«Астана» – әлемнің үздік клубы
-
- Views: 3 033.
Италияда өткен «Джиро Ломбардия» біркүндік веложарысынан соң Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) 2009 жылғы бүкіләлемдік «Про-Тур» рейтингін қорытындылады. «Астана» биылғы жылдың ең үздік велоклубы атанса, Альберто Контадор жекелей рейтингте теңдессіз болып шықты.
Велоклубтар арасындағы рейтингте «Астана» 1100 ұпаймен өзгелерден қара үзіп, 2009 жылдың үздік клубы атанды. Биыл қазақстандық клуб «Про-Тур» рейтингінде екінші орын алған Испанияның «Сaisse d’Epargne» клубынан 52 ұпай асып түсті. Үшінші орында – 957 ұпаймен америкалық «Columbia-НТС» клубы. «Астананың» қоржынын қампайтқан, әрине, испан дүлдүлі Альберто Контадор. Ол бір өзі команда қоржынына 527 ұпай салды. Сондай-ақ неміс Андреас Кледен, америкалықтар Лэнс Армстронг пен Леви Лейфаймер және испан Аймар Субельдия сынды саңлақтардың да үлестері аз болған жоқ. Александр Винокуров та соңғы айларда өз үлесін «қасықтап» қосты. Жалпы, биыл «Астана» клубының велоспортшылары 31 рет жеңіске жетіп, мерейімізді тасытты.
Ал «Астана» велоклубының серкесі Альберто Контадор жекелей рейтингте үздік шықты. Жоғарыда айтқанымыздай, оның еншісінде 527 ұпай бар. Екінші орын 2008 жылы дәл осы рейтингте бірінші орын алып, үздік танылған испан тарланбозы Алехандро Вальверде. Ол биыл 483 ұпай еншіледі. Үшінші орынға 357 ұпаймен тағы бір испан дүлдүлі Самуэл Санчес ие болды. Бұл үздік үштікті Испания велошабандоздары жаулап алды. Бұл – әрине, Испания үшін үлкен жетістік.
Люксембургтің жас таланты Энди Шлек 334 ұпаймен төртінші орынға тұрақтаса, одан бар болғаны бір-ақ ұпай кем австралиялық Кадел Эванс бесінші орынды қанағат тұтты. Тамыз айының аяғында ғана велосипед ершігіне қайта қонып, қатарға қосылған Александр Винокуров қамшының сабындай қысқа уақыттың ішінде 32 ұпай еншілеп, 104-орынға орналасты. Ал Александр Дьяченко 110-орынға (30 ұпай), Максим Иглинский 143-орынға (15 ұпай), Асан Базаев 229-орынға (2 ұпай) тұрақтады. UCI-дің 2009 жылғы жекелей рейтингінде барлығы 297 велошабандоз тіркелген.
Мемлекетаралық «Ұлттық» рейтинг тізімінде Испания ешбір елді шаңына да ілестірмеді. Испания дүлдүлдері «Про-Тур» құрамына кіретін биылғы велобәйгелерден 1756 ұпай еншілеп, өзгелерден құйрық үзіп кетті. Мысалы, екінші орындағы Италияның қоржынында – 984 ұпай. Үшінші орынды 960 ұпаймен Австралия меншіктеді. Қазақстан 79 ұпаймен 22-орынды иеленді. Мемлекетаралық «Ұлттық» рейтингке 34 ел ілікті.
Сонымен, биылғы жыл қорытындыланды. Ал келесі жылы қалай болар екен? Лэнс Армстронг өзімен бірге бірнеше тәжірибелі велоспортшыларды алып кетті. Келер жылы «Астананың» мәртебесі жоғары көпкүндіктерде топ жаруы қиындай түсері анық. Енді тек Альберто Контадордан айырылып қалмасақ болғаны. Есесіне, енді «Астана» сапында қазақстандық велошабандоздар көбейеді. Спорттық бабы келіссе, Александр Винокуров та жерге қаратпас. Ең бастысы, «Тур де Франс» көпкүндігінде тағы да жеңіске жетіп, жас таланттарымызды ауыздандыра берсек болғаны да.
Нұрғазы Сасаев
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply