Биыл қазақстандық «Астана» командасы «Тур де Франста» сәтті өнер көрсетті.

    • Filled in News in Kazakh 7 Август 2010 в 6:34, author: Sake
    • Views: 3 463.

    Команда капитаны Альберто Контадор жалпы есепте жеңіске жетіп, Астананың абыройын асырды. Бүгін баспасөз өкілдерімен жүздескен Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов болашақ жоспарларымен бөлісіп, алдағы атқарылар істерге тоқталды. Биыл «Астана» командасының жолы болды. Велоспорттағы ең айтулы бәсеке саналатын «Тур де Франста» топ жару шайтанарбаның айналасында жүргендер үшін басты мақсат болып есептеледі. Франция көпкүндігінде әлемнің мықты командаларын қапы қалдырып, Альберто Контадордың жалпы есепте сары жейдені үшінші қайтара киюі, қазақстандық команданың атын әлемге тағы бір рет паш етті.

    «Астана» командасының негізгі демеушісі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов осы жетістіктерді ортаға салды. Президенттің бастамасымен құрылған велокоманда қысқа ғана уақыттың ішінде өз жемісін берді. «Астананы» құрудағы мақсат - қазақ спортын әлемге насихаттау арқылы елдің абыройын асқақтату, салауатты өмір салтын қалыптастыру болатын,-деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов. Екі жылдық үзілістен кейін үлкен спортқа қайтып оралған Александр Винокуров «Тур де Франстың» 13-ші кезеңінде алдына жан салмай, кезең жеңімпазы атанды. Команда капитаны Контадордың топ жаруына үлкен еңбек сіңірген велошабандоз Қазақстан велоспортының қаншалықты мықты екенін дәлелдеді.

    Қайрат Келімбетов, ҚР Велоспорт федерациясының президенті:
    - Қазақстанда көп, Александр Винокуров бар, Иглинский, Асан Базаев бар. Олар барлық бірнеше этапта «Тур де Франс», «Джиро де Италияда» жақсы өткізді. Менің ойымша, біздің веломектебіміз өте мықты. Сол біздің қазіргі негізгі мақсат сол веломектептерді дамыту. Одан әрі дамыту.

    «Астананың» қазіргі капитаны испаниялық Альберто Контадордың келер жылдан бастап өзге командада өнер көрсететіні белгілі. Сондықтан, велокоманданың ең басты мәселесі жаңа көшбасшыны табу. Яғни, әлемдік деңгейдегі велошабандозбен келісім-шартқа отыру керек. Қазір «Астана» басшылығы жаңа капитан іздеуде. Бұл сұрақтың жауабы маусым соңына дейін белгілі болады,-дейді Келімбетов. Сол сияқты қазақстандық спортшыларды үлкен жарыстарға шығару да алдағы мәселенің бірі.

    Қайрат Келімбетов, ҚР Велоспорт федерациясының президенті:
    - Мысалы, қазір «Астана» велокомандасының жартысы он үш спортшы осы Қазақстаннан. Біздің негізгі мақсат сол он үш спортшыға көмек беріп, одан әрі оларды дамыту. Және жаңадан жастарды спортшыларды әкелу. Сол негізгі мақсат.

    Алдағы 3-5 жылда Астананы командалық сында алдыңғы қатарға шығарып және команда капитаны қазақстандық спортшы болады деген жоспар бар. Еліміздің велошабандоздарына үлкен үш көпкүндіктің бірінде топ жаруына жол ашу да болашақтағы жоспарлардың бірі.

    Хабар агенттігі

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание