«Джиро» таңдай қақтырады
-
- Views: 3 785.
Қазақстан велоспорт федерациясы мен "Астана" велокомандасы ұйымдастыруымен "Джиро дИталия" додасына барып қайтқан Есей Жеңісұлының мақаласын назарларыңызға ұсынамын. Мақаланың толық мәтінін "Ұлан" газеті -нен оқи аласыздар.
Жолсапар
Әуелі «Аллаға шүкір» айтайық. Италияға, «Джиро д’Италия» сынына аман-сау барып қайттық. Жер көрдік, ел көрдік. Айналайын «Астана» велокомандасы Италияның ең биік нүктелерінің бірінде – Пампеаго тауында туымызды желбіретті, абыройымызды асқақтатты. Ең бастысы, қанша спортты жазып жүрміз десек те, әр спорттың ішіне кірмей, өз ерекшелігін сезінбей тұрып, төрелік айтуға болмайды екен.
Милан қаласының «Мальпенза» әуежайынан басталған велоспорт жайлы әңгімеміз Аппенин түбегінен кетер-кеткенше жалғасты. Біздің жолбасшымыз болған «Астананың» кешегі велошабандозы, бүгінгі сервис-менеджері Максим Гуровтан көп жайға қанықтық.
Ұлан: «Джиро д’Италия», «Тур де Франс», «Вуэльта» сияқты көпкүндіктер несімен қадірлі? Тіпті бұл сындар олимпиадалардан да жоғары бағаланып жатады ғой…
Максим Гуров: Олардың қадірлі болатыны – бай дәстүрінде. Мысалы, «Джиро д’Италия» 1909 жылдан бері өткізіліп келеді, бір ғасырдан астам уақыт ішінде өзінің бай тарихын, дәстүрін, ерекшелігін қалыптастырды. Осы үш көпкүндіктің жоқ дегенде біреуін ұтып алған шайтанарбашы велоспорт тарихында мәңгі қалады. 1990 жылдары Мигель Индурайн Франция турын бес рет ұтты, «Джиро д’Италияның» екі дүркін чемпионы болды, олимпиадада да топ жарды. Демек, мүмкіндігіңе сай көпкүндіктер жеңімпаздығына да, олимпиада биігіне де ұмтылуға болады. Бірақ Индурайн, Армстронг, Контадор, Ульрих сияқты дарабоз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Велоспортшылардың көпшілігі осы атақты үш «турдың» бір кезеңін ұтудың өзін арман етеді.
Ұлан: Демек, «көпкүндікші» болу, «спринтер» болу, «өршіл» немесе «жазықшыл» болу еңбекке ғана емес, талантыңның қай жағы басым екеніне байланысты ғой?
Максим Гуров: Әрине, дәл солай. Мысалы, қазір әлемде мықты «көпкүндікшілер», велоспорт тілінде – «генеральщиктер» қадау-қадау ғана. Олар тауға да жақсы өрлей алады, жазықта да топ басында болады, жеке жарыста да алдыңғы сапта жүреді. Алберто Контадор, Александр Винокуров, Хоаким Родригес, Иван Бассо, Микеле Скарпони сияқты мықтылар сол қатардан. Ағайынды Энди және Франк Шлектер бар. Бірақ олар жыл бойы бір ғана көпкүндікке қатысады да, көбінесе қалтарыста жүреді. Әсіресе, Энди. Ал «спринтерлер», яғни, жазықтағы жарыстарда соңғы метрлерде құстай ұшатын шабандоздардың қазіргі көшбасшысы – Марк Кавендиш (Ұлыбритания). Оның көпкүндіктердегі мақсаты – спринтерлік кезеңдерде жүлдені ешкімге бермеу. Биылғы «Джиро д’Италия» сынында ол 4 әлде 5 қашықтықта мәреге бірінші жетті. Жалпы есепте Кавендиш көшбасшыдан 1 немесе 2-3 сағатқа бір-ақ ұтылуы мүмкін, тіпті өткен «Тур де Франстағыдай», таулы кезеңдерде белгіленген уақыттан кешігіп, жарыстан шығып қалуы да мүмкін. Былтыр ол осындай жағдайға душар болғанда, турды ұйымдастырушылар арнайы кешірім де жасады. Неге? Өйткені, спринтерлік кезеңдерде мықтының ұтқаны оларға да қосымша бедел. Швейцариялық Фабиан Канчеллара да мықты спринтер, бірақ қазір ол жарақатын емдеп жатыр.Ұлан: Жарыс кезінде велоспортшылар бір-біріне әдейі кедергі жасай ма?
Максим Гуров: Жасайды, жасағанда қандай! Бірақ ол теледидардан мүлде байқалмайды. Талап бойынша, спортшы қолын великтің рулінен босатпау керек, яғни, бір қолымен рульді ұстап, екіншісімен қарсыласын итеруге, я тежеуге құқы жоқ. Сонда да шынтағымен қағатындар, алдыңды қиып кететіндер, тізесімен итеретіндер бар. Бірақ олардың ешқайсысы командалардың көшбасшысына тиіспейді. Егер көшбасшының алдын көпе-көрнеу қиып немесе итеріп кететін болса, ол шабандозды содан кейін ешкім де адам деп сыйламас еді.
Ұлан: Байқаймыз, велоспорт жанкүйерлері өте көп. Жарыс барысында жолға шығып алып, қапталдаса жүгіретіндері де жетеді. Олар қатты кедергі келтіре ме?
Максим Гуров: Бір есептен, олардың айқайлап, атыңды атап, дем бергені де жақсы. Бойыңа күш құйылғандай болады. Кейде ершігіңнен итеріп, көмектескісі де келеді. Ондайда тіпті жаман, сен бір ырғақпен келе жатасың да, итере қалғанда, сол ырғағыңнан айырыласың. Жылдамдық жоғалтасың. Одан да құр айқайлағандары жақсы.
Өкінсек те, өз несібемізді алып кеттік
Кройцигерді жеңімпаздар тұғырынан көріп қалармыз»деп үміттеніп жүргенде, 17-кезең бар үмітімізді желге ұшырды. Біздің сапарымыз осы сәтсіздіктен бір күн өткенде басталды. Ертеңінде жазықта өткен 18-кезең жарыс барысына көп өзгеріс әкелген жоқ. Тревизо қаласынан басталып, Пампеаго тауының биігінде аяқталатын, ұзындығы 198 шақырымдық 19-кезеңді асыға күттік. Жолының қиындығына, бірінші және екінші дәрежелі асуларының көптігіне байланысты бұл кезең корольдік, яғни, ең мәртебелі санатқа жатқызылады екен.
Тревизо қаласының орталығындағы сөреге командалар таңғы 9-ға жуық жинала бастады. Асыға күтіп тұрмыз. «Астана» командасының аспан түстес автобусы ең соңынан келді де… ең көрнекті жерден орын алды. «Міне, көріп алыңдар!» дегендей, сонадайдан көзге шалынып, жарқырап тұр. Юрий Кулишкин автобустың нән терезесіне Қазақстанның көк байрағын әдемілеп тұрып ілді! Кеудені мақтаныш кернейді екен біртүрлі.
Италияның табиғаты неткен керемет! Жол бойы бұла табиғатқа тамсана қарап келеміз. Теңіз деңгейінен 2047 метр биіктіктегі Манген тауының төсін тіліп, бұдырсыз жол салған. Біздің таулардағыдай шашылып жатқан қағаз, бос бөтелке құтысы атымен жоқ. Тап-таза! Халықтың санасы өскен, таудың әр бұтағын, әр тасын қадірлейді. Жанкүйер қарасы өте көп. Жол бойы біздің көліктің сыртынан «Астана» командасының таңбасын көріп қалып, бармақтарын шошайтып, қуана қол бұлғайды.
Мәре Пампеаго тауында екен. Мәссаған, жол деген тіп-тік! Ең қиыны, мәре сызығын қиып өткен соң да жарыс бітпейді. Ары қарай тағы 37 шақырым жол жүріп, өрлеп, еңістеп барып, шабандоздар мәре сызығына қайта оралмақ. Қалай шыдамақ бұл сынға? Жол бойы есептеп, спортшылардың сағатына 40-45 шақырым жол жүріп келе жатқанын білгенбіз. Мынадай өрге күштерін сақтай ала ма?
«Астана» сапынан әуелі Андрей Зейтц белсеніп еді. Ол пелотоннан ұзаған топпен бірге 8 минуттай алға кеткен сәттері де болды. Зейтц сәл шаршағанда, Кевин Селдрейерс қамшы басты. Негізгі топтағы Хоаким Родригес, Микеле Скарпони, Иван Бассо, Райдер Хесьедаль сияқты топбастаушылар қатарында Кройцигер де жүрді. Осы Кройцигер екінші дәрежелі биігі бар Лавацце тауына өрлегенде сүзіле шапты. Дара кеткен Санди Казар мен Стефано Пирацциді тез қуып жетті. Казар біраз ілесіп көріп еді, Кройцигердің қарқынына шыдай алмады. Роман тартып келеді. Става биігінен асқанда ол алда жалғыз қалып еді. Журналистерге арналған алаңқайда жанымызды шүберекке түйіп біз отырмыз. Соңғы 5 шақырымды Роман жалғыз жүріп өтті. Ол әуелі көшбасшылардан 2 минуттай алда еді, бірте-бірте аралық қысқара бастады. Әсіресе, Хесьедальдің қарқыны қатты. Жоқ, Роман жеткізбеді. Пампеаго мәресінен жеке-дара өтті ол! Түрден түр жоқ, қатты шаршаған! Жарайсың, Роман! Бұл сені мықтылар қатарынан сызып тастағандарға қайтарған тамаша жауабың болды! «Астана» командасы биылғы «Джирода» осымен екінші кезеңнің бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Ертеңіндегі 20-кезеңде де Роман ұзай шапқан топ ішінде болды. Бірақ 2-3 метрлік қарының мұрты сетінемей жатқан Стельвио тауында оны көшбасшылар артқа тастап кетті. П.Тиралонго жолдағы Мортироло тауында құлап, иегі мен иығын қатты жарақаттапты. Ол да жалпы есепте кейіндеп қалды.
Әйтсе де, біз қатты өкіне қойған жоқпыз. Пампеагодай өрге ердің ері ғана шығар! Пампеагодай биікте ердің сойы ғана жеңіске жетер! Велошабандоздардың жанын бере жарысатынын көріп, біз кішкентай жеңіске де алақайлай қуанамыз керектігін жан-жүйемізбен ұғын-дық.
Дуомо төрінде – Райдер Хесьедаль!
Соңғы кезең Милан қаласында өтті. Бойына барлық дәуірдің кереметін жинаған Миланды аралай жүріп, әйгілі Дуомо ғибадатханасының, Виктор Эммануил ІІ галереясының, даңқты Ла-Скала театрының, Кастелло Сфорцеско қорғанының, Д.Гарибальди, Д.Верди, Л.Да Винчи ескерткіштерінің сұлулығына сұқтана қарадық. Құрылысы 1386 жылы басталып, 500 жылға созылған, ХІХ ғасырда ғана салынып біткен Дуомо – адамзат қолымен жасалған таңғажайыптардың бірі.
30 шақырымдық соңғы кезеңде велошабандоздар Кастелло Сфорцескодағы сөреден аттанып, Дуомо ғибадатханасының жанында мәре сызығын қиды. «Астаналықтар» сапында Александр Дьяченко тәуір нәтиже көрсетті. Дегенмен жұрттың бәрінің күткені – көш бастап тұрған Хоаким Родригес («Катюша») мен Райдер Хесьедаль («Гармин-Барракуда») арасындағы егес еді. Соңғы кезеңге екі саңлақ араларына небары 31 секунд қана салып жеткен-ді. Жеке жарыста Райдер Родригестен 47 секунд жылдам болды, сөйтіп, жалпы есепте 16 секунд айырмашылықпен Родригестен бірінші орынды жұлып алды. «Джиро д’Италия-2012» көпкүндік бәйгесінің иір-иір бас кубогы Дуомо төрінде Хесьедальға табыс етілді. Түбі норвег Хесьедаль – Канада велоспортының тарихында даңқты көпкүндіктерді ұтып алған бірінші велошабандоз екен! Бәрекелді!
Біз нені үйренуіміз керек?
Қазақстан Республикасы велоспорт федерациясының, «Астана» командасының басшылығы да «Джиро д’Италия-2012» көпкүндігінің нәтижесіне ырзалық білдірді. «Астана» екі кезеңде жеңіске жетті, командалық есепте үздік бестіктің құрамына кірді, бұл жаман нәтиже емес. Мұндай көрсеткішті армандап қалған командалар жеткілікті. Жарысқа қатысқан 22 команданың тең жартысы десем де артық емес болар!
Елдің тазалығы, өз дәстүрлеріне адалдығы, қонаққа кішіпейілділігі айтылып та, жазылып та жүр ғой, мен итальян халқының өз өмірі мен денсаулығына соншалықты жауапкершілікпен қарайтынын үлгі еткім келеді. Тамақты да шөкімдеп жейді: не аш екеніңді, не тоқ екеніңді білмей, сергек жүресің. Жасына жетпей қарын салып, ырсылдап жүргендер жоққа тән. Кастелло Сфорцеско маңынан екі баласын алды-артына мінгізген әкені, жеке велик тізгіндеген ананы көріп, таң қалдық. Халықтың тең жартысынан көбі велосипед тебеді екен. Биігіне қарасаң, бас киімің айналып түсетін Стельвио, Пампеаго тауларында кәрі-жас шайтанарбашылар құмырсқадай құжынап жүр. Тіпті перзентіне кішкентай велик мінгізіп, өзі жетекке алған әкені де көрдік. Бала өлген-талғанына қарамай тауға өрлеп келеді. Ертең мінезді жігіт болып өсеріне еш күмән жоқ.
Миланда қара жұмыстың бәрін келімсектер істейді екен. Біз жатқан «Аптаун» қонақ үйінің швейцарлары – филиппиндер болып шықты! Жергілікті халық денсаулығын күйттеп, мінсе, біздегідей жарты үйдей көлікке емес, жанармайды аз тұтынатын мәшинелерге мініп, зымырап жүр.
Есей Жеңісұлы
Алматы – Милан – Тревизо – Венеция – Кастельнуово – Пампеаго – Валь ди Соле – Бормио – Стельвио – Милан – Алматы(«Ұлан», №23. 05.06.2012)
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments 4 комментария
-
Leave a Reply
керемет жазылған, еңбегіңізге көп рахмет !
Дина, Турға барасыз ба?
Жоспарда бар, соңғы кезеңдерге.
Рахмет!
Максим тегі қазақша сайрап тұр ғой… 😛