Астананың сәулетті маржаны

    • Filled in News in Kazakh 15 Ноябрь 2010 в 12:38, author: Sake
    • Views: 9 158.

    Астанада күніге неше түрлі көзтартар ғимараттар бой көтеріп жатады. Бірақ мынаның ерекше көңілде қалатын, таңдай тақылдатып тамсанып айтатын ғимарат екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Айтпағымыз – Астанадағы республикалық велотрек. Қысқы Азия ойындарына орай құрылысы біткен велотрек шетелдіктердің қызғанышын тудырып, жақсы бағасын алып та үлгерді.
    Велотректі өткенде Халықаралық вело­си­педшілер одағының (UCI) техникалық нұсқаушысы Бернард Дармет келіп, көріп кеткен екен. Әр бұрышын мұқият өлшеп, зерттеп шыққан нұсқаушы осынау ғима­рат­қа таңғалып кетіпті. «Бұл велотрек әлем­дегі ең үздік велотректің бірі болады. Мұндай ғимаратты бұрын-соңды көр­ме­ген­мін. Мұнда қонақүйі дейсің бе, баспасөз мәслихатын өткізетін зал дейсің бе, не керектің бәрі бар. Соның бәрін белгілі бір өлшеммен есептеп салғанына таңғалдым. Жол төсемі барлық әлемдік стандартқа сай жасалған екен», – деді ол.

    Мансұр ХАМИТ (фото)

    Аталмыш құрылыстың бас мердігері бол­ған Mabetex Group компаниясының вице-президенті Агима Поклидің айтуын­ша, Халықаралық велосипедшілер одағы велотректі ғана жоғары бағалап қоймай, тұтастай спорт нысанын үздік деп танып, сертификаттарын берген. «Бұл – көп­функ­ционалды спорт нысаны. Мұнда үлкен футболдан басқа, барлық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыруға болады. Соны­мен қатар концерт те қоюға болады. Оның үстіне, акустикасы да керемет, бәрін сынап, тексеріп көрдік», – дейді Агима Покли. Іші алдыңғы қатарлы технологиялармен жаб­дық­талған. Оның айтуынша, аталмыш нысан­ның құны 16 миллиард теңге болған. Бәрін айт та, бірін айт, өңгесіне таңғала бер­мейтін қытайлықтар да бұл ғимаратқа жарасымды ат тағыпты. Қытайдың China Daily газеті бұл спорт кешенін «Астананың жаңа маржаны» деп атапты.

    Еуропаның атақты велодромы Ұлы­бри­танияның Манчестер қаласында екенін білесіздер. Естеріңізде болса, сол вело­дром­ның арқасында Ұлыбритания Бей­жіңде өткен Олимпиададан медальды күреп әкеткен еді. Ал біздің велотрек сол вело­дромдағы олқылықтарды ескеріп салын­ған екен. «Велошабандоздар, енді шаппай көр» дерсің.

    Сонымен, ауыздың сілекейін шұбыртып мақтаған велотректің несі ерекше дейсіз ғой. Кешеннің жалпы аумағы – 56 мың текше метр. Ішіне 10 мың адамға дейін сыяды. Ал ғимараттың шатыры вело­ша­бан­доздың бас киімін бейнелеп салынған. Бес қабаттан тұратын велотректің жер­тө­ле­сінде бассейн, сауна, баскетбол және волейбол алаңдары, велосипед жөндей­тін шеберхана, гимнастикалық зал сияқты т.б. бөлмелер бар. Бірінші қабатында кон­ференс-залдар, мейрамхана, кафе-бар, белесебет мұражайы, кітапхана, асхана секілді «ханалар». Негізгі кірер есік те осы қабатта. Екінші қабатында жұртшылық де­ма­латын жер, гардероб, медициналық орталық бар. Осында отырып жарыстарды тамашалайтын монитор да орналасқан. Үшінші қабатта әкімшілік кеңселер, БАҚ өкілдеріне арналған бөлмелер, сондай-ақ қонақүй бар. Төртте трибуналар, VIP және БАҚ-қа арналған орындар т.б. Міне, біз мақтаған ғимарат осындай. Маржан десе, маржан-ақ! Сайдың тасындай азамат­та­ры­мыз ертеңгі күні осыдан шынығып, мар­жандай боп шығып жатса, неге маржан демеске?..

    Автор: Салтан СӘКЕН Астана

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание