«Астана» Парижді бағындырды

    • Filled in News in Kazakh 28 Июль 2009 в 2:26, author: Sake
    • Views: 2 457.

    01134

    Велобәйгелер ішінде мәртебесі бәрінен жоғары «Тур де Франс» көпкүндігі көмбеге жетті. Үш аптаға созылған аламан бәйгеде бас жүлдені «Астана» клубының серкесі Альберто Контадор жеңіп алды. Ал командалық есепте қазақтың көк байрағы түстес жейдемен жарысқа түскен «Астана» клубы теңдессіз болды.

    Осы жеңісті «Астана» төрт жыл тосты. Табаны күректей төрт жыл. 2006 жылы «Астана» клубы «Тур де Франс» көпкүндігіне қатыстырылмады. Дәл сол кезде «Астана-Вюрт» деп аталатын клубымыздың сапындағы бес велошабандоз «допингке қатысты Халықаралық велосипед одағының қара тізіміне іліккен» деп, жарыстан аластатылды. Нақтырақ айтқанда, осы көпкүндікті ұйымдастырушылар команда сапындағы бес велоспортшыны аластатып, «құрамдарың толық емес» деп, «Астананы» әйгілі көпкүндікке қатыстырмады. Ресми түрде «клуб құрамы толық болмағандықтан, яғни төрт-ақ спортшы қалғандықтан, жарыстан шығып қалды» деген ақпарат таратылғанымен, мәселенің төркіні тереңде еді. Шынтуайтына келгенде, жедел түрде қосалқы құрамдағы спортшыларды тіркеуге болатын-ды. Алайда баз біреулер бұл клубтың «Тур де Франс» бәйгесіне қатысқандығын қаламады.

    Бір қызығы, сол кезде «Астана-Вюрт» клубының UCI қара тізіміне іліккен спортшылары Хосеба Белоки, Исидро Носаль, Альберто Контадор (үшеуі де испан) және Сержио Паулиньо (португал) сынды велошабандоздар еді. Соңғы екеуі – дәл қазір «Астана» сапында ойқастап жүрген дүлдүлдер.

    2007 жылы «Астана» қазақстандық команда ретінде «Тур де Франс» көпкүндігіне мүмкіндік алды. Бірақ «Астана» клубының соңына шырақ алып түскен «Тур де Франс» көпкүндігін ұйымдастырушылар Қазақстан клубын өз жарыстарынан аластатып тынды. Көпкүндіктің аяқталуына жеті кезеңдік бәйге қалғанда «Астана» клубының капитаны Александр Винокуровқа «гемотрансфузия әдісімен (өз ағзасына қан құю жолымен) допинг қолданған» деген айып тағылып, команданы толығымен жарыстан бас тартуға мәжбүрледі. Дәл осы жылы бас жүлдеден үмітті Александр Винокуровқа қана емес, көпкүндіктің аяқталуына бес кезеңдік бәйге қалғанда жалпы есепте жеке-дара көш бастап келе жатқан даниялық М.Расмуссен («Робобанк») де жарыстан аластатылды. Ол сол жылғы «Тур де Франс» додасындағы ең соңғы таулы жерлерде өткен жарыста мәре сызығын бірінші болып қиған. Яғни көлденең келген қырсық болмаса, Расмуссенді оның бақталастарының қуып жетуі мүмкін емес еді. Бірақ «Микаэль допинг-бақылаудан өтпес үшін Халықаралық велоспорт одағына (UCI) жалған ақпарат берді» деген айып тағылып, ол да әйгілі көпкүндіктен тыс қалған. Осылайша, сол кезде Discovery Channel клубының намысын қорғап жүрген Альберто Контадор жеңіске жеткен еді. Бағы жанды дейсіз бе, жоқ әлде, команда менеджері Йохан Брунельдің іскерлігі мен беделінің жемісі дейсіз бе, өз еркіңіз…

    Былтыр «Тур де Франс» көпкүндігін ұйымдастырушы Amaury Sport Organisation (ASO) ұйымы өздерінің осынау мәртебелі жарыстарына «Астана» клубын шақырмай, мүлде теріс айналды.

    114

    Ал биылғы бәйге әлдеқайда әділетті болды. Ешқандай да допинг дауы болған жоқ. Ешкім де ши шығарған жоқ. Сондықтан болар, мамандардың көбісі «Астана» клубының жеңіске жететіндігіне күмән келтірген жоқ. Тек «Лэнс Армстронг па, әлде Альберто Контадор ма?» деген сауал велоспорттан түйсігі бар жамағаттың сау басына сақина болды. Бұл жерде команда жетекшісі, беделді басшы Йохан Брунельдің бүйрегі кімге бұрса, соның айы оңынан туары белгілі еді. Бірақ Брунель де, Армстронг та әділеттік танытты. «Кім спорттық бабында, сол жеңіске жететін болады, бүкіл команда нағыз мықтыға қызмет ететін болады» деген сөздерінде тұрды.

    «Астана» клубы команда болып құрылғалы бері төртінші жылы ғана «Тур де Франс» көпкүндігінде алаңсыз бәйгеге түсуге мүмкіндік алып, мұны мүлт жіберген жоқ. Алғашқы мүмкіндігінде-ақ жеңіске жетті. Төрт жылғы табандылығының арқасында Парижді де бағындырды. Төрт жылғы шыдамдылығы мен сабырлылығының арқасында «Тур де Франс» көпкүндігін ұйымдастырушыларды да мойындатты. Тек жеңіске жеткен серкеміз – қазақтың қара домалағы емес, шалғайдағы испан дүлдүлі демесеңіз, бәрі де тамаша. Альберто Контадордың өз жеңісіне Испания туын желбіретіп, қуанғандығы болмаса, бәрі де жақсы…

    Соңғы кезеңдік бәйгеде өз жеңісіне масаттанған Контадор көпшілік алдында екі саусағын жоғары көтеруден жалықпады. Онысы – «мен «Тур де Франс» көпкүндігінің екі дүркін жеңімпазымын» дегені. Біріншісін білеміз, бірақ екіншісі әділетті жолмен келген жеңіс болды. Оның үстіне, Контадор өзінің нағыз майталман велоспортшы екендігін «Джиро д’Италия» және «Вуэльта» көпкүндіктерінде де дәлелдеп шыққан. Өзі ендігі бар ойы тек «Тур де Франс» көпкүндігі екенін жиі айтып жүр. Яғни осы көпкүндікте әлде де бірнеше рет жеңіске келетінін жасырмайды. Сондай-ақ 2007 жылғы жеңісі тек тер төгуді қажет етсе, биылғы жеңіс шүмектетіп төккен термен қоса, жүйкеге түскен жүктемесімен де өте ауыр болғандығын баса айтуда.

    Ал Лэнс Армстронг  жасы ұлғайып кетсе де, өзінің нағыз жүйрік екендігін, сыры кетсе де, сыны кетпегендігін дәлелдеп, жалпы есепте үшінші орынға ие болды. Екеуінің арасына Люксембургтің жас таланты Энди Шлек («Saxo Bank») сына қағып, екінші орынды еншіледі. Осы бетінен қайтпаса, бойы сырықтай Энди Шлек ағасымен тізе қоса отырып, талай белесті бағындыратын шығар.

    Ал біз ше? Біз тағатсыз Александр Винокуровты тосамыз. «Астана» клубының құрылуына қамшы болған дүлдүлімізді сарыла күтеміз. Осыған орай, «Астана» клубының сапында үлкен өзгеріс болуы мүмкін. Сондықтан «Астананың» алдағы ғұмырына алаңдаулымыз.

    Нұрғазы САСАЕВ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание