«Астананың» құрамы анықталған секілді

    • Filled in News in Kazakh 23 Октябрь 2009 в 10:30, author: Sake
    • Views: 2 497.

    20 қазаннан бастап Халықаралық велосипедшілер одағы (USI) «Про-тур» жарыстарына лицензия алған командаларды қайта тіркеуден өткізуді бастап кетті. Бұл дегеніміз – 2010 жылы қай командада қай спортшылардың өнер көрсететіндіктері белгілі бола бастады деген сөз.

    2010 жылғы «Про-тур» жарыстарына лицензия алған командалардың ішінде қазақстандық «Астана» да бар. Алайда қазақстандық велоклуб қайта тіркеуден әлі өтпеген секілді. Яғни келесі жылы команда намысын қорғайтын велошабандоздардың да есімі ресми түрде жарияланған жоқ.

    Дегенмен трансферлік маусымда аса белсенділігімен ерекшеленетін Cycling Quotient.соm сайты келесі жылы қай командада қай спортшылардың өнер көрсетуі мүмкін екендіктерін жариялап қойды. Аталмыш сайттың ақпараттарына сенсек, келесі жылы «Астана» сапында 14 жаңа велошабандоз өнер көрсетпек. Айта кетейік, олардың алтауымен команда басшылығы келісімшартқа отырып қойғаны белгілі. Мәселен, Дмитрий Фофонов, Максим Гуров және Валентин Иглинский сынды өзіміздің саңлақтардың келесі жылдан бастап «Астана» сапында өнер көрсететіні көптен бері айтылып жүр. Ал олармен қоса қазақстандық клубтың намысын қорғауға испандық Давид Расилла, словениялық Горазд Странгел және итальяндық Паоло Тиралонго да келісті. Осы жерде айта кетейік, итальяндық «Лампре» велоклубының намысын төрт жыл бойы қорғап келген 32 жастағы Паоло Тиралонго – велоспорт әлемінде өте тәжірибелі спортшылардың бірі. Осы уақытқа дейін Дамьяно Кунегоның грегариі болып келген Тиралонго «Астанада» Альберто Контадорға серік болады деп күтілуде.

    Сондай-ақ Cycling Quotient.соm сайты жаңадан құрылған америкалық «Радишэк» велоклубының да келесі жылғы құрамына үңіліпті. Бір байқағанымыз, «Радишэк» сапында келесі жылы барлығы 22 велошабандоз өнер көрсететін болса, оның 10-ы «Астана» сапынан аттанғандар екен.

    untitled-411

    Николай ПРОСКУРИН, ҚР велоспорт федерациясының вице-президенті:
    — Халықаралық велосипедшілер қауымдастығы 20 қазаннан бастап «Про-тур» жарыстарына лицензия алған командаларды қайта тіркеуден өткізуді бастады. Содан бері өз кезегімізді күтіп отырмыз. Қайта тіркеуден өтіп алайық. Содан кейін команданың жаңа құрамын ресми түрде жария етеміз.

    Азиз ЖҰМАДІЛ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание