Александр ВИНОКУРОВ: Мақсат – Парижде жеңіс тойын тойлау

    • Filled in News in Kazakh 8 Июнь 2010 в 6:50, author: Sake
    • Views: 2 781.

    DV711465

    Американдық әйгілі велошабандоз Лэнс Армстронг мәртебелі «Тур де Франс» көпкүндігі алдында «Швейцария» турында бәйгеге түседі. Ал қазақстандық «Астана» велоклубының үздігі Алберто Кантадор «Дофине Либере» көпкүндігінде өзінің дайындығын тағы бір рет пысықтап көрмек. Демек, екі дүлдүл қайсысының үздік екендігін тек «Тур де Франс» көпкүндігінде дәлелдемек. Айтулы велобәйге шілденің 3-і күні басталады. Осы бәйге алдында аз ғана уақыт болса да, елге келіп тынығып қайтуды жөн санаған «Астана» велоклубының сапында өнер көрсететін әйгілі жерлесіміз Александр Винокуровпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

    – Александр Қазақстанға хош келіпсіз. Жол болсын!

    – Рақмет. «Тур де Франс» көпкүндігі алдындағы аздаған бос уақытымды пайдаланып, туған елге келіп қалдым. Өзімнің бір жеке шаруаларым бар еді. Оның үстіне «Джиро ди Италия» велокөпкүндігінен кейін қазы-қарта жеп, күш-қуатымды толықтырып алайын деген мақсатым да бар (сәл жымиып.)

    – «Джиро» жайлы өзіңіз сөз қозғап қалдыңыз. Енді осы көпкүндік қорытындысына тоқталып өтсеңіз.

    – Шыны керек, көпкүндік мен үшін ауырлау болды. Дегенмен осы бәйгенің басында уәде бергенімдей, бір-екі кезеңдік бәйгеде көзге түсіп, топ жардым. «Астана» велоклубымен Қазақстанның атын тағы бір мәрте жарнамаладық деп ойлаймын. Оның үстіне өзімнің жеке имиджіме де өзіндік әсері болды. Қарсыластарыма әлі де аламан бәйгелердің көрігін қыздыра алатындығымды көрсетіп, «О, Вино қайта оралыпты ғой» дегізерліктей тұрғыда жүріп өттім. Дегенмен де командалық әріптестерім ұятқа қалдырды. Біреу құлап, екіншісі ауырып қалды дегендей. Егер олардың көмектері ойдағыдай болғанда, бұдан да жоғары нәтиже көрсетер едім. Әйтсе де, командадағы өзімнің жерлесім Роман Киреевтің осы көпкүндіктегі жүрісі мен талпынысы қуантты мені. Үш жыл болды кәсіпқойлар арасында сынға түсіп жүргеніне, бірақ әлі де болса, шеберлігін шыңдай түсуі қажет. Александр Дьяченкоға сенім артқанбыз. Таулы кезеңдердің бірінде топ жарып, көзге түсетін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ол сенім үдесінен шыға алмады. Біртұтас болып, бір ұжымға біріккен «Ликвигас» командасына қарсы тұру мүмкін болмады. Жазық жерлерде өткен бәйгелерде қарсыластарымнан 50 шақырымдай ұзап кетіп, уақыт ұтып алуым керек еді. Таулы жолдарда сол уақыт айырмасын сақтап отырғанымда, мүмкін жүлдеге ілініп те қалатын едім. Тағы да айтайын, бұл көпкүндікте тау жолдары өте қиын болды. Бірде суық, бірде ыстық… Соған төзіп, өз-өзін жеңе білген велошабандоздар ғана жеңіске жетті.

    Өздеріңіз білесіздер, менің спорттық карьерамда үзіліс болды ғой. Шыны керек, соның кері әсері тиді.

    – Ендігі мақсат, әрине, «Тур де Франс» бәйгесінде көзге түсу ғой?

    – Міндетті түрде осы көпкүндікте көңілге қонымды нәтиже көрсету болмақ. Жалпы, осы көпкүндікке қатысуымның өзі, мен үшін – үлкен бақыт. Арманым. Мен үлкен спортқа оралған бетте «испан велошабандозы Альберто Контадормен тізе қосып, жұмыс жасаймын» деп айтқанмын. Сол уәде бойынша команда болып жұмылып, барлығымыз Контадордың «Тур де Франста» жеңіске жетуіне жағдай жасаймыз. Оған көмектесеміз. Мақсатымыз – Альбертомен бірге Париждегі Елисей алаңдарында жеңіс тойын тойлау. Сонымен қатар, өзім тау кезеңдерінің бірінде топ жарсам деп отырмын. Мүмкін соңғы кезең алдындағы жекелей жарыста бірінші орын алуға тырысармын. Әзірше жоспар солай. Оның бәрін енді алдағы айтулы көпкүндік көрсетеді.

    – Соңғы дайындықты қайда өткізбекшісіздер?

    – Жоспар бойынша Италияның немесе Швейцарияның тауларының бірінде жаттығамыз. Жиынға Контадор да келеді. Жаттығу жиыны маусымның 13-27-сі аралығына белгіленген. Одан кейін бірден «Тур де Франсқа» тартамыз. Қазір басқа бәйгелер жайлы сөз айтудың да қажеті бола қоймас. Өйткені «Тур де Франсқа» әлемдегі ең үздік велоспортшылардың бәрі келеді. Бәрі де кілең азулы қарсыластар. Сондықтан тек аяғымызға қуат берсін деп тілейік.

    – Әңгімеңізге рақмет.

    Сұхбаттасқан Телжан КҮДЕРОВ, “Алаш айнасы”

    Аламан Ақпарат

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание