Таланттар түсті көзге

    • Filled in News in Kazakh 29 Июнь 2010 в 4:53, author: Sake
    • Views: 2 258.

    Талдықорғанда велоспорттан Қазақстан чемпионаты өтіп, қызықты бәйгелерімен осы спорт түрі жанкүйерлерінің дегбірін алып бітті.

    Ел біріншілігіне «Тур де Франс» көпкүндігіне дайындалып жатқан Александр Винокуров, Дмитрий Фофонов, Максим Иглинский сынды әйгілі велошабандоздарымыз келе алмады. Әйтсе де Талдықорған мен Текелі арасындағы тас жолдарда болған аламан бәйгелер өте қызықты өтті. Біз осы бәйгелерді бастан-аяқ көре алмаған соң, велоспорттан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Олег Түсімхановпен тілдесіп, ел біріншілігін қорытындылап беруін өтіндік.

    07103

    – Ересектер арасындағы жеке жарыста тәжірибелі Андрей Мизуров топ жарды. Әрі өзінің осы бәйге түрінен еліміздегі ең үздік велошабандоздардың бірі екендігін биыл да дәлелдеп шықты. Екінші орынды Роман Киреев еншілеп, үшінші орынды 19 жастағы Данил Фоминых иеленді. Ол Алексей Колесов, Берік Көпешев және тағы да басқа көпшілікке танымал велоспортшылардан асып түсті. Ал топ бәйгеде Максим Гуров мәреге бірінші болып жетті. Асан Базаев күміс жүлдені қанағат тұтса, 19 жастағы Владислав Горбунов қола медальға қол жеткізді. Жастардың осылай тәжірибелі спортшылардың алдын орап, жеңіс тұғырына көтеріліп жатқандарына қуандық һәм риза болдық. Фоминых та, Горбунов та – кеше ғана жасөспірімдер арасында бәйгеге түсіп жүрген таланттар. Бүгін міне, ағаларына дес берер емес. Осылар біздің болашағымыз. Олар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғайды деген үміттеміз. «Астана» сапында елімізді ұятқа қалдырмайтын болады. Ал Раймбеков, Киреев сынды сенім артып отырған велоспортшыларымыз көмбеге жете алмай, жарыстан шығып қалды. Ұят қой. Ұят болғанда да, қандай?! Негізі, биылғы топ бәйге өте қиын әрі күрделі болды. Жолдарын айтамын. Жазық жол емес. Сондықтан болар бәйгеге түскен велоспортшылардың жартысына жуығы көмбеге жете алмай, тілдері салақтап, жолда қалды. Себебі велоспортшылар жарысты өте жоғары қарқында бастады. Бірден қамшыны басып, аралары бөлініп-бөлініп кетті. Жастар арасындағы бәйгелерде де лайықты ізбасарлар өсіп келе жатқандығын байқадық. Өкінішке қарай, бізде әйелдер арасындағы велоспортта алға жылжу байқалмайды. Осы чемпионатқа бар болғаны сегіз-ақ спортшы келді. Негізі, ел чемпионатына әр облыстан бір-екі спортшы қатысуы керек. Ал қанша жиналғанын жаңа айттым. Осылайша бізде әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатын өткізуге кворум болмай, жай ғана жарыс өткіздік, – деп қынжылды Олег Ахатаевич, өз сөздерін көңілді кейіпте бастағанымен.

    2010 жылғы Қазақстан чемпионатының нәтижелері:
    Жеке жарыс, ерлер, 50 шақырым

    1. Андрей Мизуров (Қарағанды обл.)
    2. Роман Киреев (СҚО)
    3. Даниил Фоминых (Алматы обл.)
    Топ жарыс, ерлер, 180 шақырым
    1. Максим Гуров (Қызылорда обл.)
    2. Асан Базаев (Астана)
    3. Владислав Горбунов (СҚО)
    Командалық жарыс, 75 шақырым
    1. Алматы облысы
    2. Солтүстік Қазақстан облысы
    3. Павлодар облысы
    Жеке жарыс, жасөспірімдер, 25 шақырым
    1. Иван Цисарук (Қарағанды обл.)
    2. Илья Давиденок (Астана)
    3. Алексей Луценко (СҚО)
    Топ жарыс, жасөспірімдер, 135 шақырым
    1. Тыныс Ақанов (ШҚО)
    2. Бақтияр Қожатаев (СҚО)
    3. Иван Чернявский (ШҚО)
    Жеке жарыс, әйелдер, 25 шақырым
    1. Наталья Стефанская (СҚО)
    2. Елена Антонова (БҚО)
    3. Валентина Ульбрихт (Қарағанды обл.)

    Нұрғазы Сасаев

    Алаш айнасы

  • Related Posts

      -- enable recent posts plugin --
  • Leave a Reply

    Анти-спам: выполните задание