Қайтқан жұлдызда береке бар
-
- Views: 2 861.
Есімі велоспорт әлеміне кеңінен танымал Қазақстан дүлдүлі Андрей Кашечкин «Астана» сапына қайта оралды.
Дүйсенбі күні Монакода «Астана» клубы арнайы баспасөз мәжілісін өткізді. Онда Андрей Кашечкиннің Қазақстан клубы сапын толықтырғандығы мәлімденді. Андрей 2010 жылдың екінші жартысында Италияның Lampe клубымен келісім-шартқа отырған. Негізгі мақсаты биылғы «Тур де Франс» көпкүндігінде бақ сынап, осы аламан бәйгеде өзінің деңгейі жоғары дүлдүл екендігін дәлелдеу еді. Алайда Италия клубы, негізінен, өз елінің велошабандоздарына мүмкіндік беріп, соларға жағдай жасап, Кашечкин тасада қалып қойды. Сондықтан Андрей өз елінің велоклубына қайта оралды. Ол Қазақстанның брендіне айналған велоклубпен 2013 жылға дейін келісімшартқа отырыпты. «Астана» клубының баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға сенсек, биылғы жылдың аяғына дейін көк тиын да алмай, тегін өнер көрсетпек. Ал оның Lampe клубымен қалай есеп айырысқаны әзірше ашық айтылмай отыр. Мұнымен Кашечкиннің адвокаты айналысып жатқан сыңайлы.
«Астана» клубы жаңадан құрылған кезде, яғни 2006 жылы осы ұжымның сенім артар серкелерінің бірі болған Кашечкин өз елінің командасына қайта оралғандығына дән риза. Бұл орайда ҚР велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов пен «Астана» клубы басшыларына дұғай-дұғай алғыс жолдауда.
– Он үш жыл Еуропада тұрамын. Бірақ сонда мен Қазақстан спортшысы болып қала беремін. Өз елімнің намысын қорғау туралы ой ешқашан жадымнан шыққан емес. Сондықтан Lampe клубымен арадағы келісімшартты үздім. Енді өз Отанымның намысын жыртуға дайынмын. Бұл – менің патриоттық борышым. Мен мұндай мүмкіндікті ұзақ күттім. Қазір мен спорттық бабымдамын. «Тур де Франсқа» қатыса алмағандықтан, күш-қуатымның бәрі сақталды. «Вуэльтада» алғашқы бестіктен көрінуге тырысамын. Өз еліме жеңіс те сыйлағым келеді. Енді менің уақытым жетті, енді менің дәуірім басталды деп ойлаймын. Қазақстан Туы астында өзімді көрсетуім керек, – деп ақтарылыпты Андрей Кашечкин.
Ал өз өміріндегі допингіге қатысты келеңсіздік жайында «жанымды уайым мен қайғы басқан сол күндерде де бос отырмай, еңбектендім, тіпті философиялық ілімдер мен әдебиеттерді көп оқып, жан дүниемді байыта түстім» депті.
Естеріңізге сала кетейік, Андрей Кашечкин – Қызылорда тумасы. Қазір 31-де. Нағыз тәжірибесінің толысқан кезі. Өз кезегінде «Астана» клубының басшылары Андрейге үлкен сенім артып отыр. «Тур де Франс» көпкүндігіне барғанымызда, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев:
– Тамыздың 1-і күні өз клубымыздың сапын деңгейі жоғары бір велоспортшымен толықтырамыз. Кім екенін сол кезде білетін боласыздар. Ол команда капитаны болады. Мақсатымыз – «Вуэльта» көпкүндігінде топ жару. «Тур де Франс» көпкүндігендегі сәтсіздіктің орнын толтыруымыз керек, – деген-ді.
Ендеше, «Астананың» Испания көпкүндігінде сенім артар серкесінің Андрей Кашечкин болуы да мүмкін. «Вуэльта» додасына «Джиро» мен «Тур де Франсқа» қатысып, титықтаған арынды да дарынды веложұлдыздар қатыса алмайды. Яғни Кашечкин секілді бағы ашылмай жүрген саңлақтардың көсіле сілтер сәті.
Осы ретте, «Астана» клубының қазіргі басшыларын «ұлттық құрама мен өз отандастарымыз туралы көп ойлайтын көздері ашық, көкіректері ояу азаматтар» деуге әбден болады. Бұл тұрғыда «Астана» велоклубының коммерциялық директоры, Кашечкинді «Астанаға» қайтарумен тікелей айналысқан Айдар Махметовтің сөзіне көңіл аударғанымыз артық етпес:
– Андрей Кашечкин – «Астана» клубы құрылғанда Александр Винокуровпен бірге осы команданың арна тартқан көзінде тұрған дүлдүлдеріміздің бірі. Сондықтан оның өз клубымызға қайта оралуы – орынды және қуанышты жайт. Команда қиын кезеңді басынан кешіп, Винокуров қатардан шығып қалғанда, қайтадан өз ортасына оралып, жігіттерді жігерлендіруге келді. Ал біз «Астана» сапына еліміздің ең үздік велоспортшыларының бәрін жиюды қалаймыз. Кашечкинді қайта шақыртуымыз – Қазақстан ұлттық құрамасын жасақтау барысындағы маңызды қадамдарымыздың бірі.
Автор: Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments 6 комментариев
-
Leave a Reply
Андрейге Вуэльтада үлкен сәттілік тілейміз. Барша жанкүйер өз командасының биіктен көрінгенін қалайды. Тек қана осы жігітке қарап қалмай, Кесякофф, Зейц, Кисерловски, Петров сияқты азаматтар көпкүндік кестесінің алдыңғы легінде болса!
Андрейден басқа Вуэлтада команданың көшбасшысы болатын шабандоз қазігі кезде АСТАНАда жоқ.Оған тек жақсы көмекшілер беру керек.Неде болса егерде Вуэлтаға Кашечкин қатысса ол доданы қызыға қарайтын болдық.
Андрей қатысатын болса, онда жарысты қарайтын бір мәні болады. тек ТДФдай бас кетіп шашылып қалмасақ болғаны..
Негізі Андрейдің айтқан сөздері жүректі жылытады. Енді айтқан сөздерін іске айналдырса, еліміздің арқа сүйер шабандозы болар мүмкіндігі бар.
Sake-нің сөзінің жаны бар. мықты команданың жағдай қалай өзгерсе де биіктен көріне алатын мүмкіндігі болу керек қой. Бұл ретте «Гарминді» мысал етуге болады. Командалық есепте бірінші орын. Тор Хушовд екі, Тайлар Фаррар бір этапты алды. Ал Даниелсон жалпы есепте 9 орын алды. Осындай емес пе біздің тілеуіміз?
бастысы команда стратегиясы бірнеше жоспарлы түрде болса ғана жеңіске жетеді, План А, Б болмай қийын ау…