Дмитрий Седун: Мен қазақпын!

    • Filled in News in Kazakh 27 Июль 2011 в 10:31, author: Sake
    • Views: 3 749.

    «Тур де Франс» көпкүндігінің соңғы бес кезеңдік бәйгесін көзбен көріп, көшбасшылар арасындағы қызу бәсекенің куәсі болдық. Сенім артқан серкесінен айырылған қазақтың «Астанасы» жылдағыдай алдыңғы лектен көріне алмады. Әйтсе де велошабандоздарымыз тым болмағанда бір кезеңдік бәйгеде топ жаруды көксеп, тырысып бақты. Әрбір кезеңдік жарыстан соң «Астана» клубының спорттық директоры Дмитрий Седунды сөзге тартып, білікті маманның пікірін біліп отыруға тырыстық. Соңғы 21-кезеңдік бәйге алдында «РадиоШак» клубының менеджері, бұрын «Астананың» басшысы болған Йохан Брунельмен тілдесудің сәті түсті. Сөз барысында әйгілі маман: «Мен сіздердің клубтарыңыздан кеткелі «Астана» күшеймесе, әлсіреген жоқ. Ең бастысы, кәсіби тұрғыда жетіле түсті. Басшылар ауысып, клубтың қазақстандық жаңа жетекшілері өздерінің іскер адамдар екендігін көрсетіп келеді», – деді. Риза болып қалдық. Одан мұндай сөздер естиміз деп ойламап едім. Басқа – басқа, бірақ Брунель өтірік айтып, маймөңкелемейтін шығар. Ал «Тур де Франс» көпкүндігі аяқталған соң Дмитрий Седунға көкейдегі бірнеше сұрағымызды көлденең тарттық.

    – Команда капитаны қатардан шығып қалған соң, «Астананың» кежегесі кейін тартып, велошабан­доз­дарымыз жеке бастарының қамын күйттеп кеткендей. Әр кезең­де әрқайсысы алға ұмтылып, шабуылдаумен болды. Неге олардың бастарын біріктіріп, біреуін ғана алға сүйреуге жағдай жасалмады?

    – Мұның бәрін компьютерде отырып қана іске асыру оңай. Ал бұл – «Тур де Франс». Кезеңдік жарыстардың басында (алғашқы 100 шақырымда) велошабан­доздар сағатына 60 шақырым жылдам­дықпен жүйткиді. Біздің ғана жеңіске жеткіміз келмейді. Басқа командалардың да көксегені – топ жару. Бәйгеге түскен 150 велошабандоздың бәрі де мәре сызығын бірінші болып қиғысы келеді. көбінесе «Бап қана шаппайды, бақ шабады». Сон­дық­тан іс жүзінде оны жүзеге асыру оңай емес. Теледидардан «Тур де Франс» көпкүндігінің аяқ кезі көрсетіледі. Негізі, басында да қызу бәсеке болады. Сондықтан спортшылардың көбі сол бас кезіндегі жоғары жылдамдықтағы қызу бәсеке ке­зінде көштен қалмауға тырысып, аяғына қарай шаршап қалады. Осылай ой-жос­пар­лардың көбі жүзеге аспай жатады.

    – Құдды, бір Винокуровқа ғана сенім артып келгендейсіздер. Кезеңдік жарыстардың бірінде де Александр топ жаруы керек, жалпы есепте де Александр алда болуы керек. Сонда қалғандарының құрығанда бір кезеңде жеңіске жетуге мүмкіндігі жетпей ме?

    – Енді Александр Винокуров – ко­манданың лидері, серкесі. Барлығы со­ған жұмыс жасауы тиіс. Алайда Саша мертігіп, қатардан шығып қалды. Ал «әлде қандай жағдай бола қалса» деп, ішімізге түйіп әкелген ой-жоспарларымыз «Тур де Франстың» бірінші кезеңдік бәсекесінде быт-шыт болды. Роман Кройцигер де құ­лап, жарақаттанып қалды. Негізі, екінші капитанымыз сол болатын. Максим Иглинский бірінші кезеңде құлады. Содан көсіле сілтей алмады. Өздеріңіз көрдіңіз­дер, тек көпкүндіктің соңына қарай, дәлі­рек айтқанда, 18-кезеңдік бәйгеде алға қарай ентелеп, біраз уақыт көш басында ойқастады. Энди Шлекпен тайталасып, үнемі назарда болды. Паоло Тиролонго ауырып, өз-өзіне келе алмады. Яғни қал­ғандарының мүмкіндігі жоқ емес, бар. Бірақ бұл жолы ешқайсысының да бағы жанбады. Әйтсе де осының бәріне қа­рамай, «Астана» велоспортшылары кезең­дік жарыстарда (әсіресе екінші жар­ты­сындағы) жеңіске жетуге талпынды. Ылғи да біреуі алдыңғы лекте атой салумен болды. Үнемі көш басында ойқастап, туы­мыз түстес көк жейделерімен ел на­зары­­нан тыс қалған жоқ.

    – Мүмкін, «Тур де Франсқа» жа­қын­да ғана Австрияда топ жарған Фре­дерик Кесякоффты әкелу керек пе еді?

    – Жо-оқ. Ол жалпы есепте де, кезеңдік жарыстардың бірінде де үздік шығып, бірінші орынға ие бола алмас еді. Сондық­тан Ке­сякоффты «Тур де Франсқа» әкел­мей, жаза бастық деп айта ал­маймын. Егер оны осында әкел­генде, «Тур де Франста» да, «Авс­трия турында» да жеңіссіз қалар едік. Ал біз оны Австриядағы до­даға жі­беріп, осы екеуінің біреуін­де жеңіске жетіп отырмыз. Бұл жерде қайта дұрыс істедік деуге болады.

    – Осы «Тур де Франста» бақ сынағандардың ішінен кім «Вуэль­тада» бәйгеге түсетін болады?

    – Биылғы «Тур де Франсқа» қатыс­қандардың ішінен тек Ан­дрей Зейтцті Ис­па­ния көп­күн­дігіне апарғымыз келеді. Ан­дрей жас. Біз оны осындай дүбірлі до­да­лар мен аламан бәйгелерге қатыстырып, шыңдай бергіміз келеді. Болашағы­нан үміт кү­те­міз.

    – Сіз Қазақстан тумасы емес­сіз бе? Неге ресейліктер сізді ылғи «Ресей маманы» деп айта береді?

    – Иә, мен Қазақстанда тудым. 90-жыл­дардың басына дейін туған елімнің намы­сын қорғадым. Барлығына үнемі өзімді «қазақпын» деймін. Әрі мен оңтүстікте туған­мын. Жамбыл облысындағы Мерке ауданынанмын. Қазақ екеніме шүбә кел­тірмеңіз.

    P.S.

    Шынымен-ақ, биылғы «Тур де Франста» қазақтың «Астанасының» бағы жанбады. Қырсық шалып, тек капитанынан айырылып, бірнеше дүлдүлі жарақаттанып қана қоймай, менеджері де ауырып қалды. Италиялық бас менеджеріміз Джузеппе Мартиннели арқасы ауырып, «Тур де Франстың» алғашқы кезеңдік жарыстарынан кейін басқа жерде емделуге мәжбүр болды. Тек соңғы кезеңдік жарыстар өткен күні командаға қайта қосылды. Бұл аралықта «Астанаға» Шефер мен Дмитрий Седун жетекшілік етті. Бірақ өздерінің айтуларынша, Мартиннелимен байланыс мүлде үзілмеген. Үнемі хабарласып, ақылдасып отырған. Осы сәтсіздіктердің бәрі осы «Тур де Франс» көпкүндігімен кетсін дейік. Арынды «Астанадан» жаңа жеңістер күтеміз.

    Автор: Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 3 комментария

  • Quote

    «Евроспорттың» жүргізушісі Курдюков ТДФ кезінде күн құрғатпай Седунмен телефон арқылы байланысып тұрды. Оларға да тек қана тіл-мен жағына сүйенбей, кәсіби тұрғыдан салихалы пікір айтатын адма керек қой. Сөзі мығым, үлкен кәсіпқой екенін көрсетті. Джирода болып, Курдюковпен байланысқа шыққан Айдар Махметовқа да риза болдық.

  • Quote

    Тамаша интервью! Дмитрий Седун мырзанын кәсіпқой екеніне өз басымда күман жок.

  • Quote

    қолда бар алтынның қадірін білсек болғаны. осындай мамандарымызды аяласақ болғаны

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание