Асан – әлемде сегізінші
-
- Views: 3 192.
Австралияда тас жолдағы веложарыстан әлем чемпионаты аяқталды. Ерлер арасындағы аламан бәйгеде Асан Базаев сегізінші орынға ие болып, көңілімізді марқайтты.
Асан кейінгі кездері көзге түспей кетті десек, яғни көңілге қонымды нәтиже көрсетпей жүрді десек, артық айтқандығымыз болмас. Неліктен екені белгісіз, әйтеуір, болашағынан зор үміт күткен велошабандозымыздың бағы жанбай жүрген-ді. Әлде «Астана» клубының менеджерлері мүмкіндік бермей жүр ме, жоқ әлде Контадордың көлеңкесінде қалып қойып, сағы сынып жүр ме, белгісіз... Сол Асан «Жасыл құрлықтағы» әлем чемпионатының аламан бәйгесінде 8-орынға ие болып, иісі қазақты қуантты. Қуанбағанда ше?! Ұдайы шетел жұлдыздарының жетістіктеріне иек артып, соларға табынғандай күй кешуден жалыққан да сияқтымыз...
262,7 шақырымға созылған аламан бәйгеге 180-ге жуық кәсіби велоспортшы қатысқан болатын. Бәрі де – өз елдерінің үкілеп қосқан үздіктері, сенім артқан серкелері. Алайда солардың 99-ы ғана көмбеге жетті. Жартысына жуығы ғана осы алыс жолға шыдады. Тіпті Марк Кавендиш, Санчес секілді тәжірибелі тарланбоздардың өздері сәтсіздікке ұшырады. Өкінішке қарай, біздің де кейбір велошабандоздарымыз көмбеге жете алмады. Олар: Валентин Иглинский және Сергей Ренев. Бағы да, бабы да қатар шапқан норвег дүлдүлі Тор Хушовд болды. Дат жігіті Матти Брешиль екінші орын алса, «Астана» клубының мүшесі, Австралия спортшысы Аллан Дэвис қола жүлдеге қол жеткізді.
Асан сияқты Дмитрий Фофонов та баршамызды қуантып, 12-орынға ие болды. Ал Александр Дьяченко 88-орынды қанағат тұтты. Естеріңізге сала кетейік, Фофонов жеке жарыста да ел намысын абыроймен қорғап, осыдан бірнеше күн бұрын 22-орынға ие болған болатын.
Әйелдер арасындағы 127,2 шақырымға созылған аламан бәйгеде біздің елдің атынан жарысқа түскен Наталья Стефанская 60-орынмен шектелді.
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Comments (1)
-
Leave a Reply
Жарайсың Асан!Диманы да шын жүректен құттықтаймыз!