«Астана» дүлдүлдері ершіктен түсер емес
-
- Views: 2 822.
Кеше Нидерландыда Eneco Tour деп аталатын көпкүндік басталды. Бұл велобәйгеге «Астана» клубы да қатысуда.
Алты кезеңдік бәйгеден тұратын көпкүндікте «Астананың» жеті велошабандозы бақ сынайды. Олар – Аллан Дэвис (Австралия), Максим Иглинский, Максим Гуров, Валентин Иглинский, Томас Вайткус (Литва), Сергей Ренев, Евгений Непомнящий. Бұл көпкүндікте команда мүшелері Аллан Дэвиске жұмыс жасауы керек. Максим Иглинский де көлеңкеде жүрмес. Ал Томас Вайткустің өзінің спринтерлік қабілеттерін паш етуі ғажап емес.
Енді тек әліптің артын тосып, велоспортшыларымыздың қазіргі спорттық баптарын 14 тамыз күні жалпы есепке көз жүгірте отырып білетін боламыз.Жалпы есеп демекші, осыдан екі күн бұрын «Польша туры» көпкүндігі аяқталған. Онда астаналықтар аса жоғары нәтиже көрсете алмады. Словакия дүлдүлі, Liquigas клубының велошабандозы Петр Саган жеңіске жеткен көпкүндікте астаналықтар алғашқы ондыққа да іліге алмады. Фредрик Кессякофф (Швеция) 12-орынға ие болса, Роберт Кисерловски (Хорватия) 31-орынға тұрақтады. Симон Кларк (Австралия) 49-орынға, Андрей Мизуров 57-орынға, Асан Базаев 77-орынға орналасты. Ал әу баста көшбасшылардың 13 секунд қана қалып келе жатқан (екінші ондықтың басында болған) Энрико Гаспаротто (Италия) 84-орынға бір-ақ сырғыды. Жеңімпаздан 26,02 минут қалып қойды. Бұл көпкүндікті Евгений Петров (Ресей) 86-орынмен, ал Александр Дьяченко 119-орынмен тамамдады.
Бір көңіл аударарлығы, «Vacansoleil-DCM» клубының намысын қорғайтын Сергей Лагутин деген Өзбекстан велоспортшысы «Польша турының» жалпы есебінде 14-орынды иеленді.
Автор: Дархан Рақыш
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments (1)
-
Leave a Reply
Осы турнирде де біздің аларымыз жоқ сияқты. Болғаны екі тақтайдай жазық этап өтті, ал Астана сапындағы әзірге ең үздік Вайткустың өзі жарты минут қалып келеді. Жалпы осы тур түгелдей дерлік жазықтықта өтетінін, оған Жильбер бастаған ығай мен сығайлардың қатысатынын ескерсек, «иегіміз қышымайтын» сияқты