Кангерт оқшаулана бастады
-
- Views: 2 747.
«Джиро д’Италия» велокөпкүндігі бүгін екінші демалыс күніне аялдады. Ертең шабандоздар 39,8 шақырымдық жеке жарысқа түседі.
«Астана» командасының бұл сынға нақты көшбасшысыз түсіп жатқанын бұған дейін де әңгімелегенбіз. Бәйге басталғанда Луис Леон Санчес алғашқы ондыққа кіруге талпынатындай көрініп еді, бірте-бірте ол көшбасшыларды қатты ұзатып алды. Енді эстониялық Танел Кангерт пен италиялық Дарио Катальдо кезең сайын көзге түсе бастады. Кангерт қазір үздік ондық босағасына келді, оған командаластары тынбай көмектесуге тиіс.
Демалыс алдындағы 9-кезеңде Кангерт мәреге жетінші болып жетті. Монтенеро ди Бизачча-Блокхаус қалаларының арасын жалғаған 149 шақырым қашықтықта шабандоздар бірнеше жоғары деңгейлі тау сағалаған жолдарды артта қалдырды. «Мовистардың» серкесі Найро Кинтана көп шабуылының бірінде ұзап кетіп, негізгі қарсыласы Винченцо Нибалиді («Бахрейн») артқа тастады.
«Маған осындай асулар ұнайды. Егер күшімді аздап болса да сақтай алсам, бұл кезеңді жақсы өткізетінімді өзім де сездім. Ақыры бәрі де ойлағанымдай болған секілді. Асуға кірер жолда «Мовистар» қарқынды кәдімгідей арттырып жіберді, сондықтан жылдамдауға тура келді. Бір кезде жылдамдық мен үшін тым жедел екенін байқап, көшбасшыларды алға жібердім, өз қарқынымды сақтадым. Катальдо маған алты-жеті шақырым жақсы көмектест, сөйтіп тез қалпыма келіп, асудың соңғы бөлігін өте жақсы жүріп өттім. Енді жеке жарыста тәуір нәтижеге жету үшін барымды саламын» деді Кангерт.
Әзірше ол қазіргі көшбасшы Кинтанадан 3 минут 15 секунд артта, жалпы есепте 11-орында келеді.
«Джиро» 28 мамырда мәреге жетеді.
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply