Альбертосыз «Астананың» аты озбай жүр
-
- Views: 3 473.
Мәртебесі жоғары «Джиро д'Италия» көпкүндігінің бес кезеңдік жарысы аяқталды. Бірақ «Астана» клубының велошабандоздары әлі жеңіс тұғырын маңайлай алар емес.
«Джиро д'Италия» көпкүндігінің төртінші кезеңдік бәйгесі есепке алынбай, үшінші кезеңдік жарыста қайтыс болған Воутер Вейландтың рухына бағышталды. Ал бесінші кезеңдік жарыстан кейінгі жалпы есепте голланд дүлдүлі Питер Венинг көш бастап келеді. Rabobank клубының велошабандозы осы бесінші кезеңде топ жарды.
Өз кезегімізде «Астана» велошабандоздарына тоқталар болсақ, әзірше Роман Кройцигер (Чехия) 18-орында, Роберт Кишерловски (Хорватия) 19-орында, Франческо Машьярелли (Италия) 23-орында, Александр Дьяченко 39-орында, Евгений Петров (Ресей) 55-орында, Паоло Тиралонго (Италия) 64-орында, Хосеп Хуфре (Испания) 98-орында, Горазд Стангели (Словения) 129-орында, Максим Гуров 153-орында тұр. Ал былтырға дейін «Астананың» намысын қорғаған, қазір Saxo Bank клубының сапында өнер көрсететін испан жұлдызы Альберто Контадор жалпы есепте 9-орынға көтерілді. Ол енді-енді қарқынын үдетіп, екпінін күшейтіп келеді. Алда – таулы-қыратты жерлердегі бәйгелер. Ендеше, Контадордың қамшы басар кезеңдері әлі алда деуге болады. Ал «Альберто Контадорсыз да күніміз қараң болмайды, онсыз да жеңіске жете алатындығымызды дәлелдейміз» деген «Астана» клубы қашан қамшы басады? «Джиро д'Италия» көпкүндігінде басты сенім артқан спортшыларымыз Кройцигер мен Кишерловски сенім үдесінен шыға ала ма? Әзірше ештеңені дөп басып айта алар емеспіз. Тек әліптің артын бағып, «Джироның» аяқталуын күтейік.
Автор: Дархан ӨМІРЗАҚ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply