Базаевтың басқа қыры

    • Filled in News in Kazakh 10 Февраль 2012 в 3:38, author: Sake
    • Views: 2 626.

    "Жас Алаш" газеті

    “Астана” велоклубынан әр сайыс сайын жүлде дәмететiн жанкүйерлердiң команда мүшесi Асан Базаевқа деген ықылас-пейiлдерi алабөтен. Ол – Қазақстан велоспортының қайнауында шыныққан мықтылардың бiрi. Қашанда команданың тiреуiне айналған Асанмен жақында Испания елiне бiрге сапарлаудың сәтi түстi. Сонда бұрын тек сырттай ғана түстеп бiлетiн Базаевты жақынырақ тани түстiк.  

    Асан велосипедтi тақымдағалы тек қазақстандық командалардың намысын қорғап келе жатыр. Алғаш рет “Капек” сапында талай сындарда бақ сынаған шабандоз кейiн “Астанаға” келдi. Биыл Асанның команда жейдесiн кигенiне алты жылдан асыпты. Алты жылда талай шыңды бағындырған Базаевтың басқа жаққа кеткiсi жоқ. “Маған “Астана” клубынан асқан ынтымақты клуб жоқ. Кәсiби спортшы болғалы осы команданың “отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген” жанмын. “Астана” жейдесiн өзге клубтың жейдесiне ауыстыру тiптi ойыма да келмептi. Тек команда тараса ғана шекара асуым мүмкiн”, – деп жымиды Асан бiзбен әңгiмесiнде. Базаевтың басынан өткергенi көп. Талай рет шайтан­арбадан құлап, жарақаттанған кездерi аз емес. Ол 2010 жылды күрсiне еске алады. Маусымды тәп-тәуiр бастаған шабандоз жазда Бельгия турында құлап, бет-ауызын жарақаттап алған едi. Сол жарыста сүрiнген шағы оның есiнен кеткен емес. “2010 жылы Бельгия турында мұрнымды сындырып алған едiм. Сол кезде қиналғаным әлi есiмде. Бетiмдегi мына тыртық (саусағымен бетiндегi тыртығын көрсеттi) содан қалған таңба ғой. Кейiн мұрныма, бетiме пластикалық ота жасатып, ес жиғанша қиналсам да, одан кейiн де жарақаттансам да, спорттан кету ойымда болмапты”. 

    Өзiнiң кәсiби спортқа келгелi бергi жетiстiгiн саралаған Асан:   “Менiң өмiрiмдегi ең iрi табысым – “Түркия Президентiнiң турында” қол жеткiзген жеңiсiм. Жалпы есепте бәрiнен озып, сары жейденi киген маған гүлдi Түркия елiнiң басшысы Абдулла Гүлдiң өзi ұсынды. “Грекия турында” да жеңiмпаз атану оңай болған жоқ. Азия чемпионатында топ жарып, керменi бiрiншi кескен кезiм де өзiм үшiн ыстық. Осындай асуды бағындыру үшiн тынымсыз дайындалдым,   отбасым да менiң бар жағдайыма түсiнiстiкпен қарайды. Жан жарым мен екi балам Астанада тұрады. Өзiм – Ницца қаласының тұрғынымын. Екi құлынымды сағынамын. Үлкенiм – Алан үштен ас­ты, қызым Сати бiрге ендi толады. Жарым Севиль ауруханалардың бiрiнде дәрiгер. Сондықтан өз жұмысын тастап Францияға келгiсi келмейдi. Қолым қалт етсе, соларға тартып тұрам”. 

    Асан ұлы Аланның да спортшы болғанын қалайды. “Бәлкiм, балуан, боксшы болар. Бiрақ ұлымның велоспортқа мiнгенiн қаламаймын. Өте ауыр спорт”, –деп жымиды. Асанды командаластары “Базза” деп еркелетедi. Бiр қызығы, Базза – болашағын алдын ала болжап, келер күнге жоспар құрмайтын шабандоз. “Бәрiн уақытында көрермiз. Жоспар құрдық делiк. Бiрақ жаттығуда кенет жарақаттанасың, сонда жоспарың жайына қалмай ма?”. 

    Асан үшiн осы айда Малайзия­да өтетiн Азия чемпионаты үлкен сын болғалы тұр.                                

    Базаев компьютерге үйiр екен. Қолы қалт етсе, ноутбугын қолтықтап жүргенi. “Ком­пью­тердi жаным сүйедi. Түрлi бағдарламаларды құрастыру, ин­тернеттi “қопару” әдетiм. Егер велоспортшы болмағанда, бағдарламашы болар ма едiм, кiм бiлсiн?” Ол тек спортты ғана емес, әдебиетке де жаны құ­мар. Француз классиктерiн тауы­сыпты. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың талай шығармасын оқыпты. Ағылшын, испан, француз тiлдерiн де еркiн меңгерген Базаев ана тiлiне шорқақ екенiне өзi де қынжылыс бiлдiрдi. “Анамның сүтiмен келген тiлiм ғой, сондықтан қазақ тiлiн меңгеру – мiндетiм” дейдi Базаев.

     

    Руслан МЕДЕЛБЕК.

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 2 комментария

  • Quote
    Серік.И Kazakhstan on 12 Февраль 2012, 13:15:

    АСАН Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетуіңе тілектеспін.Сені жеңіс тұғырынан көрейік!

  • Quote
    #2 by Ernaz106 Kazakhstan on 22 Февраль 2012, 17:25:

    Асан, бауырым, алаш жұрты саған үлкен үмітпен қарайды! Сол үкілі үмітті ақтауға Алла саған қуат берсін!!!

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание