Қазақ елін Еуропа көреді
-
- Views: 4 976.
2010 мен 2011 жылғы маусымда «Еуроспорт» арнасы өз көрермендеріне қазақ елін көресетеді. «Астана» велоклубы мен «Еуроспорт» бірлескен жобаны жүзеге асырмақшы. Бүгін бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының және телевизия холдингінің басшылары мәлімдеді. Әлемге әйгілі болған «Астана» клубынан шыққан шабандоздарды, Қазақстан қалалары мен еліміздің әсем табиғатын және мәдени құндылықтарымызды танытатын фильмдер түсіріледі.
Сондай-ақ болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларды көрсететін 16 сюжет жасалады. Фильмдердің түсірулі және прокатқа берілуін толықтай «Еуроспорт» қаржыландырады. Сол сияқты аталған арна 7-ші қысқы Азиада ойындарын трансляциялауы мүмкін.
Жігер Әзберген
«Астана» велокомандасының табыстарына тәнті болған «Еуроспорт» телеарнасы енді команданың спортшылары арқылы Қазақстанды жарнамаламақ.
«Еуроспорт» телеарнасы велоспортта топ жарып, Еуропаны тамсандырған «Астана» командасымен бірлесіп, біздің елімізді кеңінен насихаттайтын екі бірдей тележобаны қолға алып отыр. Оның біріншісін – «Спортшымен саяхат» (The Sport Traveller) деп аталатын 20 шағын фильмнен тұратын тележобаны lonely Planet продакшн компаниясы қазан айынан бастап түсіруге кіріседі. Сонымен, бір мезгілде Еуроспорттың түсіру тобы «Балғын үміт» (Yong hopes) жобасын да әзірлеумен айналысады. Бұл жаңалықты кеше Астанада өткен баспасөз мәслихатында Еуроспорт телеарнасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша сатылым директоры Томас Бьорет пен аталған аймақ бойынша коммерциялық директоры Саша Лайер хабарлады. Еуроспорт өкілдерінің айтуынша, «Спортшымен саяхат» фильмінде «Астана» велошабандоздары Қазақстанның қалалары туралы әңгімелеп, еуропалық көрермендерге өздері демалғанды ұнататын көрікті орындар мен әдемі жерлерді таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанға келетін шетелдік қонаққа елімізде қандай табиғи қорықтар мен көрікті мекендер, мұражайлар бар екендігінен хабардар етеді. «Қазақстан – келіп көруге тұрарлық өте қызықты, айрықша ел. Сондықтан менің және менің тобымның міндеті – көрермендерімізге осы елді мейілінше кеңінен көрсету», – деген Саша Лайер баспасөз мәслихатында «Балғын үміт» жобасының да мақсатын ашып айтты. Бұл жоба бойынша Еуроспорт телеарнасы еліміздің болашағынан үміт күттіретін жас спортшылары – жас теннисшілер мен футболшыларымыз, велосипедшілеріміз туралы 16 сюжет әзірлемек. «Тұтастай алғанда, осы жобалар арқылы Қазақстанның мәдениеті мен құндылықтарын да насихаттап, елдің спорттық әлеуетін көрсетпекпіз. Осы тұрғыдан алғандағы түпкі мақсатымыз – Қазақстанды таныту, бірінші кезекте еуропалықтарға кеңінен таныту», – деген Саша Лайер Еуроспорт 2010-2011 жылдары біздің елде болатын барлық спорттық жарыстарды да назардан тыс қалдырмайтынын айтып қалды. Соған орай «Еуроспорт Астана мен Алматыда өтетін қысқы Азиада ойындарын трансляциялай ма?» деген тілшілердің сауалына осы баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР велоспорт федерациясының президенті, «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов: «Біз Еуроспорттың қысқы Азиада ойындарын көрсеткенін қалаймыз. Сондықтан бұл мәселеге қатысты алғашқы кәсіби диалогті Еуроспорт өкілдерімен бүгін бастаймыз. Еуроспорт Азиаданың тек қызықты тұстарын көрсете ме, жоқ әлде кең ауқымда трансляциялай ма, ол арасы таяу күндері белгілі болады», – деп жауап берді.
Ерекше атап айтарлығы, Еуроспорт аталған екі жобаны да өзі қаржыландырады. Дайын болған фильмдер мен сюжеттерді алдағы қараша айынан 2011 жылдың ақпан айы аралығында эфирге шығару жоспарланған.
Автор: Айбын Бақытұлы
Қазақстанға бір сәтте миллиондаған адам саяхат жасамақ. Еуропадағы ең беделді телеарналардың бірі біздің спортшылар туралы кино түсіріп, олармен бірге еліміздің көрікті жерлерін аралауды көздеп отыр. Шетелдіктер бұл ұсыныстарын «Астана» велокомандасына жасапты.
Қабілетті спортшылардың өміріне қызығушылық білдірген шетелдік телеарна ірі бастаманы қолға алды. Әйгілі «Лонели планет» компаниясы «Спортшылармен бірге саяхат» атты жоба аясында 20 шақты деректі фильм түсіреді. Режиссерлік идеяға сәйкес, «Астана» велокомандасының мүшелері Қазақстан қалалары жайында баяндап, туып-өскен жерлерін, сүйікті демалыс орындарын, елдің табиғи қорықтары мен тарихи жәдігерлерін көрсетеді. Сонымен қатар теннис, футбол, сынды спорт түрлерлері бойынша өнер көрсетіп жүрген жастар да көгілдір экран жұлдыздарына айналмақ. Олар туралы эфирге 16 сюжет әзірленеді. Дайын өнімді «Евроспорт» арнасынан алдағы қараша айынан бастап келесі жылдың ақпанына дейін көруге болады. Бір айтары, бұл телеарнаны күн сайын 20 млн.-ға жуық көрермен тамашалайды екен. Жаңа жоба өзара әріптестік қарым-қатынастың бастауы ретінде қарастырылуда. Қазір Азиада ойындарын трансляциялау жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
"Еуроспорт" телеарнасы "Астана" велотобы туралы деректі фильм түсіреді
Жуырда «Астана» велокомандасы «Еуроспорт» телеарнасымен бірігіп, жаңа жоба жолында жұмыс жасамақ. «Спортшымен саяхат» деп аталатын туындының түсірілімі осы жылдың қазан айында басталады. 20 қысқа фильмнен тұратын шағын сериалды «Lonely Planet» продакшн-компаниясы жарыққа шығарады. Басты идея –«Еуроспорт»каналын тамашалайтын 20 миллион көрерменге «Астана» велошабандоздары арқылы Қзақстан қалалары мен демалыс орындарын таныстыру. Велотоп жетекшілері бұл жоба келешекте елімізге туристерді де тартуға сүбелі үлесін қосады деген сенімде. Сондай-ақ, «Еуроспорттың» түсіру тобы «Үміт күтіретін жастар» атты жоба әзірлемек. Ол – теннис, футбол және велоспорт саласындағы спортшыларды қамтитын 16 сюжеттік еңбек. Бұл туындыларды бір мезетте 59 ел тамашалай алады.
Лайер Саша, "Еуроспорт" телеарнасы, Шығыс-Еуропа коммерциялық директоры
«Астана» велокомандасы еуропа қауымына етене таныс. Енді көрермендер Қазақстан елі жайлы толық ақпарат алып, көгілдір экран арқылы көргісі келеді. Біз тек кең аудиторияның сұрансын қанағаттыруды қалаймыз. Біз жасаған ұсынысқа лезде рұқсатын берген клуб басшыларына алғыс білдіреміз.
Асылхан Өмірбекұлы
«Астана» велокомандасы мен «Еуроспорт» телеарнасы біріккен 2 тележобаны іске асыру мақсатында қоян-қолтық араласуға бел буды.
Ақжолтай ақпаратты жалпақ жұртқа жария еткен Велоспорт федерациясының президенті, «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қ.Келімбетов: «Еуроспорт арнасы Қазақстанға арналған тележобаны қаржыландыруға және іске асыруға ниет білдірді. Телеарна еуропалықтарға Қазақ елін және біздің спортшыларды танытқысы келеді» деді.
«Еуроспорт» телеарнасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша коммерциялық директоры Саша Лайердің айтуынша, тележоба қазан айында қолға алынады. «Спортшымен саяхат» деген айдармен 20, «Үкілі үміт» деген айдарымен 16 фильм түсіріледі. Фильмнің басты кейіпкерлері - «Астана» велокомандасының шабандоздары еуропалық көрермендерге Қазақ елінің толайым табыстары мен қол жеткізген жетістіктерін әңгімелейді. Түсірілім барысында салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз насихатталып, еліміздің ең көрікті жерлері мен бас шаһарымыз - Астана айшықталады. Сондай-ақ болашағынан зор үміт күттіретін отандық теннисшілер мен аяқдопшылардың және шайтанарбашылардың алған асқарлары мен бағындырған белестері жан-жақты көрсетіледі. Фильмдер 2011 жылдың ақпан, қараша айларында эфирге шығады. Велоспорт федерациясының президенті Қ.Келімбетов: «Бұл үшін Қазақстанның қорынан ақша жұмсалмайды. Барлық шығынды еуропалық арна өз мойнына алды» десе, «Еуроспорт» телеарнасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Томас Бьорет: «Біз Қазақстанның спорттағы әлеуетін көрсете отырып, осы елдің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттаймыз» деді.
Баспасөз мәслихатында «Астана» велокомандасы басшыларының люксембургтік шабандоз Энди Шлекпен келіссөз жүргізіп жатқаны жарияланды. Энди Шлеек «Астана» велокомандасының құрамында өнер көрсететін болса, былтырғы жылдағыдай «Тур де Франста» тағы да жеңіске жетуіміз ғажап емес. Әрине, бұл жарыста еуропа командалары «Астанаға» тегеурінді қарсылық көрсетеді. Десек те, біз алдымызға үлкен мақсат қойдық. «Джиро д Италия» көпкүндігінің жекелеген сынында алдыңғы орындардан көріну арқылы командалық есепті еселеп, «Тур де Франс» шыңын бағындырмақшымыз» деді Қ. Келімбетов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы «Тур Де Франста» қазақстандық команданың намысын қорғаған Альберто Контадордың жұлдызы жанған болатын. Осыдан бір ай бұрын ол өзіне жеңіс сыйлаған топты тастап, «Team Saxo Bank» командасына қосылатынын мәлімдеді. Біреу кетсе, біреу келетіні заңдылық емес пе, А. Контадорды алмастыратын шабандоздар әлдеқашан табылып, команда құрамына қабылданып та үлгерді. Алдын ала жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жаңа маусымда «Астана» велокомандасының құрамында Ресейдің бірнеше дүркін және «Gіro d'Іtalіa - 2010» веложарысының жеңімпазы Евгений Петров пен «Gіro d'Іtalіa - 2010» жарысында 10-шы орыннан көрінген словениялық Роберт Кисерловск өнер көрсететін болды. Эстондық велошабандоз Танел Кангерт пен итальяндық Франческо Маскьярелли және чех Роман Кройцигер де «Астананың» құрамында тер төкпекші.
Жиын соңында Қ. Келімбетов: «Біз «Еуроспорт» телеарнасының Астана мен Алматыда өтетін VІІ Қысқы Азияда ойындарының ең қызықты сәттерін трансляциялағанын қалаймыз» деді. Бұған «Еуро-спорт» телеарнасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша коммерциялық директоры Саша Лайер былай деп жауап берді: «Біз Қысқы Азияда ойындарын алдағы жоспарға енгізбеген едік. Бүгін осы мәселе бойынша ойланатын сәт туған тәрізді. Әріптестігіміздің тамырын тереңдету мақсатында Азияда ойындарын еуропаға тарату ісіне араласуға болады. Біз онсыз да еуропалықтардың алдында Қазақстанның имиджін қалыптастыруға атсалысқалы отырмыз» деді.Қанат МАХАМБЕТ
Астана, Айқын газеті
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply