Брунель неге кетеді?
-
- Views: 3 008.
Газетіміздің сейсенбі күнгі санында «Астана» велоклубының «Тур де Франс» көпкүндігіндегі жеңісі туралы мақаламыз жарық көрген. Осы мақалаға байланысты өз пікірін білдірушілер көп болды. Соған қарап, биылғы «Тур де Франсты» қазақстандықтардың біразы бастан-аяқ тамашалағанын сезуге болады.
Жақын-жарандарым тұрмақ, редакцияға телефон шалушылар да біршама болды. Бәріне де «Астананың» серкесі Альберто Контадордың Елисей жазығында Испания туын көкке көтеріп, масаттануы ұнамаған. Қазақтың намысқой қарапайым жігіттері мен аға буын: «Оу, ол біздің команданың намысын жыртпай ма?! Оған ақша төлеп отырған – біз. Жағадан алған заманның қиындығына да қарамай, етекке оратылған дағдарысты да елемей, аузымыздан жырып, қыруар ақша төлеп отырмыз. Ал ол өз елінің туын желбіретіп, мәз болады. Мұнысы несі? Ол жеңіс тұғырына шыққанда, неге Қазақстанның емес, Испанияның әнұраны шырқалды?» – деп таусылды. Тіпті «кім ақша төлейді, сол әуенге тапсырыс береді» деген орыстың мақалын тілге тиек етушілер де болды. Бір сөзбен айтқанда, «Астана» жеңісінің құрметіне орай, қазақтың көк байрағының көкке көтерілмеуіне риза болмай қалғандар көп сияқты. Бар ашуын тілінің уытына жиып алып, наразылық білдірушілер де бар. Тіпті «сіздер, журналист мырзалар, осыны неге батырып жазбайсыздар» деп жөн сілтеушілер де кездесті.
Осыған байланысты «Астана» клубы басшыларының бірімен сөйлесіп, оқырмандар көкейіндегі сұрақтар мен наразылықтарды көлденең тартқымыз келді. «Түйенің танығаны жапырақ» демекші, тағы да ҚР Велоспорт федерациясының вице-президенті, «Астана» клубының менеджері Николай Проскуринге жүгіндік. Себебі бізге қол жетерлігі де – Николай Абрамұлы, үнемі уақыт бөліп, істің мән-жайын түсіндіріп беретін де – Николай Абрамұлы. Басқаларын көрмек тұрмақ, телефон арқылы хабарласудың өзі қиямет-қайым.
Әлқисса, сонымен, Николай Проскуринге оқырмандар наразылығын тізбектей бастадық. Сөзімізді тыңдап болған Николай Абрамұлы бірден:
– Альберто Контадор – испан. Сол үшін ол өз елінің туын көтереді. Оның несі сөкеттік? Мысалы, Александр Винокуров «Т-Мобайл» клубының намысын қорғап жүрген кезінде жеңіске жетсе, ылғи Қазақстанның көк байрағын көкке көтеретін. Ешқашан немістің туын көтерген емес. Ал Контадор жеңіс тұғырына көтерілгенде, Испания әнұраны емес, басқа бір әуен ойналды. Ешкім де түсінбей қалды, не әуен екенін. Ұйымдастырушылар тарапынан туындаған түсінбеушілік сияқты. Байқаған да боларсыз, өздері де бұл әуенді тез өшіре қойды ғой.
Бұдан соң Николай Проскурин өзіме тарпа бас салып, қарсы сұрақ қоймасы бар ма!? «Сіз журналист ретінде айтыңызшы, «Астана» клубының жеңісі біздің ел үшін жетістік пе? Сіз бұған қуандыңыз ба?» – деді әр сөзін салмақтап. Мен де іркілмедім:
– Әрине, қуандым. Сонау Франция жерінде, Еуропа төрінде менің елім жиі-жиі аталып, Қазақстанның мерейі тасып жатса, қалайша қуанбайсың?! Бірақ қазақтың көк байрағының емес, Испанияның қызыл-сары туының желбірегені менің де қытығыма тиді. Жарайды, бізде дәл қазір Контадордай саңлақ жоқ делік. Жарайды, бүкіл команда Контадор мен Армстронгқа жұмыс жасасын. Солардың қамын ойласын. Бірақ олар 21 кезеңдік бәйгенің бәрінде де атойлап алға шаппайды ғой. Бас жүлдеден үмітті дүлдүлдердің де тізгін тартып, демалатын кезеңдік бәйгелері болады. Жалпы есепке бәлендей өзгеріс енгізбейтін бәйгелер болады. Сондай бәйгелерде грегарилер неге қазақстандық велошабандоздың жеңіске жетуіне жағдай жасамайды? Тым құрығанда, бір кезеңдік бәйгеде біздің елдің спортшысы жеңіске жетсе, төбеміз көкке жеткендей қуанар едік. Ал «Астана» клубында бұлай емес. Бұл жолы «Тур де Франс» көпкүндігіне бізден Дмитрий Муравьев қана қатысты. Асан Базаев команда сапына іліккен де жоқ…
Енді екпіндеп өзеурей бастап едім, Николай Проскурин сөзімді бөліп:
– Түсіндім, түсіндім мен ойыңды. Дұрыс. Бұйыртса, жаңа жылдан бастап команда сапында өзіміздің жігіттер көбейеді. Винокуров қана емес, Андрей Кашечкиннің де команда сапына қайта оралуы мүмкін. Сол кезде біздің жігіттердің де жеңіске жетулері қарастырылады. Ал бұл жолы Дмитрий Муравьевке мұндай мүмкіндік берілмегені, бәсекелестеріміз тым мықты болды. Әсіресе, ағайынды Шлектер. Олардың басқан ізін аңдып, назардан тыс қалдырмау керек болды.
– Дәл қазір шетелдік басылымдардың пікірінше, Йохан Брунель мен Лэнс Армстронгтің команда сапынан кететіндігі болары болып, бояуы сіңіп қойған іс сияқты (командаға бізден гөрі жақын жүрген солар ғой. Сенбеске амалымыз жоқ). Ал Контадор ше? Оның да кетпек ойы бар сияқты ма, қалай?
– Жоқ, Контадор әзірше команда сапында қалады.
– Ал Йохан Брунель команда сапынан кететіндігін Винокуровтың келуімен байланыстырады. Сонда қалай, әйгілі менеджер Винокуровпен бірге жұмыс жасағысы келмей ме? Суқаны сүймей ме? Ашығын айтыңызшы, араларынан жүгіріп өткен қандай қара мысық бар?
– Өкінішке қарай, бұл солай. Неге екенін білмеймін, бірақ Брунельдің Винокуровпен бір командада жұмыс жасағысы келмейді. Бұрыннан солай, ұнатпайды. Неге екенін білмеймін. Тіпті Винокуровтың өзі осыны түсінбей дал.
– Еліміздегі бір электронды басылымнан «Контадордың да Йохан Брунельмен бірге жұмыс жасағысы келмейді. Тіпті Брунель кетсе, мен командада қаламын деп талап қойып отыр» деген мәлімдемеңізді оқып, таң қалыстық.
– Бұл солай. Контадордың да Брунельмен дәм-тұзы жарасар емес. Міне, осы екі мәселеге байланысты біз Брунельмен арақатынасымызды үзбекпіз.
– Сонда Йохан Брунель мінезі ауыр адам болғаны ма?
– Қиындау адам…
– Сонда бізге енді жақсы менеджер керек болады ғой. Батысқа беделді менеджер болмаса, тағы да аяқтан шалушылар көбейеді ғой. Көздеген адамдарыңыз бар ма?
– Бұл тұрғыда бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын. Бәрі жақсы болады. Беделді менеджер табу жағынан проблема жоқ.
Проскуриннің соңғы сұрағыма сенімді түрде жауап бергеніне таң қалдым. Бірақ қуандым. Себебі дәл қазір велоспорт әлемінде Брунельден асқан менеджер бар екеніне күмәнді едім. Ден қойып қарасаңыздар, бірнеше жыл болды «Тур де Франс» көпкүндігінде, негізінен, Брунельдің командасы жеңіске жетіп келеді. Сонда не, келесі жылы басқаша бола ма?..
Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply