Бүйректен сирақ шығарып жүрген — Брюнель

    • Filled in News in Kazakh 21 Ноябрь 2009 в 9:28, author: Sake
    • Views: 2 974.

    dsc_1923

    Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Николай Проскуриннің айтуынша, «Астана» велоклубының халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) сұратқан барлық құжаттарды толық өткізіпті. Енді қазақстандық тарап UCI-дің шешімін күтіп отыр. Мұны біз кеше вице-президенттің өз аузынан естідік.

    – Николай Абрамұлы, «Астананың» төбесінен бұлт сейілер емес. Тіпті «команда UCI-дің талаптарын орындай алмайтын болыпты» деген сыбыстар да таралуда…

    – Сыбыстарға мән бермей-ақ қояйық. Біз UCI сұратқан барлық құжаттарды өткіздік. Тіпті Халықаралық велосипедшілер одағы бізден бір жылға қаржы кепілдігін талап еткен еді, оны да орындадық. Айта кетейін, мұны басқа командалар орындаған жоқ. Бірақ басқа командаларға бір жылға қаржы кепілдігін көрсету талап етілмеген де болатын.

    – Неге біздің ұжымға ғана осындай қатаң талаптар қойылды?

    – Өйткені, өздеріңіз білесіздер, осы маусымда «Астана» «спортшылардың айлығын уақтылы бермеді» деген сын мен дауға көп ұшырады. Сондықтан UCI ендігі жылы да осындай жағдайлар қайталанбас үшін бізден бір жылға қаржы кепілдігін сұратты. Дегенмен мұның барлығы «Астананың» экс-бас менеджері Йохан Брюнельдің қолымен істеліп отырған нәрселер екенін ешкім сезген жоқ. Рас, кей кездері айлықты 15-20 күнге кешіктіріп алғанымызды жасырмаймын. Бірақ соған бола шу шығаруға бола ма? Қайта Қазақстаннан ақша алып отырғанына риза болуы керек қой. Қанша екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ Брюнельдің айлығына «Про тур» жарыстарына қатысатын командалардың барлық бас менеджерлерінің жалақыларын қосқанда да жетпейтін еді. Сөйте тұра, риза болмай, «Қазақстан – Алланың көзінен таса қалған ел» деп сұхбат беріп жүр. Негізі, «Астана» велоклубы 20 қазанда-ақ келесі жылғы «Про-тур» жарыстарына лицензия алып қояр еді. Алайда тағы да сол Брюнельдің кесірінен кешігіп қалдық.

    – Қалайша?

    – 23-27 қыркүйек аралығында Швейцарияда өткен әлем чемпионатында мені Лозанна қаласына комиссияға шақырды. Сөйтіп, Халықаралық велосипедшілер одағының өкілдері «бізге жаңа бас менеджерді таныстыруларың керек» деді. Сонда мен: «Ал сіздер біздің командадан Йохан Брюнельді отставкаға жібергенсіздер ме?» деп таңдана сұрадым. «Жоқ, бірақ Брюнель әр сұхбатында «Астанадан» кетемін» деп жүр ғой», – деп жауап берді UCI өкілдері. Алайда мен де өз айтқанымнан қайтқан жоқпын. Өйткені Брюнельдің «Астанамен» келісімшарты келесі жылдың соңында аяқталуы керек болатын. Сондай-ақ ол бүгін былай, ертең басқаша сөйлейтін адам. Сөйтіп, «бельгиялық досым», мен енді оны солай атаймын, бізге өзінің отставкаға кететіні жайлы ресми түрде өтініш жазбағандықтан, ешқандай шешім қабылдамай жүре бердік. Дегенмен 18 қазан күні, яғни Халықаралық велосипедшілер одағына құжаттарды өткізуге екі-ақ күн қалғанда Брюнель өзінің қызметтен босатуы туралы ресми түрде өтініш жазды. Әлбетте, «кетем» деген адамды қинап, ұстап тұра алмаймыз. Сондықтан «бельгиялық досымызға» ерік бердік. Ал өзіміз жаңа бас менеджермен келісімшарт жасасып үлгермей қалдық. Нәтижесінде бір ай күтуімізге тура келді.

    – Енді барлық мәселелер толық шешілді ме? Әлде UCI-дің бізге келесі жылға «Про-тур» жарыстарына лицензия бермей қоюына әлі де негіз бар ма?

    – Ешқандай негіз жоқ. Біз UCI сұратқан құжаттардың барлығын өткіздік. Қаржы кепілдігін көрсеттік. Оның үстіне, екі-үш күн бұрын «Астана» велокомандасы «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» акционерлік қоғамымен төрт жылға келісімшартқа отырды. Ал қор төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстан велоспорт федерациясының президенті болып сайланды. Өздеріңіз білесіздер, бұл қордың мүмкіндігі еліміздегі кез келген банктен де жоғары. Яғни келісімшарт бойынша «Самұрық-Қазына» жыл сайын «Астана» велоклубына 15 миллион евро аударып отырады. Демек, төрт жылдың ішінде аталмыш қор «Астанаға» 60 миллион евро аударады деген сөз. Демек, алдағы жылдарда команданың алдында ешқандай қаржы тапшылығы болмайды. Халықаралық велосипедшілер одағы осыны да ескеруі тиіс.

    – Демек, команданың жағдайы түбегейлі жақсарды ғой?

    – Иә, толық оңалды. Тіпті басқа клубтардағы кейбір мықты саңлақтардың өздері «Астана» сапында өнер көрсетуге талпынып жүр. Оның айғағы, соңғы кездері телефонымда тыным жоқ. «Мен» деген велошабандоздардың агенттері телефон шалып, 2011 жылға келісімшарт жасасуға сұранып жатыр.

    – Николай Абрамұлы, соңғы кездері шетелдік баспасөзде Альберто Контадордың «егер Винокуров «Тур де Франсқа» қатысатын болса, мен командадан кетемін» деген сынды сұхбаттары таралуда. Бұлардың шындыққа жанасымы бар ма?

    – Бұл да Йохан Брюнельдің істеп отырған арамза тірліктері екеніне сенімдімін. Бүгінде ондай ақпараттарға мән бермейтін болғанмын. Ал Альберто мен Сашаның қарым-қатынасы өте жақсы. Тіпті Контадордың өзі Винокуровсыз «Тур де Франсты» жеңіп алу аса қиын болатынын түсінеді. Екеуі кездескенде де осы мәселе талқыланған. Сол кезде Винокуровтың «Альберто, мен «Тур де Франс» көпкүндігінде сенің ең сенімді көмекшің болуға әзірмін» дегенін өз құлағыммен естігенмін. Винокуровтың командада беделі өте жоғары. Команданы кез келген жеңіске бастай алады. Жігіттер Сашаның айтқанын тыңдайды. Ал Сашаның өзі Альбертоға жұмыс істейді. Сондықтан алдағы уақытта да екеуінің арасында келіспеушілік туындайды деп ойламаймын.

    – Сонда Винокуров келесі жылы көшбасшы атағынан айырыла ма?

    – Жоқ, айырылмайды. Бәлкім, команданың бас менеджері мен спорт директорлары өзара ақылдасып, Виниден «Джиро д’Италияда» көшбасшы жасайтын шығар.

    – Ал Андрей Кашечкиннің келесі жылы «Астана» командасында өнер көрсетуіне не кедергі?

    – Бұл өте ауыр сұрақ. Менің айтарым, «Астана» Кашечкинсіз-ақ мықты. Оның үстіне, «Астана» – бір ұлттық емес, көпұлттық команда. Жалғыз Кашечкинге жабысып қалғанымыз жарамас. Одан басқа, командада 55 пайыз қазақстандық саңлақтар өнер көрсетеді. Жалпы, осыдан біраз уақыт бұрын Андрей алдыма келіп, келесі жылы «Астанада» өнер көрсетуге ниетті екенін айтқан. Бірақ Халықаралық велосипедшілер одағының қағидасы бойынша допингпен ұсталған спортшы екі жылдық дисквалификациядан кейін тағы бір жыл «Про тур» жарыстарына қатысатын команданың сапында өнер көрсете алмайды. Биыл тек Александр Винокуров пен италиялық Иван Бассоға ғана жеңілдік жасалды.

    – Николай Абрамұлы, сонымен, «Астананың» келесі жылы «Про тур» жарыстарына лицензия алатыны немесе ала алмайтыны жайлы қашан білеміз?

    – Біз жоғарыда аталған құжаттарды 19 қараша күні UCI-дің бас штабына жібердік. Қазір «Астананың» өкілдері Халықаралық велосипедшілер одағымен келісімшарт жасасуда. Оның қорытындысы дүйсенбі, яғни 23 қарашада белгілі болуы керек. Біз жақсы жағына үміттенеміз.

    – Біздің де тілегіміз сол. Әңгімеңізге рақмет.

    Әзиз Жұмаділ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание