Елисейде Эванстың айдарынан жел есті
-
- Views: 3 243.
Сонымен 98 рет өткізілген «Тур де Франс» көпкүндігі де аяқталды. Жалпы есепте Австралияның 34 жастағы тіс қаққан тарланы Кэдел Эванс топ жарып, алғаш рет мәртебесі зор аламан бәйгенің жеңімпазы атанды. Люксембург саңлағы Энди Шлек үшінші жыл қатарынан екінші орынмен шектелді. Үшінші орында – оның ағасы Фрэнк.
Альп Д'Юэздің биікке өрлеген бұраң жолы
«Тур де Франстың» 19 кезеңдік жарысы Альп Д'Юэз тауының жоғары өрлеген бұраң жолдарында өтті. Бар болғаны 109 шақырымдық «қысқа» жарыс болса да, велошабандоздарға оңайға түскен жоқ.
Велоспортшылардың алдына түсіп алып, көмбе тігілген таудың басына қарай өрлеп келеміз. Тар жолдың екі шетіне адамдар қаз-қатар орналасқан. Бұл күні халық күндегіден де көп сияқты. Өйткені «Тур де Франстың» тағдыры көбінесе осы тауда шешілетін. Биыл да жоғары тартқан тас жолы ирелеңдеп жатқан осы таудағы жарыс шешуші кезеңге тап келіп отыр.
Жолдың екі шетіндегі халықтың арасынан «Астана» клубының жанкүйерлерін іздейміз. Тым көп болмаса да, аз емес. Қол бұлғап, «Ас-та-на» деп айқайлаушылар көп. Бір кезде Голландия жанкүйерлеріне тап болдық. Ерігіп отыр ма, әлде дегбірлері қозған ба, әйтеуір біз мінген екі көлікті қоршап алды. Қаумалап, өткізер емес. Өздері тым көп. Қызғылт-сары жейделерін киіп алған. Би билеп, әндетіп, тау етегін бастарына көтерді. Бәрі де тауда емес, тойда жүргендей мәз. Сытылып шығып, одан әрі өрлеп келеміз. Қос тігіп, жайғасып алғандары да көп.
Бұл күнгі жарыста Контадор қарекет қылуға тырысты. Өкшесіне түсіп, ізін аңдыған ағайынды Шлектер мен Эванстан қара үзіп кетуге тырысты. Олардан озып кетіп, алға қара ентелеген. Алайда көмбеге жақындағанда оны француз Пьер Роллан мен өзінің жерлесі Самуэль Санчес қуып жетіп, алдын орап кетті. Сөйтіп, Контадордың ойы мен мақсатының күлі көкке ұшты. Енді оның жеңіске жете алмайтындығы белгілі болды. Ал ағайынды Шлектер мен Эванс мәре сызығын іркес-тіркес қиса, бірнеше күн бойы көшбасшы киетін сары жейдеден айырылмай жүрген Томас Фоклер ақыры шаң қапты. Оларға ілесе алмай, діңкесі құрыды. «Астана» сапынан Реми Ди Грегорио көмбеге 25-ші болып жетіп, жалпы есептегі жағдайын біршама түзеді.
Эвансқа қанат бітіп, Шлектің шабыты шау тартты
Осы кезеңдік жарыстан кейін кіші Шлектің жеңіске жететіндігіне шүбә келтірушілер аз болды. Енді ше? Ағасынан 53 секунд, ал Эванстан 57 секунд озық тұрды. Қалғандарын айтудың өзі артық. Мәселен, Фоклер 2 минут 10 секунд кейін қалды. Әрі Энди де «сары жейдені Парижге дейін шешпейтініме сенімдімін, мен мұнда жеңіс үшін келгенмін» деп отқа май құя түсті. Алайда іс жүзінде олай болмады...
20-шы кезеңдік бәйге спортшыларды жарыс жолына жеке-жеке жіберетін сын болатын. Эванс – осындай жарыстың майталманы. «Жасыл құрлықтың» дүлдүлі сонысын дәлелдеп, құстай ұшты. 42,5 шақырымды 55 минут 40 секундтың ішінде жүйткіп өтіп, Энди Шлекті тақырға отырғызып кетті. Бірінші орын алмаса да (неміс Тони Мартиннен 7 секунд қалып қойса да), небәрі 17-орынға табан тіреген Энди Шлектен 2 минут 38 секунд асып түсті. Ал жалпы есепте одан 1 минут 34 секундқа ұзап кетті. Бұл бәйгеде «Астана» велошабандоздары аса жоғары нәтиже көрсете алмады.
Жазық жолда Кавендишке «дауа» жоқ
Соңғы 21-ші кезеңдік жарыс Париж көшелерінде болды. «Тур де Франс» Елисей жазығында мәресіне жетіп, арты той-томалаққа ұласты.
Жазық жолда Британияның қызуқанды қайсар ұлы Марк Кавендиш дес беруші ме еді, тәйірі. Ең соңғы жарыста топ жарып, дәл осы уақытта өзінің теңдессіз спринтер екендігін паш етті. Әрі жасыл жейде иегері атанды. Әдеттегідей көмбеге тақағанда, алға қарай өзеуреп, бәсекелестеріне сан соқтырып кетті. «Астананың» спринтері Томас Вайткус та барын салып, тайталасып көріп еді. Болмады. Әйтсе де оның 8-орнына қуандық.
«Тур де Франс» салтанатты түрде аяқталып, әрбір команда Елисейге жиналған халықтың алдымен жүріп өтіп, көрермендер оларға қошемет көрсетті. Кешкісін өзге командалар сияқты «Астана» да «Тур де Франстың» аяқталуын атап өтті.
Дархан Қалетаев, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарушы директоры:
– Негізі, біз бүгін команда капитаны Александр Винокуровтың жеңіс тұғырына көтерілуін тойлаймыз деп ойлап едік. Өкінішке қарай, сенім артқан серкеміз жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалды. Десек те, осындай сәтсіздікке қарамай, жігерлілік танытып, соңына дейін бәйге көрігін қыздырған қалған жігіттерімізге алғыс жолдағым келеді. Олардың талпыныстары мен құлшыныстарын атап өтуге тиіспіз, – деп өз сөздерін түйіндеді.
Жалпы есеп:
1. Кэйдл Эванс (Австралия, «BMC») – 86:12:22
2. Энди Шлек (Люксембург, «Leopard Trek») – 1,34 минут қалып қойды
3. Франк Шлек (Люксембург, «Leopard Trek») – 2,30
4. Томас Вокле (Франция, «Team Europcar») – 3,20
5. Альберто Контадор (Испания, «Saxo Bank Sungard») – 3,57
...39. Реми Ди Грегорио (Франция, «Астана») – 1:22:04
45. Андрей Зейц (Қазақстан, «Астана») – 1:31:48
105. Максим Иглинский (Қазақстан, «Астана») – 2:53:50
106. Дмитрий Фофонов (Қазақстан, «Астана») – 2:53:59
112. Роман Кройцигер (Чехия, «Астана») – 3:00:59
129. Дмитрий Муравьев (Қазақстан, «Team RadioShack») – 3:14:29
140. Томас Вайткус (Литва, «Астана») – 3:20:07
144. Андрей Гривко (Украина, «Астана») – 3:26:22
Автор: Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply