«Джироның» жартысына жеттік
-
- Views: 2 382.
Жерлесіміз Александр Винокуровтың «Джиро д’Италия» көпкүндігінің жейдесін кигеніне үш кезең болды.
Әзірге «Астананың» тактикасы өз нәтижесін беріп жатыр. Басты қарсыластары Кадель Эванс та, Винчецо Нибали де жалпы есепте Сашаны қуып жете алар емес.
Эванстан 1 минут 12 секундқа, Нибалиден бір жарым минутқа алда тұрған Вини 10 кезеңде бұл көрсеткішін одан бетер өсірмекші болған. Сөйтіп, өзіне қолайлы сәтті іздеп, қарсыластарын артқа тастап, қашпақшы да болды. Алайда Эванс бастаған көшбасшылар тобы жерлесіміздің бұл ойын жүзеге асырмады. Вини ақырын жүрсе, олар да жылдамдықтарын бәсеңдетіп, Вини алға ұмтылса, олар да соңынан қалмай ілесіп отырды. Ақыры бұл кезеңде көрсеткішін өсіре алмасын білген жерлесіміз ақ тер, көк терге түсуін доғарып, мәреге бас пелетонмен қатар жетуді ғана ойлады.
Қарсыластарға да осы керек болды-ау, Сашаны назарларынан шығармай, артынан ілбіп отырды. Дегенмен мәреге жақындаған сайын велошабандоздардың жылдамдық арттырғандықтарын байқауға болатын еді. Әсіресе, Нибалидің алға көсілгенін көрсеңіз. Құдды бір, «Джироның» шешуші кезеңіне қатысып жатқандай жүйткіп, алға қарай ұмтыла берді. Бірақ оның бұл ұмтылысы ұзаққа барған жоқ. Көп ұзамай-ақ, итальян саңлақ бәз қалпына түсіп, пелетонның ортасынан бір-ақ шықты. Ал бұл кезеңде «Гармин Слипстримнің» американдық спринтері Тайлер Фаррар алдына жан салмады. Италияның Авеллино мен Битонто қаласына дейінгі 230 шақырымды 5 сағат 49 минут 14 секундтың ішінде жүріп өткен Фаррар бас пелетонды 3 секундқа артқа қалдырып кетті. Олардың ішінде Александр Винокуров, Винченцо Нибали, Кадель Эванс, Брэдли Уиганс және Иван Бассо секілді саңлақтар да бар.«Астана» жайында айтар болсақ, Винокуровтың командаластары бұл жолы капитандары үшін өте көп көмектесті. Александр Дьяченко, Валентин Иглинский және Горазд Стангелиден басқаларының барлығы да мәреге бас пелетонмен қатар жетті. Әсіресе, мәре сызығын Сашамен қатар қиған итальян Энрико Гаспароттоның еңбегін елемей кете алмаймыз.
Оныншы кезеңнен кейін жалпы есептегі жағдай көп өзгере қойған жоқ. Көшбасшылар арасындағы уақыт та сол қалпында қалды.
Александр Винокуров, «Астана» велоклубының капитаны:– Команда бұл жолы да өте керемет жұмыс атқарды. Барлығына да айтар алғысым шексіз. Ал қарсыластарыма келсем, меніңше, бүгінде «Джироны» жеңіп алуға үмітті 3-4-ақ велошабандоз қалған сияқты. Олардың қатарында Кадэль Эванстан бөлек, «Ликвигас» командасының қос саңлағы Винченцо Нибали мен Иван Бассо бар. Дегенмен өз пайымдауымша, Нибали таулы кезеңдерде капитаны Иван Бассоға жұмыс істейтін болады.
Арсен Жанаділ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply