Винокуровтың екі жылдан кейінгі жеңісі

    • Filled in News in Kazakh 13 Август 2009 в 12:26, author: Sake
    • Views: 2 078.

    Үлкен спортқа екі жыл үзілістен кейін қайта оралған жерлесіміз Александр Винокуров велоспорттағы өзінің алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Атап айтар болсақ, Франциядағы «Тур де Ляйн» көпкүндігіне қатысқан саңлағымыз 3-Б кезеңінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ осы турдан кейін еліміздің «Астана» велокомандасының намысын қорғайтын Крис Хорнер сары жейдеге ие болды.

    5457

    «Тур де Ляйн» көпкүндігінің 3-Б кезеңі:

    1. Александр Винокуров (Қазақстан құрамасы) – 9,50

    2. Мичел Елизен («Силленс-Лотто») – 0,10*

    3. Крис Хорнер («Астана») – 0,10,3

    Бір күнде қос қуаныш сыйлаған саңлақтарды бөле-жарып айтуымыз бекер емес. Өйткені Франциядағы көпкүндікке «Астана» велоклубынан бөлек, Александр Винокуров үшін арнайы жасақталған Қазақстан құрамасы да қатысқан болатын. «Неліктен Вини «Астананың» құрамында емес» деген сұрақ көкейлеріңізде сайрап тұрған шығар?! Айта кетейік, Халықаралық велоспорт федерациясынан үлкен жарыстарға қатысуға жақында ғана рұқсат алған Саша қазақстандық велоклубпен әлі де болса, келісімшартқа отырған жоқ. Алайда мәртебесі жөнінен үшінші орын алатын «Вуэльта» көпкүндігінің басталуына санаулы-ақ күндер қалғандықтан, еліміздің велоспорт басшылығы Виниге тәжірибе жинақтай тұру үшін Қазақстан құрамасында өнер көрсетуге мүмкіндік берген-ді. Алғашқы екі кезеңді жеңіл-желпі өткізіп, пелетонның ортасында келген Александр Винокуров бар күшін 3-Б кезеңіне салды. Себебі, бұл – велошабандоздарды сөреден жеке-жеке жіберетін тур. Ал жеке-жеке жарысу Сашаның басты көзірі екенінен барлығыңыз да хабардар боларсыздар. Қарапайым ғана мысал, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасында да қазақстандық саңлақ сөреден жеке-жеке жарысуда қоржынымызға күміс медаль салған болатын.

    Сонымен, Сайнт-Генис қаласында 8,8 шақырымға созылған қысқа ғана аламан жарыста мәре сызығын бірінші болып қиған Александр Винокуров екі жыл үзілістен кейінгі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл қашықтықты 9 минут 50 секундта жүріп өткен жерлесіміз «Силленс-Лотто» клубының майталманы Мичел Елизенді 10 секундқа артта қалдырып кетті. Ал үшінші болып көмбеге «Астананың» америкалық майталманы Крис Хорнер жетті. Осының арқасында жалпы есепте көш басына орналасқан Крис сары жейдеге иелік етті. Егер осы көпкүндікте «астаналық» саңлағымыз бас жүлдені иеленсе, онда бұл Кристофер Хорнердің 2009 жылдағы алғашқы жеңісі болмақ.

    Ал көшбасшыдан үш жарым минутқа қалып қойған Александр Винокуров жалпы есепте 22-орында келеді. Осы көпкүндіктен кейін Саша бірден Индонезияға аттануы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, Азияның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бұл мемлекетте бүгін Азия чемпионаты басталады. «Сарықұрлықтың» кіл мықты спортшылары бас қосатын байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының намысын Виниден бөлек, Андрей Мизуров, Дмитрий Фофонов, Валентин Иглинский, Максим Гуров, Алексей Колесов сынды майталмандар қорғайды. Жарыс 20 тамызға дейін созылады деп жоспарлануда.

    P.S. «Тур де Ляйн» көпкүндігі кеше кешкісін газетіміздің осы саны қатталып жатқанда аяқталды.

    Азиз ЖҰМАДІЛ

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание