«Астана» әрқашан алға ұмтылады!
-
- Views: 3 463.
Cұхбат 17.04.2012 алынды.
толық мәтін: "Егемен Қазақстан"
– «Амстел Голд» велобәйгесіндегі жеңістеріңіз құтты болсын! Маусымдағы алғашқы жеңіс қой, жігіттердің мәреден көрінетініне сенімді болдыңыз ба, әлде бұл тосын сый болды ма?
– Тосын сый деп айтуға келмейтін шығар. Команда жарыс жолына алдына үлкен мақсат қойып шыққан болатын. Оның үстіне Энрике Гаспаротто «Амстел Голдта» жеңіске үміттілердің бірі болды. Сондықтан оған үлкен сенім артылды. Велоспорт – лотерея. Ұтымды сәтті тиімді пайдаланып, көптен күткен жеңісімізге қол жеткіздік.
– Жарысты теледидардан тамашалаған боларсыз?
– Жоқ, өкінішке қарай, жолда болдым. Сондықтан жігіттердің жарысын үзіп-үзіп көруге тура келді. Ал жеңіске жеткенімізді командамыздың спорттық директоры Александр Шефер сол сәтте ұялы телефоныма хабарласып, сүйінші сұрады.
– Мәреге жақын қалғанда Максим Иглинский жеңіске жетеді деген сенім ұялаған, бірақ соңғы сәтте жүрісі баяулап қалғандай болып еді…
– Максимді маусым басынан жеңіске ынталандырып келеміз. Бірге жаттығамыз. Менімен көрші тұрады. Бабы да келісіп тұр. Вальверди, Жильбер сынды қарсыластарға тісі бататындай шамасы бар. Бірақ жолы болмай-ақ қойды. Ал жалпы команда турасында айтар болсам, жақсы өнер көрсетті. Үнемі пелотон алдында болды. Бап шаба ма, бақ шаба ма деп жатады ғой. Бұл жолы да жаттығуларда аянбай тер төккеніміздің нәтижесі көрініп-ақ тұрды. Бағымыз да жанды. Амстелге осалдар келмейді. Оны өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар. Бүгінгі жеңісіміз шабандоздардың өзіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Жарыс басталуға үш сағат қалғанда Қазақстан Велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетовпен сөйлестім. Маусым басынан бір қуантпадыңдар ғой деген тұрғыдағы сөзіне жақын арада жеңіс міндетті түрде келеді деп сендірген едім. Шамалы уақыттан кейін қуанышты хабар алдық.
– Қазақ жанкүйерлерінің ең алдымен, өз спортшыларымызға бүйрегі бұрып тұрады ғой. Команда сапында ізіңізді басқан қазақстандық шабандоздар туралы не айтар едіңіз? Классикалық жарыстар аяқталуға жақын, алда ірі гранд турлар бар дегендей…
– Әрине, Гаспароттоның орнына Иглинский тұғырдан қол бұлғап тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Ондыққа ілінсе, командаға да, өз қоржынына да ұпай салуға мүмкіндігі бар. Жігіттерден аянып жатқан ешкімді көрмедім, Малайзияда Дьяченко, Иглинский мен Груздев жеңіске таласып көрді. Максим Иглинский «Монтепаски Страда Бьянки» додасында мәре сызығын екінші болып кескен. Канчелараға есе жіберді. Бұл нәтиже Макс үшін үлкен жетістік. Бірақ жеңістің орны бөлек. Муравьев пелотон басында көрініп жүр. Базаев, Груздев барынша көшбасшыға еңбек етеді. Жеңіске жету үшін тәжірибе молынан болуы керек. Осы жағы ақсап тұр ғой деймін. Қолдан келген көмегімді аяп жатқаным жоқ. Жаттығу кезінде болсын, жарыста болсын, тіпті демалыс уақытында басымыз қосыла қалса, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Болашаққа сеніммен қарауға негіз бар.
– Ал алдағы мәртебесі жоғары көпкүндіктерде жерлестерімізден не күтеміз? Әлде оларға команда көшбасшыларына жұмыс істеу міндеті жүктелген бе?
– Әрине, Джиро, Тур де Франс, Вуэльта сынды жарыстарда команда алдына бір мақсат қойылады. Барлығы сол мақсатқа қол созу үшін тер төгеді. Джирода Дьяченко мен Зейц команда құрамында. Команда капитаны Роман Кройцигердің жанынан табылуға дайын тұрған сенімді саңлақтар. Олар әлі жас, тәжірибе жинау қажет. Онсыз болмайды. Мен де кезінде Ян Ульрихтің грегориі атанып жүрдім, сол жеңіске жетсін деп шөміштеп тер төктім. Бірақ сол еңбегім текке кеткен жоқ. Қоржыным мол тәжірибемен толықты. Әрине, сәті түсіп, жекелеген сындарда пелотоннан алға ұзап жатса, соңғы шақырымдарда жеңіске таласып жатса қуанамыз. Бірақ басты міндет – команда жеңісі.
– Жанкүйерлер арасында команда құрамына көңілі толмайтындар аракідік бой көрсетіп қалады. Команданың ұзақ уақыт жеңіске жете алмай жүргеніне осы жәйт себепкер емес пе?
– Әрине, қанша адам болса сонша пікір болады. Әркім өз орнын білуі тиіс. Өз ісіне жауапты адамдар бар. Әр жерден ананы алу керек, мынаны алу керек деп шулап жатса, арты не болмақ? Мен «Барыс» командасына мықты ойыншыны алыңдар деп ұсыныс жасамаймын ғой. Болмаса олардың мұз айдынында қалай ойнау керек екенін айтып жатқаным жоқ. Келісім-шарт мәселесінде өзіндік ерекшеліктер бар екенін де ұмытпаңыздар. Канчелараны, болмаса ағайынды Шлектерді «Астанаға» тартыңдар деу тек айтуға ғана оңай. Бос, келісім-шарты жоқтармен келіссөз жүргізесің. Тағы бір маңызды жәйт, бұл сұрағыңызға мен жауап беруге тиіс емес шығармын. Себебі, 2012 жылғы маусымға команда құрамын жинақтауға мен араласқаным жоқ. Мен басқа әріптестерім сынды команда шабандозымын.
Дегенмен, бүгінгі құраммен де жеңіске жетуге болады. Иә, атақты көшбасшымыздың жоқ екені рас, қатардағылар орта деңгейден жоғары шабандоздар. Соның өзінде де біз олардан жеңіс талап етеміз. Кеше Энрика Гаспаротто қуантты, ертең Асан Базаев, болмаса Валентин Иглинский Түркия турында намысты қолдан бермес. Кантадор жеңіске жетіп жатқанда неге Қазақстан туы көтерілмейді деп сын айтқандар болды. Енді неге жеңімпаздар қатарынан көрінбейді дейді. Шетелдіктерге ақша шашудың не қажеті бар, қазақстандықтар ғана «Астанада» велосипед тепсін дегендер де жоқ емес. Джиродан кейін команданың шама-шарқын бағалауға болар. Егер маған қатысты сын айтылар болса, мен оған жауап беруге дайынмын, ал командаға қатысты болса, келісім-шартқа қол қойып, шабандоздармен келісім жүргізгендер жауап берсін.
– Қазақстандық шабандоздар арасынан сіздің ізіңізді басар, ірі додаларда сенім артар спортшының болмағаны қалай? Халықаралық велосипедшілер одағының жариялаған ұлттық рейтинг тізіміне Қазақстан мүлдем ілінбеген.
– Екінші Винокуров тумаған шығар. Жұмыс жасап жатырмыз. Жігіттердің барлығы дерлік тырысып бағуда. Бірақ барлығының да жеңіске жетуі мүмкін емес. Тур де Франста бір пелотонның өзінде бес-алты ғана шабандоздың мәреге бірінші келуге қауқары жетеді. Дәл бүгінгі күнге ірі додаларда жеңіске жетеді-ау деген қазақстандық жоқ. Бірақ бір апталық турларды бағындыруға болады. Биік тауға шығуға машықтанған Александр Дьяченко, Андрей Зейц бар. Тәрбиелеп, жетілдіре түсу керек. Петер Саган сынды тума таланттар жүз жылда бір келеді. Бар болғаны 22-23 жастағы словакиялық спортшының қоржыны жеңіске толы. Елдегі спорт мектептеріне көңіл бөлу керек. Жас балаларды ершікке ерте отырғызбай, мүмкін алдымен физикалық жағынан жетілдіріп алу керек пе екен? Білім беру, жаттықтыру бағдарламаларына өзгеріс енгізген де дұрыс болар. Себебі, жерлестерімнің біразы жастайынан белгілі бір деңгейге дейін ғана күш жұмсауға дағдыланған. Одан әрі асуға шамасы жоқ.
– Әңгіме барысында әріптестеріме ақыл-кеңес беруден қашпаймын дедіңіз. Сіздей тәжірибесі мол велошабандоздың командадағы орны бөлек екені түсінікті. Команданың ішкі-сыртқы шаруаларына араласасыз ба?
– Мен шабандозбын, бірақ команда менеджері Джузеппе Мартинеллиге кеңес беретінім рас. Соңғы шешімді Мартинелли өзі қабылдайды. Ал командаға жаттығулар барысында, пелотон ішінде болсын ақылымды айтып, жеңіске жігерлендіріп отырамын. Көбісі әлі жас, өздігінен шешім қабылдап, алға ұмтылуға батылдары жетпей жатады. Өткенде Ланкгави турында Валентин Иглинскийдің жеңіске жетуге толық мүмкіндігі болды. Бесеуі алға ұмтылған, олардың діттегені жалпы есепте көш бастау ғана, ал дәл сол сәтте олар қуған 10 секөнттен біздің кезеңдік жарыста жеңіске жеткеніміз маңызды еді. Радионың болмағаны да кесірін тигізді.
Өткен жылғы олқылықты қайталамау мақсатында 2013 жылы Астана жейдесін киер шабандоздармен сөйлесіп жүрмін. 5-6 сағатқа созылған жаттығулардан соң, компьютер алдына отырып іс қағаздарға араласу, келісімдер мен жиналыстар өткізу өте қиын. Арасында телефон тұтқасына дамыл болмайды. Екі жұмысты бірдей алып жүру ауыр шаруа. Бірақ менің бұл маусымдағы басты мақсатым – спорттық ғұмырыма әдемі нүкте қою. Жеңіске жетіп, жанкүйерлерімді қуантсам деймін.
– Испанияның Кальпе қаласында өткен оқу-жаттығу жиынында Джиро мен Тур де Франсқа бару-бармауым Малайзия турынан кейін анықталады деп едіңіз. Гранд турларға қатысты шешім қабылдадыңыз ба?
– «Джироға» бармаймын. Оған әлі дайын емеспін. Ал Тур де Франсқа қатысты бір шешімге келгенім жоқ. Әрине, жалпы есепте, кезеңдік жарыстарда мәреге бірінші келсем деген ойым да жоқ емес. Олимпия ойындарын да ойлап қоямын. Бірақ құр турист болып қайту менің мінезіме жат. Түркияда бабымды тағы бір сынаққа алмақшымын. Мамыр айының соңына қарай нақты жауап айтуға болар. Тур де Франсқа қатысып жатсам, жеңіс үшін аянып қалмасым анық.
– Ал Олимпиадаға баратын шабандоздың есімі қашан белгілі болады? Екі жолдамаға кім иелік етуі мүмкін?
– Өткенде ұлттық құрама бас бапкері Владимир Ремыгамен кездестім. Қазір тізімде алты спортшы бар. Өкінішке қарай, бұл тізім әлі де қысқартуды қажет етеді. Екі ғана жолдамаға иеміз. Әзірге тізімде Александр Дьяченко, Дмитрий Груздев, Максим Иглинский, Асан Базаев, Андрей Кашечкин және мен бармын.
Әңгімелескен Дина ЫСҚАҚОВА, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.
Р.S. Бельгияда өткен «Льеж – Бастон – Льеж» біркүндігінде Максим Иглинский мәре сызығын бірінші кесіп, спорттық ғұмырындағы алғашқы ірі жеңісіне жетті. Тұғырдың үшінші сатысына тағы бір астаналық Энрике Гаспаротто көтерілді. Түркия турында ел намысын қорғаған Александр Винокуровпен телефон арқылы хабарласып, Максимнің жеңісіне өз ойын білдіруін сұраған едік. «Жарыстың соңғы 50 шақырымын ғана тамашалай алдым. Қуанышымда шек жоқ. Менің 2010 жылғы жетістігімнен де асып түсті жігіттер! Максим бірінші, Гаспаротто үшінші келді. Жеңіс тұғырында екі бірдей «Астана» өкілі тұрды. «Астанаға» сенім артқан, соңғы сәтсіздіктерге түсіністікпен қараған жанкүйерлерімізге мың да бір алғыс. Сіздердің қолдауларыңыз бізге жігер берді! Астанаға сеніңіздер, біз алар асулар әлі алда!» деп ағынан жарылды А.Винокуров.
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply