Келімсектер келсе де, кетсе де риза емеспіз

    • Filled in News in Kazakh 2 Октябрь 2009 в 11:16, author: Sake
    • Views: 2 931.

    96

    Енді жарты айдан соң «Астана» вело­шабан­доз­дары еңбек дема­лы­­сына шығады. Яғни жерлес­теріміз үшін биылдыққа соңғы жарыс 17 қазан күні Италия жерінде өтетін «Джиро Д’Ломбардия» бір­күндігі болмақ. Содан кейін жерлестеріміз келесі жылға дейін велосипед ершігімен қоштасады. Демек, вело­ша­бан­доздарымыз­дың биылғы жылғы нәтиже­леріне баға беруге бұдан басқа қолайлы сәтті таба алмаспыз.

    Келісетін боларсыздар, биылғы жыл қазақстандық «Астана» велокомандасы» үшін шым-шытырық оқиғаларға толы болды. Тіпті жыл бойғы оқиғаларды жинап, көркем фильм түсіріп жіберуге де болатындай. Мәселен, жыл басында велошабандоздарымыз өздеріне тиісті жалақыларын айлап ала алмай, бүлік шығарған болса, артынан барлығы ретке келіп, «Астана» «Тур де Франс» турнирінде керемет жеңіске жетті. Дегенмен әйгілі көпкүндіктен кейін командамыз қайтадан қожырай басты. Беткеұстар бірнеше май­талмандарымыз басқа клубқа ауысуды жөн көріп, олармен бірге бас менеджер де кетіп қалған болатын.

    Сонымен, қолымызда бар бейресми мәліметтерге сүйенсек, келесі жылы команда сапында басшылардан Йохан Брюнель, Вячеслав Екимов және Ринус Вагтманс болмайтын көрінеді. Ал спорт­шылардан Лэнс Армстронгты, Леви Лей­файмерді, Ярослав Поповичті, Янец Брайковичті, Сержио Паулиньоны, Аймар Субельдияны, Грегори Растты, Стив Морабитоны және Михаэль Шэр мен Томас Вайткусты көре алмайтын сияқ­тымыз. Сондай-ақ Альберто Контадор, Андреас Клоден, Хосе Луис Рубьера, Хэсус Эрнандес, Даниэль Наварро, Крис Хорнер, Бенджамин Новаль сынды саңлақтардың да командада қалу-қал­мауы белгісіз.

    Яғни келесі жылы «Астана» велокомандасы легионерлерден жүз пайызға тазаруы ғажап емес. Осы жерде түсінбейтініміз, бұрындары веложан­күйер­лер, «Жарыс­тарға қазақстандық спортшылар қатысып жүрген жоқ. Барлық назар тек Контадор секілді саңлақтарға аударылып жүр. Ал жерлестеріміз шетте қалып қоюда», – деп мұң шағушы еді. Қазір басқаша шырылдай бастадық. Нақтырақ айтсақ, бүгінде көптеген қазақстандық веложанкүйер «Контадор, қайда кетіп барасың?» деп жылайтын болыпты. Астын сызып айта кетейік, егер келесі жылы испандық саңлақ командада қалатын болса, онда клуб басшыларына Хэсус Эрнандес және Бенджамин Новальмен тіл табысу оңайға түседі. Өйткені осы үшеуінің өте жақын дос екенін барша веложанкүйер куә.

    Ендігі кезекте цифрға жүгініп көр­сек. Биылғы жылы «Астана» велоко­манда­сы­ның «Про турлық» жарыстарына барлығы 28 велошабандоз тіркелген болса, оның 17-сі шетелден шақыртқан келімсектер екен. Демек, олардың бар­лығы клубтан кететін болса, онда ұжымда өзіміздің 11 жерлесіміз ғана қалады деген сөз.

    Алайда клуб басшылары жаңа мау­сымда жаңа легионерлерді шақыраты­нын да жоққа шығармайды. Мәселен, олардың қатарында голландиялық «Рабо­банк» велоклубының жарқын жұлдызы Роберт Генсинк те бар көрінеді. Дегенмен команданың жаңа құрамын 20 қазаннан кейін толық білетін боламыз. Өйткені Қазақстан велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Анты­шевтің айтуынша, 20 қазанға дей­ін «Астана» велоклубы «Про тур» жарыс­тарына қайта тіркеуден өтуі керек.

    Енді бас менеджерлікке келетін болсақ. Өздеріңіз білесіздер, қызметінен босаған Йохан Брюнельдің орнына «Астана» басшылығы итальяндық маман Джузуппе Мартинеллиді тағайындады. Алайда мұның алдында бірнеше үміткерлердің болғаны жасырын емес. Атап айтсақ, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары «Астана» менеджерлігіне Александр Винокуровты, тіпті Александр Шеферді де «тағайындап» үлгерген еді. Бірақ екеуінің де кандидатурасы менеджерлікке сай келмеді.

    Алғашқысын халықаралық велосипедшілер қауымдастығы (UCI) менеджерлікке жарамсыз деп тапқанын айта кетуіміз керек. «Егер команда басына Винокуров келер болса, онда «Про тур» жарыстарымен қоштаса беріңіздер», – деп-ақ UCI Винидің кандидатурасына нүкте қойды. Ал Александр Шефер­дің менеджерліктен гөрі спорт дирек­тор­лығында пайдасы мол екенін команда басшылары дер кезінде түсінді. Сөйтіп, басты үміткерлердің арасынан итальяндық Джузуппе Мартинелли мен голландиялық Тео де Рой ғана қалған еді. Қазақстан велоспорт федерациясы алғашқысын таң­дады.

    Осы орайда айта кетейік, «Астана» командасы жанкүйерлерінің арнайы сайты: «Бас менеджерлікке қайсысын таңдайсыз?», – деген сауалнама жүргіз­ген екен. Нәтижесінде, оқырмандардың 52 пайызы Тео Де Ройға дауыс беріпті. 37 пайызы Мартинеллиді лайық деп тапса, қалған 11 пайызы «басқа маман керек» деген пікірде болған көрінеді. Иә, жанкүйерлерді түсінуге болады.

    Дәл қазір велоспорт әлемінде Мартинеллиге қарағанда де Ройдың танымалдылығы жоғарылау. Оның үстіне ғаламтордан екеуінің есімін қатар іздесеңіз, голлан­диялық туралы ақпаратты көптеп кез­дестіресіз. Оның себебі жоқ та емес. Мартинелли 2004 жылы атақты шәкірті Марко Пантани қайтыс болғаннан кейін, аздап көлеңкеде қалып қойды. Ал де Рой соңғы рет голландиялық «Рабобанктың» бас менеджері қызметін атқарды. Йохан Брюнель велоспортшы болып жүрген кезінде бельгиялықтың бапкері де болған.

    Яғни де Рой үшін бүгінде Брюнельмен тіл табысу аса қиынға соқпас еді. Бірақ 2007 жылғы «Тур де Франс» көпкүндігі кезінде Тео де Ройдың басы допингтік бәлеге қалғанын әлі ешкім ұмыта қоймаған болар. Естеріңізде болса, сол жылы де Рой басқарған «Рабобанктың» бас капитаны Микаэль Расмуссен қорытынды есепте бірінші орында келе жатып, «допингтік тексерістен жалтарды» деген айыппен командадан аластатылған болатын. Ал де Ройдың өзі содан кейін «отставкаға» кеткен-ді. Яғни Тео де Рой «Астана» велоклубының бас менед­жерлігіне таға­йындалған күнде, онсыз да тиісерге сылтау таппай отырған UCI бізге тіпті өшігіп алар еді. Демек, «Астана» басшылығының таң­дауы дұрыс шықты деп ойлаймыз.

    Азиз ЖҰМАДІЛ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание