Астана туралы

    • Filled in News in Kazakh 8 Февраль 2010 в 12:31, author: Sake
    • Views: 7 833.

    alaman.kz
    Мәди ҚУАНЫШҰЛЫ

    60 миллион евро қазақ велоспортының көсегесін көгерте ме,әлде бұл Қазақстанды әлемге жарнамалау үшін “желге ұшырылған” ақша ма?

    Жуырда Австрияның астанасы Вена қаласында Қазақ елі атынан аламанға қатысып жүрген «Астана» велоклубы өзінің жаңа құрамын жариялады. Өткен жылмен салыстырғанда команда айналасындағы шу мен дау-дамай басылғандай. «Астанаға» қол ұшын берем деп келген американдық Лэнс Армстронгтың «бақай есебін» былтыр айқын аңғардық. «Бір қызымның қылығы, бір қызымнан сорақы» демекші, АҚШ велошабандозының ұзақ жылдар бойы «сыбайласы» белгиялық Йохан Брунельдің жымысқы әрекетін көрген еліміздің Велоспорт Федерациясының басшылары шарасыздықтан пұшайман күйге түсті. Тіпті, сол аттай қалап алдырған Йоханнан құтылудың өзі мұң болды. Екі жыл ішінде «Астана» әлемдегі дәрежесі жоғары «Тур Джиро», «Вуэльта» «Тур де Франс» үш жарыстың бас бәйгесін жеңіп алды. Бірақ бас жүлде алсақ та қазақ жанкүйерлерінің ішінде бір «әттеген-айы» қалды. Қазақ велоспортының шын жанкүйері бөркін аспанға атып, қуана алмады. Неге? Енді бұл сауалға жауап іздеп көрсек.

    Қазақ велошабандоздарының басын қосқан -Винокуров

    normal_SPTDWVINOKOUROV009b[1]

    Кешегі күнге дейін қазақ велоспортшылары әртүрлі 5 командаға бөлініп өнер көрсетіп келді. Қазақ велоспортының жарық жұлдызы Александр Винокуровтың өзі Германияның “Т-Мобайл” командасымен келісім-шарт жасасып, бағын сынады. Сонда жүріп ол Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франста» 3-ші орын иегері атанды. Ал олимпиаданың алтын медалін, атақты «Тур де Франс» веложарысының 1-ші орнын аталмыш команданың көшбасшысы Ян Ульрих алғанын қаперге алсақ, немістердің жерлесіміздің бағын байлағаны анық аңғарылады. Спорт саласында қай шебер басшылық ұйғарымына қарсы шыға алған? Мұнда да дәл сондай жағдай. Өйткені, кез-келген жарыста Ян Ульрихке команда тұтасымен жұмыс істеуі тиіс еді. Бұл талапты ескермеген спортшы тәртіп бұзушы деп табылып, сол уақытында жазаланады. Ондағы Александр Винокуровтың рөлі «жұмысшы аты» сияқты тер төгу болатын.

    Осындай қыспақта жүріп-ақ А. Винокуров өзін халықаралық аренада мойындатты әрі «Телеком» командасының беделін нығайта түсу үшін көп еңбек сіңірді. Команда  көшбасшысының біріне айналғандықтан Саша өзінің бір адамын ұжымға алып келуге құқы болды. Ол Солтүстік Қазақстан облысының түлегі, итальяндық «Кантина Толло» командасының мүшесі Сергей Яковлевті таңдады. Бірақ, Александр өзінің кәсіби велошабандоз ретіндегі толық мүмкіндігін пайдалана алмай келе жатқанын бір сәт ойынан шығарған жоқ. Сондықтан ресми түрде мұны команданың лидері тұрғысында танып, шарт жасасатын клубты қарастырды. Және де ұсыныстар да көптеп түсті. Ол сөйтіп Испанияның клубымен келісімге келді. Әттеңі сол, команданың бұрынғы допингке қатысты ушыққан мәселесі алдарынан көлденеңдей берді. Ақыры өзі дербес жаңа команда ашуға уақыт мәжбүрледі. Сөйтіп, «Астана-юрт» клубын құрды. Бірақ, бір айналдырған бәле шыр айналдырып, «Тур де Франс» көпкүндігін ұйымдастырушылар жаңа команданы жарысқа жібермеді. Іс насырға шауып, сотқа жүгінуге тура келді. Бәйгеге не бары 2 күн қалғанда сот ұйымдастырушылар ісінің заңсыз екенін таныды. Бірақ, жарыс жолына шығуға бәрібір кеш еді… Саша көп үміт артқан Тур бұларсыз басталды. Моральдік тұрғыда шаршағанымен, Винидің тауы шағылмады. Қайтадан клубты “Астана” деген атпен тіркетіп, UCІ-ден 2010 жылға дейін күші бар лицензия алды. Сөйтіп, команданың құрамына Александр Винокуров (капитан), Асан Базаев, Андрей Кашечкин, Сергей Яковлев (4-еуі де қазақ спортшылары), испандық Карлос Барредо, Хосе Антонио Редондо, Луис Леон Санчес; австралиялық Аарон Кемпс; португалиялық Серджиу Паулиньо – барлығы 9 адам кірді.  Бірақ, Франциядағы жарысқа қатыспаса да Александр өзінің басты мақсатын орындады. Сөйтіп, А. Винокуров Еуропа елдерінде тарыдай шашылып жүрген қазақ велоспортшыларының алғаш басын қосып, өз алдына жеке команда құрды.

    ҚОМАҚТЫ ҚАРАЖАТЫ БАР КОМАНДАНЫ ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ БАСЫНУЫ

    b5554[1]

    2007 жылы Францияда «Тур де Франс» веложарысына қатысып жатқанда Александр Винокуровқа жала жабылды. Жарыс ұйымдастырушылары оған допинг қабылдаған деген желеумен бәсекеден шеттетті. Атап айтсақ, Саша жарыстың бір кезеңінде құлап жарақат алғаннан соң, жаңа қан құйғызған. Осыны пайдаланған велосайыстың басшылары Александрды қанмен бірге күш-қуатты арттыратын тыйым салынған дәрі-дәрмек қабылдады деп спорттан қуды. Осы тиімді сәтті пайдаланған шетелдік спортшылар қазақ командасына мүше болуды мақсат тұтты. Олардың басты ойы қомақты қаржы да болатын. «Астана» құрамының жартысынан астамын шетелдік спортшылар құрады. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы «Астана» құрамындағы 29 спортшының 8-і ғана қазақстандық болатын. Қазақ велоспортының басшылары белгиялық майталман Йохан Брунельді командаға бас менеджерлікке тағайындады. Бас менеджеріміз Йохан Брунель төл спортшыларымызды команданың атқосшыларына айналдырды. «Вуэльта-2008» көп күндігін ұтып алған испандық Альберто Контадор қомақты қаражат пен сый-сыйапаттың астында қалды. Бір қызығы, испандық Альберто Контадор қазақтың ұлттық тағамдары қазы-қарта, жал-жая жеген соң күшінің жарыс соңына дейін сақталғанын ашық айтыпты. Қазақ велоспортының басшылары Контадорға Қазақстаннан арнайы шапан алдырып, арқасына жапқанын да телеарналардан көрдік. Кезінде «Астананы» аяғынан тік тұрғызып, әлемге танытқан Александр Винокуров 2006 жылы сол Испания велобәйгесінде алғаш топжарғанда «мырза қазақтар» қайда қалды? Ұялғаннан еліміздің федерация басында отырған азаматтар Сашаға кішігірім сыйлық жасап, балаша алдай салды. А. Винокуровтың ерлігіне риза болған Елбасы Н.Назарбаев  қазақтың басты велошабандозына 2-ші дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.

    2008 жылдың күзіндегі испандық сол жарыста отандас спортшылар Асан Базаев пен Дмитрий Муравьев «Вуэльтада» қатысқан 136 спортшының арасында 135-136 орындарды өзара бөлісті. Оның себебі, арам тер болып команда көшбасшысы Альберто Контадорға су тасығандығында.  Ол жұмысқа мәжбүрлеген Йохан мырза еді. Тіпті, «Астана» командасының капитаны Альберто Контадорға көмекші болудан жалыққан американдық Леви Лейфаймер аталмыш бәсекенің 5-ші және 20-шы кезеңіндегі жекелей жарысты пайдаланып, испандықтан басым түсіп отырды. Бірақ жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте көбірек ұпай жиған Контадорға 46 секунд ғана ұтылған АҚШ спортшысы екінші тұғырға табан тіреді.  Американдық велоспортшы өз мүмкіндігінің Альберто Контадордан зор екендігін айтып қалды.

    Ал былтырғы «Тур де Франстағы» астаналықтардың команда ішіндегі шуы тіпті спорттан хабары жоқ бейтарап жандардың өзін еліктіріп әкетті. Алдымен бас менеджер көшбасшы деп Альбертоны таныстырғанмен, ішінің Армстронгқа бұратындығын жарыс түгесілер шақта байқатты. Бұрыңғы шәкірті Армстронгқа Брунель жеке тактикалық әдістерді радио қабылдағыш арқылы баяндап отырды. Дода енді қызар тұстағы бір кезеңде қатты желдің соғуын пайдаланып, негізгі топтың ортасында қалып қойған испандықты байқаған бас менеджер Лэнске қамшы бас деп бұйрық берді. Топтан оқ бойы озып шыққан американдық спортшы жанына бірнеше командаластарын ертіп, испандықтан қара үзіп кетті. Қатты жел өтінде жалғыз шабуылдау мүмкін еместігін ескерген Контадор амалсыз маңындағы  екі командаласына үмітпен қарады. Бірақ ол екі жігіт те менеджердің тапсырмасынан аттап кете алмады. Сөйтіп, Альберто, Лэнстен бірнеше секунд артта қалды. Бірақ, испандық жігіт кеткен есесін тау жолдары басталғанда еселеп қайтарды. Күннің аптап ыстығында Контадор жанындағы неміс Кледеннің болдырып қалғанын көзі шалып, шабуылға көшкенде Армстронг өз серігі Леви жарақат алып шығып кеткендіктен, неміс жігітінің көмегіне мәжбүр болған-ды. А.Кледеннен қайран жоқ екенін түсінген Лэнс Контадорды жалғыз қуды. Дегенмен, шау тартып қалған ардагер, американдық шабандоз «жас перінің» шаңына ілесе алмады. Осы тактикасы үшін Контадор бас менеджерден біраз сөгіс те алды. Бұл бас менеджердің аламандағы айласы болса, ол додадан тыс та біраз құйтырқы әрекеттерге барды. Йохан, А.Винокуровтың «Астанаға» оралатынын естіп, ер-тоқымын баурына алып бір тулап алды. Осы Франциядағы жарыста қазақстандық бір ғана спортшының өнер көрсетуіне мүмкіндік берсе, еліміздің федерация басшыларына бағынбай, өз әмірін жүргізді. Отандас спортшыларды екінші сорттағы іске алғысыз жансыз зат ретінде қарады. Қаржыны бізден алып, команда ішінде өз білгенін істеген Брунель мырзаның бетіне қарсы келер жан табылмады. Тіпті,  «Тур Джиро» сайысында айлықты уақытынан кешіктіріп алғандықтан, жарысқа қатысып жүрген  астаналықтан «Астана» жазуының үстін ақ шүберекпен желімдеп тастады. Екі жыл бойы Қазақ елінің  миллиондап төлеген қаржысын өз пайдаларына жұмсаған шетелдіктер, іс насырға шауып, командадан Лэнс кеткен тұста барлық шетелдіктер американдықтың соңынан ілесті. Осы қарбаласты пайдаланған Йохан мырза команда құзырындағы қажетті құрал-жабдықтарды өз жекеменшігіне айналдырып үлгерді. Белгиялық маман командадан жай кетпей, өзінің ішкен құдығына өзі түкіріп кетті. Осы күнге дейін ол бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Астананың» команда болып қалуына күдікпен қарайтындығын ашық айтып жүр.

    Екі қошқардың басы бір қазанға сыймады

    8[1]

    Өткен жылы  «Тур де Франс» жарысын қатарынан жеті мәрте жеңіп алған Лэнс Армстронг спортқа қайта оралғаны баршаға аян. Өйткені, үш жыл бұрын спорттан қол үзген Лэнс қатерлі дертпен ауыратын жандарға жарыстарда тапқан барлық қаражатын беруге даяр екен. Себебі, Армстронг кезінде сол аурумен сырқаттанып, кейін өзінің өмірге құштарлығы мен күш-жігерінің арқасында аурудан айығып шыққан болатын. Еліміздің велоспорт федерациясының вице-президенті Николай Проскурин мырза алғашында Армстронгтың тек біздің командаға келетінін айтып жұрттан сүйінші сұрады. Артынша Альберто Котадордың Лэнстың келуіне қарсылығы жоқ деп тағы сайрады. Ең соңында Н. Проскурин американдық Л. Армсторонгқа төлейтін ақша жоқ дегенді жасырмады. Бұл басшының сөзіне сенуден қалдық. Осы сөзден бірер күн бұрын Лэнстың мақсаты ақша табу емес деген сөзді вице-президенттің өзі айтқан еді. Армстронг «Астана» сапында өнер көрсеткенмен өзінің басты мақсатын орындай алмаған соң, Контадормен бір ту астында бірге жүре алмайтынын мәлімдеді. «Қазақ екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды»  деп бекер айтпаған. Жарыс соңында испандық спортшының бас бәйгені олжалағанымен, Лэнстің ішінде бір өкініштің кеткені анық. Американдық шабандоз аламан дода аяқталмай жатып-ақ, өз алдына жаңа команда құратынын жария етті.

    Қолда тұрған алтынның қадірі жоқ.

    376742-2197686-317-238[1]

    Велоспорттың басы-қасында жүрген басшыларға қарның ашады. Шетелдің екі спортшысының аузына қарағанша, өзіміздің спортшыларды командаға тартса игі. А. Винокуровтың екі жылдық спорттан шеттеткен мерзімі бітіп, өзінің төл командасына қосыла алмай әуреге түсті.  Йохан Брунель команданың бас менеджерлік қызметінен кетпегенде Винокуровтың «Астананың» есігіненде сығалап қарай алмас еді. Абырой болғанда Лэнстың соңынан ілескен белгиялық маманның кетуі, Сашаның өз клубына қайта оралуына жол ашып берді. Қазір А. Винокуровтың өзі баулыған ізбасары Андрей Кашечкин жұмыссыз бос жүр. Оған қазіргі бас менеджердің де «Астана» командасының жейдесін ұсынуға зауқы жоқ. Ол аздай Кашечкин мен Проскурин қырғи қабақ екен. Командаға шақырылмауының басты себебі осы көрінеді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресін»  демекші, бұл жайттың сыры қомақты қаржыда жатыр екен. Өткен жылдың соңында осы құпияның бетін ашқан ҚР Сенат  депутаты Тасбай Симамбаев еді. Кашечкинге тиесілі қаржыны Н.Проскурин  «жеп қойғанын»  бүкпесіз айтты. Кезінде Винокуровтың қасында жүріп, талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешірсе де дербес шаңырақ көтерген «Астанадан» бір орынның А. Кашечкинге табылмауы түсініксіз. Әлемде Андрейге құда түсіп, бізге кел деп отырған командалар көп. Бірақ, ол кезінде өз қолымен шаңырақ көтеріп, уығын өзі қадаған отаудың отын маздатқысы келеді. Жуырда Йохан Брунель мырза Қазақстанда Винокуров сияқты жарық жұлдыздың қазіргі таңда жоқтығын айтыпты. Сонда Брунель  Қазақ елін толық білмей тұрып,  талантты велошабандоздардың жоқтығын қайдан біле қойыпты? Әлде белгиялық маманның көріпкелдігі бар ма еді? Йохан мырзаның айтуынша, Александр Винокуров ардагерлік жасқа келгендіктен команда үмітін ақтай алмайтын көрінеді. Брунельдің 37-ден 38-ге аяқ басқан Армстронгты жас жігіт санап, Сашаны шалға балағаны ма?.. Түсініксіз. Өзгенің басы ауырмаса да еліміздегі велоспорт федерациясының бұл мәселе жөнінде жақ ашпауы қалай? Болмаса Брунель секілді шетелдікке қапшықтап ашқа ұстатқан велошенеуніктердің жалтақтығы ма? Әлде жаман үйді қонағы билейдінің кері ме? Андрей Кашечкин секілді саңлақ спортшыны далаға қаңғытып жіберіп, шетелдіктер шабандоздардың тілеуін тілеу, қисынға келмейді. Өз отандасымыздың арасында мықты спортшы жоқ болса бір жөн. Йә, қолда барда алтынның қадірі жоқ деген сөз осы шығар…  Тіпті, еліміздегі федерация басшылары Кашечкин командаға келсе, Контадордың «Астанадан» кететіндігін алға тартып отыр. Егер испандық 25 жасар А. Контадор «Астана» сапында дәл осылай жүре берсе, жуық арада отандастарымызға өз командамыздың «төрі» бұйырмайды.

    i[1]

    Сонымен, Вена қаласында биылғы  «Астана» командасының жаңа құрамын таныстыру сәтінде таяуда ғана федерация тізгінін қолына алған Қайрат Келімбетов мырза «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қорынан үстіміздегі жылы велоклубқа 16 миллион евро бөлінгенін қуанышпен хабарлады. Ол аздай, алдағы екі-үш жыл көлемінде «Астанаға» 60 миллион евроның берілетіндігіне уәде берді. Сонда қазақ халқының аузынан жырып алған қаржы шетелдіктердің көмекейінде кете ме? Команданың шетелдік жарыстардағы жеңіп алған құр атағына бола осынша ақшаны жұмсай берсек, еліміз аз уақыт ішінде тақырға отырып, қапшық-қапшық доллар емес, тиын санап қалуы бек мүмкін. Байрақты бәсекелерде олжа салуды ойлаған елдер өздерінің төл спортшыларына жағдай жасап жүр. Мәселен, Ресей  «Катюша» командасын құрып, негізінен өз спортшыларын команда сапына тартты. Солтүстіктегі көршімізде Контадорды шақыртуға ақша таппай отыр деп ойласақ қателесеміз. Олар қомақты қаржының құмға сіңген судай жоқ болуын қаламайды. Басты гәп осыда. Елбасы Н.Назарбаев биылғы өз халыққа арналған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту қажеттігін қадап айтты.

    Қысқасы, «Вуэльта-2006» көп күндік жарысының жүлдегері жас та болса талантты отандасымыз Андрей Кашечкинді «Астана» велокомандасына шақырмай әлемдік додалардан медаль дәмету ақылға сыймайтын іс. Бұған дәлел – өткенде Қытайда аяқталған Бейжің Олимпиадасы. Және тағы бір айта кетерлігі, құрылғанына екі жыл толған «Ұлан» велоклубының талантты жас шабандоздарын «Астана» құрамына тартып, байрақты бәсекелерге даярлау қажет. Олай болмаған күнде ақшамыз шетелдіктердің уысында кетіп, клубтық деңгейдегі атаққа мастанып, әлем мен олимпиада жүлделерінен қағылып қала бермекпіз.

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Comments 9 комментариев

  • Quote
    Sake Kazakhstan (Editor) on 8 Февраль 2010, 14:09:

    шығыпты афтеуир. админге рахмет!

  • Quote

    Жарайсын Сәке! Күшті жазыпсын. Қазақша жазғаның дұрыс. Көп рахмет!

  • Quote
    Sake Kazakhstan (Editor) on 8 Февраль 2010, 16:28:

    егер Сиздерге казахша макалалар унап жатса, унеми салып турамын.

    Жалга тек хабарыныз болсын, осы сайттын Форум болиминде Казахша сойлеушилерге арналган айдар ашылган болатын. Сол жерге кирип оз ойларынызбен болисуге болады.

  • Quote

    zharaisyn, Sake! rahmet! 😀

  • Quote

    Okynyshke orai, menin kazak tilim ote nashar. Men janagana Kazakstanga keldym, endy kazak tilindi kaitadan jattaimyn! Birakta, senin jumysyn ote paidalany. Rakhmet sagan Sake!

  • Quote

    Казакша форумга крейн десем, тиркеле алмай-ак койдым.

  • Quote

    Жақсы жазылған екен… Мақала иесіне мың да бір алғыс!

  • Quote

    Нихт ферштейн 🙁 Сделайте пожалуйста перевод

  • Quote
    Sake Kazakhstan (Editor) on 9 Февраль 2010, 11:10:

    енді салып тұратын боламын

    Извините я не могу сделать перевод. Может Нурболата попросить? Кто может организовать

  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание