Алан «Астананың» ақшасын ақтай бастады
-
- Views: 2 970.
Бұл күндері пан елінде «Польша туры» велокөпкүндігі өтіп жатыр. Жеті кезеңге созылатын бұл турнирде әзірге «Астана» велоклубының саңлағы Алан Дэвис алда келеді.
Айта кетейік, бұл турнирге «Астана» Асан Базаев, Максим Гуров, Дмитрий Фофонов, Андрей Зейц, Александр Дьяченко (бәрі де Қазақстан) Алан Дэвис (Австралия), Мирко Сильваджи және Оскар Перейро (Испания) сынды саңлақтарды қосқан. Шынын айтсақ, Польшаға аттанған құрам өте тәжірибелі велошабандоздардан құралса да, ешқайсысына үміт артпағанбыз. Себебі, шыны керек, соңғы кездері жоғарыда аталғандардың ешқайсысы көңілімізден шығып жүрген жоқ. Мәселен, Базаев осы жылы мұрнын сындырғаннан басқа мүлдем көзге түскен жоқ. Александр Дьяченко «Джиро д’Италия» көпкүндігінде өзінің қауқарсыздығымен ұятқа қалдырды. Алан Дэвис туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ал Оскар Перейро қатар келген сәтсіздіктерден кейін «Тур де Франс» бәйгесінен тыс қалып қойды. Дегенмен осы жолы велошабандоздарымыз қалайда жанкүйерлерінің көңілінен шығуды ойлап, «Польша турында» сәтті өнер көрсетуде. Бұл тұрғыда әсіресе Алан Дэвисті тілге тиек етпеуге болмайды. Тегіс жолда бірінші болуды мақсат тұтқан спринтеріміз бірінші кезеңді үшінші орынмен аяқтаса, екінші кезеңде мәре сызығын екінші болып қиды. Соның нәтижесінде Алан Дэвис жалпыкомандалық есепте көш басына шықты. Алайда бұл жерде Дэвистің көш басынан орын алуына тағы бір спринтеріміз Асан Базаевтың еңбегін атап өткен жөн. Екі кезеңде де Асан Аланның жолын тазалаумен болды. Сөйтіп, командаласы үшін тер төккен қандасымыз жалпыкомандалық есепте 91-орынға бір-ақ сырғыды.
Автор: Арсен Жанаділ
-
Related Posts
-
-- enable recent posts plugin --
-
Leave a Reply