бір жылға (әйтпесе екі жылға) велоспорттан аластатылуы да мүмкін. Нағыз кемеліне келген шағында (27 жасында) тұсауланып, үйінде қол қусырып отыруы керек. Бұл нағыз «былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің» кері. Тайқып кетер жол жоқ. Не бүк, не шік болу керек.
Әрине, Контадор «Тур де Франс» көпкүндігіндегі үшінші жеңісінен айырылып жатса, «Астана» клубына да жақсы атақ келмес. Негізі, велоспорт әлеміндгі осындай дау-дамайлардың бізге беймәлім тұстары көп. Кім кімге жақпай қалды, кім ұтады, кім ұтылады – бәрі де белгісіз. Біздің білеріміз, Қазақстан велоспорт федерациясы мен «Астана» клубының да UCI-мен дәм-тұзымыз жараспай, Александр Винокуров пен Андрей Кашечкин біраз уақыт велобәйгелерден тыс қалған. Яғни біздің де аузымыз күйген.
Автор: Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments (1)
-
Leave a Reply
Контаның болашағы зор! тағылған айыптың орнын шаю үшін уақытта болады.Сабур, күш қайрат болсын тек!