Фабио Ару: КҮНІБҰРЫН ЖЕҢІЛУ ОЙЫМЫЗДА ЖОҚ
-
- Views: 3 567.
«Тур де Франс» суперкөпкүндігінің кешегі 18 кезеңіндегі Салланш-Межөв қалашықтарының арасын жалғаған 17 шақырымдық жеке жарыста «Астана» командасының капитаны Фабио Ару ІІІ нәтиже көрсетті. Бір есептен, бұл күтілмеген ерлік болды десек қателеспейміз. Өйткені, Ару бұған дейін 13 кезеңдегі 37,5 шақырымдық жеке жарысты дәл бүгінгідей жоғары деңгейде өткермеген-ді. Биылғы «Үлкен өрмектің» басты қаһарманы Кристофер Фрум («Скай») мен осындай жеке жарыстарда ғана бір көрініп қалатын Том Дюмоленді («Джиант Альпесин») ғана алға салып, Ару «Турдың» ең шешуші сәттерінде жеңіс тұғыры үшін күресе алатынын байқатты. Жарыстан кейін Аруды ортаға алып, сұрақтарымызға жауап беруін өтіндік.
– Бүгінгі жеке жарыс жолының қуыс-қалтарысын менеджер Дмитрий Фофонов алдын ала өзі жүріп көріп, түгел бағдарлап алған еді, – деді Ару. – Сол әрекет өте дұрыс болған сияқты. Қашықтықты бір деммен жүріп өткендей болдым. Бұл жеке жарыста жол тек өрге бастап отырды. Мәреге аз ғана қалғанда ғана еңіс болды. Жалпы, соңғы екі кезеңде көрсеткен нәтижеме көңілім аздап толады. Тапандап болса да негізгі қарсыластарымды артқа тастап келемін. Қалған кезеңдерде командаластарыммен бірге барымды салып, Париж төрінде мейлінше жақсы көрсеткішке ие болғым келеді.
– Соңғы екі шешуші кезеңге дайындығың қаншалықты мықты?
– Бұл таулы кезеңдер болғанмен, соншалықты ұзақ жол емес. Сондықтан өзімнің де, басты қарсыластарымның да үш аптаға жуық аламанда қалған шамасын байқап көрмекпін. Жарыстың өзі қалай болады, алға шығуға кімдер ұмтылады, жеңіс тұғырынан дәмесі барлар қандай тактика ұстанады – осының бәрін бақылап отыруым керек. Менің ойымша, біз мүлтіксіз жұмыс істеуге тиіспіз.
– Қазір көш басындағы Крис Фруммен бәсекелесу қиын ба?
– Иә, Крис – өте мықты шабандоз. Онымен егесу маған да оң тәжірибе болары сөзсіз. Фрум «Тур де Франсты» бұған дейін бір рет ұтып алғанына көңіл тоғайтып қоймай, бұл жолы да оқ бойы озып кетті. Тіпті оны осы жарысты мұншалық тамаша өткізіп жатқанымен құттықтағым да келеді. Дегенмен оған жеңісті күнібұрын ұстата салуға «Астана» командасының еш құлқы жоқ. Біз соңына дейін күресеміз.
– «Тур де Франсқа» бірінші рет қатысып жатырсың. Өзгелер айтатындай, бұл шынында да ерекше жарыс па екен?
– Иә, шынында да ерекше жарыс. Өйткені, мұнда қысым көп, жауапкершілік те молынан. «Тур де Франсқа» қатыса отырып, өзімнің қай қырымды дамыта түсуге тиіс екенімді аңғара бастадым. «Джиро», «Тур», «Вуэльта» – Гранд-турлардың үшеуіне де қатысып көрдім. Бұл үшеуі бір-біріне еш ұқсамайды, сонысымен де қызықты.
– Бүгін кезең алдында ата-анаң, туыстарың келіп, саған күш бергендей болды. Олардың қасыңда болғаны көмектесе ме?
– Әрине. Олардың команда автобусының қасына келіп рухани дем бергеніне көңілім тоқ. Тіпті жеке жарысты солардың қолдауының арқасында жақсы өткіздім десем де болады. Енді жақындарымды одан әрі қуанта түсу үшін де барымды саламын.
Жазып алған Есей Жеңісұлы
Салланш-Межөв
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments (1)
-
Leave a Reply
Рақмет! Ертеңді күтеміз.