«Астана» «іздеу салады»
-
- Views: 3 618.
Мұның алдында жазғанымыздай, «Астана» велоклубы келесі маусымды Альберто Контадорсыз бастайды. Қазақстандық команданың сапында үш жыл өнер көрсетіп, ақшасын алып, тамағын жеген испандық саңлақ «Астанаға» алғыс та айтпастан Данияның «Саксо банкіне» ауысып кетті. Енді Александр Винокуров бастаған қазақстандық клубтың өкілдері Контадордың орнын басатын жаңа капитан іздеуге көшті. Осыған орай, командаға жаңа капитан іздеуге біз де өз үлесімізді қосып көрсек. «Тауықсыз да таң атар»
Мейлі, кетсе кете берсін. Қазақта «тауықсыз да таң атар» деп орынды айтылған мақал бар емес пе?! Контадорсыз да күнімізді көріп, әлі талай турнирлерде топ жаратын боламыз. Ал Альбертоның жайына келер болсақ, шыны керек, қазір бұрынғы бабында емес екені көзге ұрып тұр. «Тур де Франс» көпкүндігінде бірде-бір кезеңді ала алмауы да осының айғағы болса керек. Шын мәнінде, егер Александр Винокуров, Дани Наварро секілді «атқосшылары» болмағанда, 15-кезеңде Шлектің шынжыры шығып кетпегенде испандық жігіт мәртебелі турнирді жеңе алмас па еді. Ал «Саксо банк» клубының Контадорды жарылқайтынына өз басым сене алмаймын. «Саксо банк» «Астана» емес, мұнда мәртебелі турнирлерде топ бастағысы келетін саңлақтар жетіп-артылады. Мәселен, Фабиано Канчелараның өзі Контадорға жұмыс істейтініне күмәніміз бар. Сондай-ақ болашағынан мол үміт күттіретін велошабандоз Ричи Порте де келесі жылы «Тур де Франсты» жеңуге талпынатыны сөзсіз. Демек, келер жылы «Саксо банкте» «көрпе тартысы» басталғалы тұр. Даниялық клубтың бас менеджері Бьярне Риис осы жағын ойлады ма екен? Әлбетте, оқырмандар тарапынан «Ричи Порте мен Фабиано Канчелара Энди Шлектің кезінде де «Саксо банкте» өнер көрсетті емес пе?» деген сұрақ туындауы ғажап емес. Бірақ ойлап қараңыздаршы, биылғы «Тур де Франста» «Саксо банк» саңлақтарының ауызбіршілігін көре алдыңыздар ма? Ағасы жарыс жолынан шығып қалған соң, Энди Шлектің жанында тек бірді-екілі ғана командаласы қалды емес пе? Ал ендігі жылы қалай болмақ? Шлекке қол ұшын созбаған Канчелара сынды саңлақтар Контадорға көмектесе қойсын ба? Әлбетте, бұл енді Бьярне Риистің шаруасы. Бірақ ең өкініштісі, қазақтың нанын жеп, ақшасын қалтасына басқан Контадор «Астанаға» алғыс та айтпастан кетіп қалды. Жарайды, Контадордың артынан күл шашпай-ақ, оның орнын басатын капитанды іздеп көрсек.
Роман Кройцигер
БІРІНШІ ҮМІТКЕР – КРОЙЦИГЕР
«Астана» велоклубының қызығып, құда түсіп жүрген саңлақтардың бірі – осы Роман Кройцигер. Жасы небәрі 24-те. Осыдан екі жыл бұрын веломамандар чехиялық бұл велошабандозға «Болашағынан көп үміт күттіретін жас спортшылардың бірі. Жекелей жарысқа мықты. Ұзақ қашықтыққа төзімді. Тауға да шыға алады, тегіс жолға да жақсы дайындалған. Бірақ әлі капитан болуға ерте» деп баға берген болатын. Міне, бүгінде Кройцигер нағыз толысқан шағына жетті. Капитан ретінде команданы сүйрей алатын шамасы да бар. Дегенмен Кройцигердің бір кемшілігі бар. Өзі өнер көрсететін «Лигвигас» командасында капитандардың шектен тыс көптігінен чехиялық майталман соңғы кездері тек спринтерлік жарыстарда ғана көзге түсіп жүр. Ал көпкүндіктерде италиялық команда Романды екінші кезекке шығарып тастаумен келеді. Бұл да болса Кройцигердің «Астанада» жігіттерді өзіне қаратуына кедергі келтіруі мүмкін. Чехиялық баспасөздердің біріне берген сұхбатында Роман Кройцигер жеке агентінің жақын арада Винокуровпен жолығатыны туралы айтыпты. Яғни Кройцигердің «Астанаға» ауысатыны немесе ауыспайтыны туралы алдағы күндерде белгілі болады.
Денис Меньшов
ДЕНИС МЕНЬШОВ ҚАЖЕТ ПЕ?
Бүгінгі таңдағы Ресейдің, сондай-ақ Голландияның «Рабобанкінің» ең үздік велошабандозы. «Вуэльта» көпкүндігін екі рет, «Джиро д’Италияны» бір рет жеңіп алған. Биыл «Тур де Франс» көпкүндігін үшінші орынмен тамамдады. Бір сөзбен айтқанда, нағыз капитан бола алатын саңлақ. Бірақ, ойлап қарайықшы, Меньшов бізге керек пе? Негізі, «бұл сұраққа «Астана» велоклубы жанкүйерлерінің көбісі «керек» деп жауап беріпті. Дегенмен де... Меньшов келер жылдың бірінші айында 33 жасын атап өтеді. Ал бұл жаста спортшыдан үлкен жетістіктер күтуге бола ма? Әй, қайдам. Велошабандоздың барлығы Армстронг емес қой. Журналистерге берген сұхбаттарының бірінде Александр Винокуров «Астананың» Денис Меньшовқа да қызығатынын жасырмапты.
Альберто Контадор мен Энди Шлек
ШЛЕКТІ ШАҚЫРСАҚ ҚАЙТЕДІ?
Ағайынды Шлектердің кішісінің жасы небәрі 24-те. Екі жыл болды, Контадордың алдын орай алмай келеді. Былтыр да, биыл да «Тур де Франс» көпкүндігінде 2-орын алып қалды. Дегенмен «Астанада» Шлек өзін бар қырынан таныта алар еді. Оның үстіне дәл қазіргі таңда Контадорға бәсекелес бола алатын велошабандоз – осы ғана. Рас, кейбір спортсүйер қауым «ағайынды Шлектер өз Отанынан өздері бөлек велоклуб ашпақшы. Олар «Астанаға» келмейді» деп ойлауы мүмкін. Бірақ, шыны керек, қазіргідей дағдарыс кезеңінде Люксембургте әлемді аузына қарататын велоұжым шығады дегенге сене қою қиын. Мұны Эндидің өзі де жақсы түсінуі керек. Ол үшін дәл қазір «Астанада» 2-3 жылдай өнер көрсете тұрғаны тиімдірек. Егер ағайынды Шлектер «Астанаға» ауысамын деп шешсе, бұдан біз де ұтамыз, ол да ұтылмайды. – Шлек дейсіздер ме? Неге оны шақырмасқа? – деп қалды өзінің бір сөзінде Александр Винокуров.
Автор: Әзиз ЖұмӘділ
Алаш айнасы
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments 3 комментария
-
Leave a Reply
Контадорга рахмет!Астананын атын бираз шыгарды гой. мына макалага караганда контадорды жактырмай турган сияктымыз
Басында басқа командаға ауысатындығы туралы әңгіме айтылғанда алданып қалғандай күй кешіп біраз ренжігенім рас. Көз үйреніп қалған мықты шабандозды жібергіміз келмегеннен шығар.
қазыр, Контаға тек алғыс айтамын. Астананы ұнатсын мейлі ұнатпасын онымен бірге 4 ГТ ұтып алдық. Алматыға келген кезінде жақсы қарсы алып жақсы шығарып салу керек. Басшыларда өз лайықты бағасын беретін шығар.
Конта Азамат! Оған миллиондаған алғысымыз бар!